Байыпты бастамалардың берері мол
Халқымызда: «Тірлік басқа болса да тілек бір, бармақ басқа болса да білек бір» деген аталы сөз бар. Өткен жыл егемен еліміз үшін түрлі саяси, экономикалық және әлеуметтік жетістіктерге толы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиімді реформаларының және тұрғындардың берекелі тірлігінің арқасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, бұрнағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 104,2 пайызға, инвестиция 175,3 пайызға, құрылыс 182,4 пайызға, тұрғын үй 101,2 пайызға, ауылшаруашылығы 90 пайызға, бөлшек сауда 132,2 пайызға орындалды.
Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз
Ауыл – алтын бесігіміз. Шалғайдағы елді мекендердің шаруасын шалқытып, еңсесін тіктеуде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызы зор. Бүгінде бұл бағытта ілкімді істер атқарылуда. Бұрнағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ауданда мүйізді ірі қара 1 850 басқа, жылқы 1 729 басқа, түйе 643 басқа, құс 319 басқа көбейген. Малшаруашылық өнімдерінің көлемі де ұлғаюда. 2023 жылы өндірілген ет көлемі 4,6 пайызға, сүт өнімі 5 пайызға артты. Аудандағы егістік жер көлемі 24 717 гектарды құрайды.
Оның 24 508 гектар алқабына ауылшаруашылық дақылдары орналастырылды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 279,5 гектарға артық. Жайылым жерлерін тиімді пайдалану мәселесі басты назарда. Осы орайда барлық ауылдық округтерде жайылымды пайдалану схемасы мен жоспары дайындалып, мәслихатпен бекітілді. Аудан халқын жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекен жерлері 72 470 гектардан 182 470 гектарға ұлғайып, қосымша 110 мың гектар жайылым аудандағы елді мекенге бекітіліп берілді. Бүгінгі таңда ауданда жайылым жетіспеушілігі жоқ. 2023 жылы пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша белгіленген 31,5 мың гектар жер толық қайтарылып, жоспар 100 пайызға орындалды.
«Сулы жер – нулы» дейді халық даналығы. Аудандағы суармалы егіс көлемі 3 950 гектарды құрайды. «Ынталы», «Бүркітті» суқоймаларына жиналған ағын су 16 канал жүйесімен суармалы алқапқа жеткізілуде. 2023 жылы «Бүркітті» каналына облыстық бюджеттен 113,8 миллион теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 2 шақырым болатын бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі 12 канал аудандық коммуналдық меншікке алынды. Соның нәтижесінде аудандық бюджеттен 48 миллион теңгеге 10 каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ауданда 34 мың гектар шабындық жер бар. Соның ішінде Талас өзенінің арнасында орналасқан шабындық жер 6 508 гектарды құрайды.
Осы жерде жыл сайын Талас өзенінің суын төменгі сағасына дейін жеткізу мәселесі туындап келеді. Бұл түйткілге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баса назар аударып, тиісті тапсырма берген болатын. Соған сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Шу өзенінің бойындағы шабындық жер 13 800 гектар көлемінде. Шу арнасымен келе жатқан ағын су Мойынқұм ауданы арқылы секундына 80 текше метрмен өтіп, аудан шекарасына жетуге 13 шақырым қалды. 2019 жылдан бастау алған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бүгінде өз нәтижесін беруде. Жоба Байқадам, Жайылма, Жаңаталап, Жаңаарық, Игілік, Түркістан ауылдық округтерінде жүзеге асты. Жалпы жобаны іске асыруға 3,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. 6 округке қарасты 14 елді мекенде 845 кәсіпкерді 2,9 несие беру және 6 кооперативті бірінші және үшінші бағыт бойынша 54,2 миллион теңгеге қаржыландыру жоспарланған болатын.
Сондай-ақ кооперативтерге 75 дана ауылшаруашылық техникаларын лизинг жүйесі арқылы алуға 552,6 миллион теңге, ауыл тұрғындарының шағын кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 36 жобаны қаржыландыруға 192,9 миллион теңге несие бөлу көзделген. Осы орайда 17 569 тұрғын, яғни 2 800 аула қамтылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жаңадан 235 жеке кәсіпкер тіркеліп, 264 жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 154 отбасыға төмендеді. Мал саны 25 715 басқа жетіп, 136 пайызға өсті. Ет өндірісі 128 пайызға, сүт өндірісі 119 пайызға ұлғайды. Бір отбасындағы орташа айлық табыс көлемі 38,1 мыңнан 97,5 мың теңгеге көбейді.
