Дала жұмыстарына дайындық ойдағыдай
Көзді ашып-жұмғанша қыстың екі айы артта қалды. Енді санаулы күндерден кейін көктемгі егіс жұмыстары басталады. Көктемнің әр күні жылға азық екенін жақсы білетін жамбылдық диқандар бүгінде соқа-сайманын сайлап, техникасын майлап, жауапты науқанға дайындық жұмыстарын үдете түсуде.
Жуырда «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңес отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жайы қаралып, ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қазіргі қалыптасқан ахуалды баяндады. Вице-министрдің мәлімдеуінше, 2024 жылы еліміздегі егістік алқабы 24,1 миллион гектарды құрайды. Егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 5,2 мың гектарға артса, жемшөп дақылдарының алаңын да 62,5 мың гектарға (3 200 мың гектар) ұлғайту жоспарланып отыр екен.
– 2024 жылдың өніміне 2,4 миллион тонна тұқым қажет. Тұқымның 92 пайызы 15 қаңтарға дейін себілді. Фермерлер 2,2 миллион тонна көлемінде тұқым қорын құрды. Сараптамаға 1,4 миллион тонна жаздық дақылдар тұқымы түсті. Тексерілген тұқым көлемінің 79,1 пайызы кондициялы деп танылды және егіс стандартының 1 және 2-сыныптарына сәйкес келеді. Жалпы тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 12,8 миллиард теңге қарастырылған.
Яғни 399,4 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 76,1 мың гектарға майлы дақылдар, 11,5 мың гектарға картоп, 37,1 мың гектарға көкөніс және 16,3 мың гектарға бақша дақылдары, 219,7 мың гектарға мал азығы дақылдары егіледі.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына дайындық қарқынды жүргізілуде. Жауапты науқанды ойдағыдай өткізу үшін сала мамандары, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер ерте бастан қам жасап, жұмылған жұдырықтай болып бірлесе еңбек етуде.
– Дала жұмыстары жер жыртып, дән себумен шектелмейді. Диқандарды сапалы тұқыммен, тыңайтқышпен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, техникаларды дайындау және басқа да маңызды мәселелерді ұмыт қалдыруға болмайды. Бұл ретте жоспарлы жұмыстардың барлығы өз деңгейінде атқарылуда.
Мәселен, қазіргі уақытта егінге қажетті 89,3 мың тонна тұқымның 75 мың тоннасы дайын. Тұқымның дайындығы 83,9 пайызды құрайды. Жетіспейтін тұқым көлемі облысымыз бен көрші өңірлердегі тұқым өндіруге және сатуға аттестатталған шаруа қожалықтар тарапынан толықтырылатын болады.
Одан бөлек 226,3, мың гектар алқапқа 56,3 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіру жоспарланса, 65,2 мың гектарға су үнемдеу (43,9 мың гектарына тамшылату, 21,2 мың гектарына жаңбырлату) технологияларын енгізу көзделуде.
Дала жұмыстарына (ақпан-мамыр айларына) жалпы 10,8 мың тонна дизель отыны бөлінді. Облыс бойынша әлеуетті таратушы операторларды тағайындау шаралары қолға алынды. Сонымен қатар дала жұмыстарына 7 311 ауылшаруашылық техникасын жұмылдыру жоспарланған. Оның 4 585-і трактор, 1 234-і соқа, 580-і қопсытқыш, 826-сы дәнсепкіш, 92-сі тұқым дәрілегіштер. Қазіргі уақытта техникаларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мақсатында биыл «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 1 миллиард теңге қаржы қарастырылған, – дейді Н.Жігітеков.
Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы өңірде қант қызылшасы дақылы 10,8 мың гектарға егіліпті.
Ал биыл 1 000 гектарға аз, яғни 9,8 гектарға тәтті түбір орналастыру жоспарлануда. Нұрби Рахметханұлы қант қызылшасының егістік алқабының қысқаруын су тапшылығымен байланыстырды.
