«Ауыл» жастарына «Болашаққа» жол ашылуда
Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша кейінгі жылдары ауылдағы жас мамандарға квота бөлініп, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда ауыл жастары бұл жеңілдіктерді толыққанды пайдалана алмай отыр.
Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауыл жастарының шетелдік жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші өте төмен. Соңғы 3 жылда тек 5 адам ғана оқуға түскен. Аталған мәселенің оң шешімін табу мақсатында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы өткен жылдың қараша айында өзара ынтымақтастық жайында меморандумға қол қойған болатын.
Меморандум аясында Халықаралық бағдарламалар орталығы мен «Ауыл» партиясы ауылдық жас мамандарды «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында оқыту және тағылымдамадан өткізуде бірлесе жұмыс істеуге келіскен еді. Жуырда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы аталған мәселеге байланысты Халықаралық бағдарламалар орталығы басшылығымен кездесу өткізді.
Жиында партияның орталық аппаратының басшысы Қуаныш Сейітжанов, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Таңсәуле Серіков, Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы Әлия Оспанова, сондай-ақ онлайн режимде аудандық мәслихат депутаттары, аудандар және ауылдық округтердің әкімдері, «Ауыл» ХДПП өңірлік филиалдарының төрағалары мен жастар қанатының жетекшілері қатысты.
Жиында қос тарап шетелдерде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алушы ауыл жастары санын арттыру мақсатындағы бірлескен жұмыс жайын, атап айтқанда, ортақ насихат топтарын ауылдарға бағыттау, ауылдық үміткерлердің шет тілін талапқа сай меңгеруіне жағдай жасау, жергілікті жердегі аграрлық мамандық иелерін, медицина қызметкерлері мен мұғалімдерді кәсіби тағылымдамадан өткізу мәселесін талқылады.
Кездесуде сөз алған Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков бағдарламада ауылдықтар үшін тек магистратурада білім алу қарастырылғанын, тағылымдама мен докторантура ұмыт қалғанын айтса, партияның орталық аппараты басшысы Қуаныш Сейітжанов: «Ауыл» партиясы қашанда халықпен бірге.
Жиын соңында кездесуге қатысушылар ұйымдастырушыларға бағдарламаға қатысты сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты. Ұйымдастырушылар өз кезегінде қойылған сұрақ, көтерілген мәселе, берілген ұсыныстың ешқайсысы да ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Осы орайда айта кетейік, өткен аптада ғана Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірлескен кеңес өткізді. Кездесуге жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері де қатысты.
Жиында «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» секілді су саласының мамандықтары қосылды. Нәтижесінде биылдан бастап қазақстандық студенттер аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алатыны баяндалды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 оқу орны су саласының мамандарын даярлайды.
Ал қазіргі уақытта су мамандықтары бойынша 2 500-ге жуық студент оқиды. – Біз үшін су саласы мамандығын тартымды ету маңызды. 2024 жылдың басынан бері сушаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 22 пайызға өсті.
Талғат Нұрханов