2024 жылдың наурыз-сәуір айларында «Ауыл аманаты» жобасы Тоғызкент, Досбол, Қамқалы ауылдық округтерінде жүзеге асырылады деп күтілуде. Нәтижесінде аудандағы ауылдық округтер бағдарламамен толық қамтылады. Бағдарламаның жаңа ережесіне сәйкес кәсіпкерлік бағытын дамытуға басымдық беріледі. Осыған байланысты несие алуға ниетті азаматтар кепілге қоятын жылжымайтын мүліктердің құжаттарын қазірден бастап реттей бергені дұрыс. Жобаның іске асырылуы тұрғындар табысының артуына, өндіріс пен салық көлемінің ұлғаюына оң әсерін тигізетін болады.
Инвестиция игілігі
Бүгінде мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Сарысу ауданында да бизнесті өркендету бағытында қол жеткен табыстар баршылық. 2024 жылдың 1 қаңтарына ауданда 5 084 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 4 628-і белсенді қызмет жасап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға артты. 2023 жылы кәсіпкерлерге 1 158 жобаны қаржыландыруға 1 619,4 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, «KMF» МҚҰ» ЖШС Жамбыл филиалының Жаңатас бөлімшесі арқылы «Бизнес бағдарламасы» бойынша ауданда жалпы қаражаты 1 068 миллион теңге көлемінде 1 112 жоба несиелендірілді.
Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген 6 пайыздық несиемен 46 жоба 551,4 миллион теңгеге қаржыландырылды. Енді ірі компаниялар мен инвестициялық жобаларға тоқталсам, бүгінде ауданда өнеркәсіп қызметі бойынша 13 кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Аудандағы ірі кәсіпорындардан облысқа 1,2 миллиард теңге, ауданға 1,1 миллиард теңге көлемінде салық түсіп отыр. Мұның бәрі халықтың тұрмысын арттыруға бағытталған шаралар. Қазіргі таңда ірі өнеркәсіп орындарында 2 872 адам еңбек етеді. Оның ішінде 2 699 азамат аудан тұрғындары. Кәсіпорындар тарапынан тұрақты түрде демеушілік, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда.
Атап айтқанда, 2023 жылы «Қазфосфат» компаниясы тарапынан 31 миллион теңгеге түрлі қайырымдылық шараларына қолдау көрсетілді. Мәселен, ауданның 95 жылдық мерейтойына орай аламан айтыс өткізу, Ораза айт кезінде бір ай бойы ауызашар беру, мектепке оқушыларды дайындау, өзен дамбасын күшейту, ардагерлерді демалыс орындарына жіберу сияқты игі шаралар ұйымдастырылды. Ал «Жаңатас жел стансасы» 25 миллион теңгеге Жаңатас қаласының орталық алаңынан жаздық үлкен сахна орнатып берді. Бұл шаралар ағымдағы жылы да жалғасын табады. Жалпы ауданда 577,4 миллиард теңгеге 4 ірі жоба іске асырылуда. Есепті кезеңде оның 32,8 миллиард теңгесі игерілді.
Атап айтқанда, «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС химиялық кешеннің құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 400 миллиард теңге. 2023 жылы салынған инвестиция көлемі 11 655 миллиард теңгеге жуықтады. «QazaqSoda» ЖШС кальцийлендірілген сода өндіру зауытының құрылысын қолға алып отыр. Бұл жобаның құны – 123,5 миллиард теңге. Былтыр 4 миллиард 898,9 миллион теңге көлемінде инвестиция салынды. Ал «Kazchemtrading» ЖШС цемент зауытын ашуға күш салуда. Осы мақсатта 4,5 миллиард теңге жұмсалмақ. Былтыр компания 52,1 миллион теңге инвестиция құйды. Сол сияқты «Сарысу Жел электр стансасы» ЖШС 49,4 миллиард теңгенің жобасын жүзеге асыруда. 2023 жылдың өзінде 26 миллиард 535 миллион теңге инвестиция салынды.