– 2023 жылы қант қызылшасы егілген 10,8 мың гектардың 6,2 мың гектары облыстағы қуаңшылыққа байланысты жарамсыздыққа ұшырады. Қалған 4,6 мың гектарынан 192,2 мың тонна өнім жиналып, 190,5 мың тоннасы қант зауытына өткізілді.
Тәжірибелі диқандар болса, ендігі кезекте көктемгі ылғал жабу жұмыстарын тыңғылықты жүргізу қажет екенін айтып отыр. Себебі ылғал топыраққа сіңбей ұшып кетсе, көкөскіннің бой салып көтерілуі қиын екен.
– Егін шығымдылығы жер құнары мен ылғалға байланысты екендігі белгілі. Бір жылдары ерте еккендер ұтып, кеш еккендердің егіні көтерілмей қалды. Ең бастысы, тұқым себетін уақытты қалт жібермеу қажет. Өйткені кеш егілген арпа-бидай енді шығып келе жатқанда жаңбырсыз аптап ыстыққа ұрынатын болса, әрі қарай бойлай алмай бір қарыс болып қалады.
Естеріңізде болса, өткен жылы көктем жауын-шашынды болып, диқандар егін егу науқанын ойдағыдай аяқтағанымен бірнеше ай көктен тамшы тамбады.
Алайда көктемгі ауа райының қалай құбылатынын ешкім білмейді. Әйтеуір жел тұрып, жердің ылғалы кеуіп кетпесе екен деп тілейміз. Өткен жылғыдай құрғақшылық пен қуаңшылық қыспаққа алатын болса, жағдайымыз мәз болмайды, – деген таластық шаруа Серік Асылбекұлы биыл су тапшылығына байланысты егінді бұрнағы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе аз егетінін айтты. Рас, кейінгі бірнеше жылда елімізде су тапшылығы диқандар қауымының арқасына аяздай батып тұр.
Мәселен, өткен жылы өңіріміздің 6 ауданында табиғи сипаттағы өңірлік ауқымда төтенше жағдай режимі жарияланды. Еліміздің өзге өңірлерінде де ахуал мәз болмады. Сол себепті де ел Үкіметі су тапшылығының алдын алуға айрықша көңіл бөліп, кешенді жұмыстарды қолға ала бастады. Айталық, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданды.
Тұжырымдама аясында алдағы жылдары 20 жаңа суқойма салу және 15 жұмыс істеп тұрған суқойманы реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр. Су тапшылығын азайту мақсатында тұжырымдамаға сәйкес басқа да нәтижелі жұмыстар жүргізіліп, 2030 жылға қарай суармалы жер көлемі 2,5 миллион гектарға дейін кеңейтілмек.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су үнемдеу технологияларына көшуге басымдық берілуде. Жуырда ҚР Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы облысында шаруа қожалық жетекшілерімен, отандық суару жүйелерін өндірушілермен кездесіп, су үнемдеу технологияларына жаппай көшу және оған қажетті шараларды қабылдау мәселесін талқылады.
Су ресурстары және ирригация министрінің мәлімдеуінше, бүгінде Қазақстанда 2,3 миллион гектар суармалы жер бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 миллион гектар нақты суармалы жердің 75 пайызы борозда әдісімен, 6 пайыз күріш алқаптарын суға бастыру, 21 пайыз қазіргі заманғы тамшылатып суару немесе жаңбырлату арқылы суарылады.
Ал Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2020 жылдан бастап су үнемдеу технологиялары енгізілген алаң 91 мың гектарға ұлғайған. Бұған фермердің суару жүйелерін сатып алуға, су алу және беру үшін инфрақұрылым жүргізуге жұмсаған шығындарының 50 пайыз өтелуі себеп болыпты.
Айдарбек Сапаров: «Фермерлерді заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Су беру қызметтерінің құнын субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді субсидиялар мөлшері суару тәсіліне байланысты болады, яғни су үнемдеу технологияларын қолданбай суару кезінде су беру тәсіліне қарамастан тарифтің 50-75 пайызы, ал су үнемдеу технологияларын қолданумен 60-85 пайыз субсидияланады.
Талғат Нұрханов