Құрылыста қарқын бар
Аудан аумағында 2023 жылы түрлі бағдарламалар аясында бірқатар құрылыс жұмысы жүргізілді. Атап айтатын болсақ, 159,5 миллион теңгеге Жаңатас қаласындағы 2 ықшамаудандағы бос тұрған №32 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Өтпелі нысан болғандықтан биыл 496,7 миллион теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары қайта жалғасады. Осы жерде айта кету керек, 2023 жылы әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге 184 пәтер сатып алынып, пайдалануға берілді. Жаңатас қаласы жылдан-жылға дамып келе жатқандықтан шағын шаһарға көшіп келушілердің де қатары артуда.
Қазіргі таңда аудан орталығында тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 1 501 адам тұр. Былтыр 222,5 миллион теңгеге «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Өндіріс ауылдық клуб үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 16,5 миллион теңгеге Жайлаукөл ауылдық клуб үйі бір жаңарып қалды. 20,2 миллион теңгеге жаңадан 2 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, 1 нысан ағымдағы жөндеуден өтті.Сол сияқты 245,1 миллион теңгеге Жайлаукөл ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жанданды. Қазынадан бөлінген 400,6 миллион теңгеге Жаңатас қаласындағы Абылайхан және М.Әуезов атындағы мектептер күрделі жөнделді.
«Ауыл – ел бесігі» жобасымен 194,4 миллион теңгеге Жаңаталап орта мектебінің спорт зал, жапсарлас асхана және мәжіліс залының құрылыс жұмыстары қолға алынды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша да ілгерілеушілік бар. 580,5 миллион теңгеге Жаңатас қаласындағы 4 және 5-ықшамауданға және «Құрылысшы» саяжайына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды.
Сондай-ақ 2,1 миллиард теңгеге «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «QazaqSoda» зауытының шекарасына дейін Ақкөл көлінен су тартқышты салу жұмыстарының бірінші кезеңі атқарылуда. Сонымен қатар 163,5 миллион теңгеге Жаңатас цемент зауытын электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы 5 елді мекеннің ауызсу жүйесіне күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарына 1,7 миллиард теңге бөлінді. Одан бөлек аудандық бюджет есебінен 52,3 миллион теңгеге Майлыкөл мен Ақтам ауылдарына кешенді модульді блогтар орнатылды. Жол жөндеу жұмыстарына да жіті көңіл бөлінуде.
Былтыр аудандық жол құрылысы саласына 632,3 миллион теңгеге барлығы 12 жоба іске асырылды. Мысалы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 278,7 миллион теңгеге Шағалалы ауылындағы 9,2 шақырымдық жол жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 298,9 миллион теңгеге 10 жоба жүзеге асса, жергілікті бюджеттен бөлінген 54,7 миллион теңгеге Қаратас көшесіне орта жөндеу жүргізілді. Көгілдір отын мәселесі де көпшілікті толғандырып отыр. Бүгінгі таңда 25 елді мекеннің бесеуі немесе 20 пайызы табиғи газбен қамтылған. 93,3 миллион теңгеге Шағалалы ауылын газбен жабдықтау жұмыстары толығымен аяқталды.
Бүгінде Сарысу ауданының 14 елді мекенін, соның ішінде Жаңатас қаласын табиғи газбен қамту мақсатында 2 ауқымды жоба қарастырылған. Атап айтқанда, бірінші жобамен Түркістан облысындағы №18 «Шалдар» АГТС маңындағы магистральдік газ құбырынан Жаңатас қаласына дейін жоғары қысымды газ құбырын салу көзделген. Аталған жоба аясында 98 шақырым (100 пайыз) газ құбыры тартылып, ағымдағы жылы «ЕвроХим» автоматтандырылған газ тарқату стансасы салынуда. Жобаға қажетті сома 11 миллиард теңге болса, бүгінгі таңда жұмыстың 56 пайызы аяқталды. Екінші жобаға сәйкес, Сарысу ауданындағы 14 елді мекенге жеткізуші және ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілуде.
Жобаланған газ құбырының ұзындығы – 362 шақырым. Соның ішінде бүгінге дейін 115 (32 пайыз) шақырымы тартылған. Жоба 13,2 миллиард теңгемен жүзеге асатын болса, қазіргі таңда 34 пайыз жұмыс аяқталды. Жобаның құрылысы 2024 жылға өтпелі. Аталған жобалар іске асқан кезде, Сарысу ауданының 14 елді мекендегі 39 582 адам табиғи газбен қамтылады. Ауданның газбен қамту деңгейі елді мекен саны бойынша 72 пайызға, ал халық санымен 94 пайызға дейін жетеді. Сонымен бірге, «Жаңатас қаласының орталық қазандығын газдандыру» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін жалпы 620,4 миллион теңге қаралып, жабдықтарды сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Білім саласындағы бетбұрыс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытуға айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Соның ішінде өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен білім сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді. Ауданда 27 мектеп бар. Онда 9 061 оқушы білім алуда. Жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында 1 906 мұғалім еңбек етуде. Жалпы білім саласын қаржыландыруға 2022 жылға 10 миллиард 948 миллион 144 мың теңге бөлінсе, 2023 жылы 12 миллиард 608 миллион 718 мың теңге қарастырылды. Ал 2024 жылы білім саласын қаржыландыруға 12 миллиард 430 миллион 917 мың теңге жұмсалады. Сарысу ауданында мектепке дейінгі 24 мекеме жұмыс істейді.
Ондағы 11 балабақшада 1 475, ал 13 шағын орталықта 438, барлығы 1 913 бала тәрбиеленуде. Балабақшаларда 1-3 жас аралығы бойынша 154 бала кезекте тұр. 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі мекемемен толық қамтылған. 2024 жылға 633 792,3 мың теңгеге 4 мектептің жобасы облыс әкімдігінің білім басқармасына ұсынылды. Оның ішінде: Өндіріс ауылындағы Ж.Отарбаев, Саудакент ауылындағы Б.Қашқынбаев атындағы, Тоғызкент ауылындағы Түгіскен, Ұ.Сыздықбаев ауылында орналасқан Сарысу орта мектептерін күрделі жөндеу қажеттілігі туындап отыр.
Қазіргі таңда осы аталған 4 жобаның біреуі ғана мақұлданды. Яғни «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ж.Отарбаев атындағы орта мектепті күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асады. Қалған 3 жоба нақтылану үстінде. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерді дұрыс бағытта тәрбиелеуде спорттың да маңызы зор. Бүгінде ауданда 257 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 2 спорт кешені, 1 стадион, 33 спортзал, 28 футбол алаңы, 179 спорт алаңшасы, 14 кіші зал бар. Қосымша қала және ауылдық елді мекендерде 64 балалар ойын алаңшасы ашылған. Былтыр осы салада айтулы көрсеткіштерге қол жеткіздік деп нық сеніммен айта аламыз. Жыл ішінде спортшыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда барлығы 755 медальға (180 алтын, 190 күміс, 385 қола) ие болып, мерейімізді үстем етті.
Сондай-ақ былтыр аудан көлемінде 140 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Енді биыл 237 спорттық іс-шара өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар осы жылы 6 елді мекенде, атап айтқанда, Саудакент, Жайылма, Маятас, Қызылдиқан, Ұйым, Жаңаталап ауылдарында спорт алаңшаларын орнату көзделіп отыр. Спорт – денсаулық кепілі. Саламаттылық салты тұрғындардың өмір сүру жасын ұлғайта түсуге оң септігін тигізетіндігі сөзсіз.
Осы орайда медицина саласында да жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Ауданда 28 денсаулық сақтау нысанында 709 медицина қызметкері еңбек етеді. Өңірдегі халық саны 44 127 адамды құрап отыр. Орталық аурухананың халықты тіркеу регистріне 38 178 адам тіркелген. Аудан 26 учаскелік аймаққа бөлінген, орташа бір аймаққа тіркелген тұрғындар саны – 1 526 адам. Аудандағы мәдениет саласына жыл сайын ерекше көңіл бөлініп, түрлі жобалар қолға алынуда. Жалпы ауданда барлығы 2 мәдениет үйі, 17 ауылдық клуб, 26 кітапхана бар. 2023 жылы 2 733 мәдени іс-шара өткізіліп, 103,7 мыңнан астам адам қамтылды. Есепті мерзімде Сарысу ауданының 95 жылдығы, Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығы, Төкен Мақашевтың 100 жылдығы, Пернебей Дүйсенбиннің 80 жасы, Төлеу Үшқоңыровтың 85 жасы, Бергентай Нұрмаханұлының 75 жасы сияқты атаулы күндер кең көлемде аталып өтті.
Биыл үлкен абыроймен аса ірі дастаншы, ақын-жырау Майкөт Сандыбайұлының 200 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Әлеуметтік салада да өзгеріс көп. 2023 жылы 323 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұрнағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы саны 172-ге азайды. Жалпы 3 867 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Биылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша ауданда 730 жұмыссыз азамат есепте тұр. Әрине, қандай іс болмасын бірден жүзеге аспайды. Ол үшін жұмыр жоспар керек. Бұл тұрғыда Сарысу ауданы әкімдігі тарапынан нақты ұсыныстар дайындалған.
Қаржылық мәселелерге тікелей байланысты жобалар да баршылық. Мысалы, 2024 жылға 14,8 миллиард теңгеге 44 жоба әзірленген. Оның ішінде 17 жоба қолдау тауып отыр. Олардың қатарында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Тоғызкент ауылындағы Т.Аубакиров және Есмырза көшелерінің жол жабынын орташа жөндеу қарастырылған. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 5,7 миллиард теңгеге 11 жоба іске асады.
Соған сәйкес алдағы уақытта халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алу, кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге республикалық бюджеттен кредит беру, Саудакент ауылының су құбыры желілерін қайта жаңғырту, Маятас ауылында 50 оқушыға арналған мектеп құрылысын жүргізу, Жаңатас қаласындағы жылу жүйесін жөндеу сияқты маңызды шаруалар күтіп тұр. «Облыстық дамыту бағдарламасы» аясында 3 жобаға 70,8 миллион теңге бөлініп, Жайылма, Қамқалы, Түркістан ауылдық округтерінде биотермиялық шұңқыр құрылысы жүргізіледі. Бұлардан басқа құны 7,9 миллиард теңгені құрайтын, мемлекеттік сараптамадан өткен 27 инвестициялық жоба алдағы нақтылауда қаралатын болады. Оның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 19 жоба ұсынылып отыр.
Жекелей тоқталсақ, Жайылма-Маятас ауылдарының ауызсу жүйесін күрделі қалпына келтіру, Жаңатас қаласындағы полигонға электр желісін тарту, Арыстанды ауылында клуб үйін салу, Сарыөзек, Жаңа Кәрітоған каналдарын қалпына келтіру, Жаңатас қаласы Құрылысшы массивіне кәріз құбырының, Бүркітті жаңа алқабына су құбыры) және 5 А ықшамауданына су құбыры және кәріз желісінің құрылысын жүргізу секілді көптеген жоспар бар. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдерге қойып отырған талабы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес халықпен бірге болу, олармен қоян-қолтық араласа жүріп елге қызмет ету.
Азаматтармен ашық жұмыс істеп, тұрғындардың талабын барлық уақытта тыңдап, қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізіп келеміз. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Аудандық ардагерлер кеңесімен, ауыл ақсақалдарымен тығыз қарым-қатынас жасап, қариялармен жиі бас қосып, кездесулер мен қабылдаулар өткізіп отырмыз. Әр ауылдың өзіне тән мәселелері бар. Қала ішін және әр елді мекенді кестеге сәйкес жиі аралап отырмыз. Мұндағы мақсат – аудандағы өзекті мәселелерді көзбен көру. Қазіргі таңда әр саладағы, әр елді мекендегі маңызды деген проблемаларға жеке-жеке талдаулар жасалынып, оларды шешуді кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған. Жұртшылық игілігіне бағытталған жұмыстар жүйелі жалғаса беретін болады.
Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі