Әлеумет

Бәрі де халықтың қамы үшін

Облыстық әлеуметтік оңалту орталығында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен алқа мәжілісінің отырысы өтті. Онда өңірде еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуы мен халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету мәселелері қаралды. Жиында алдымен облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов аталған басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және осы жылға қойылған міндеттері туралы баяндады.

 – Біздің мекеме – облыста Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Өткен жылы облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында жоспардан тыс 149 тексеру мен 11 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 177 бұзушылық анықталды. Оның ішінде143-і еңбек қатынастарына, 32-сі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға, екеуі халықты жұмыспен қамтуға қатысты болып отыр.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 72 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 5 ескерту және 14 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы шығарылды. 4,6 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, олар толық өндірілді. Нәтижесінде 175 еңбек заңнамасының бұзушылықтары жойылды. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 141, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға байланысты – 32 және 2 халықты жұмыспен қамтуға қатысты олқылық жойылды.

Сонымен қатар еңбек инспекторлары арқылы басқармаға келіп түскен 888 жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарының 706-сы өндіріске алынып, 72-сіне түсіндірме берілді. 110 арыз-шағым тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Еңбек тәуекелдерінің алдын алу бағытына тоқталатын болсақ, өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ахуалдық орталығында облыстың тәуекелді кәсіпорындары ретінде 7 кәсіпорын енгізілді. Атқарған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күнге екі кәсіпорын ахуалды орталықта бақылауда тұр. Олар – «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамы мен «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

«Жамбыл электр желілері» ЖШС-ның облыс көлеміндегі бөлімшелерінің қызметкерлері еңбекақыларын көтеру мәселесі бойынша наразылық білдіріп, бүгінгі күнге атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұл түйткілдің түйіні тарқатылды. «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде орын алған еңбекақыға қатысты қарыздары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өз шешімін тапты. «Айя Сервис» ЖШС-ның да жалақы қарызы жұмысшыларға толық төленді.

«Қамқор Локомотив» ЖШС-ның «Тараз локомотив жөндеу депосы» филиалына қатысты 2022 жылдың 13 желтоқсанында әлеуметтік желіде депоның қызметкерлерінің қатысуымен бейнетаспа жарияланған болатын. Жиналған жұмысшылар сыйақы төлеу және айлықақыны 100 пайызға көтеру талаптарын алға тартқан еді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылдың 1 сәуірінде айлықақы 5 пайызға, 1 шілдеде тағы 5 пайызға, олардың жалпы еңбекақысы 10 пайызға көтерілді.

«Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені филиалының автомобильді көлік цехы жұмысшылары айлықақының 30 000 теңгесін 1 шілдеден емес, 1 маусымнан көтеру, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені бас директоры Марғұлан Макишевті жұмыстан босату туралы талаптар қойған болатын. Бүгінгі күнге аталған талаптар толығымен орындалды. «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамы мен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ында да жұмысшыларға берілуі тиіс еңбекақы қарызы орын алып, бүгінгі күні оны толық төлету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалақы қарызы бойынша мәселелер әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында қаралып, кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалып отырады.

Баяндамашының сөзінше, осы басқарманың қызметкерлері бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша да тиісті жұмыс жүргізген. Мәселен, 2 056 жұмыс берушідегі 5 547 бейресми жұмыспен қамтылған жұмысшының еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылыпты.

Еңбек қатынастары заңдастырған жұмысшылар жайына келер болсақ, ең төменгі көрсеткішті Сарысу, Жуалы аудандарымен қатар тағы да Тараз қаласы көрсетіп отыр екен. 2023 жылдың 1 желтоқсанында Ұлттық статистика бюросының статистикалық есебі бойынша, облыста тіркелген заңды тұлғалардың саны – 12 095-ті құраған. 2024 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша 11 659 ұжымдық шарт басқармадан мониторингтен өткізілген. Бұл аталған кәсіпорындардың 96,4 пайызы.

Ұжымдық шартты бекіту бойынша да 86 пайызбен Тараз қаласы, 95 пайызбен Қордай ауданы ең төменгі көрсеткішке тұрақтапты. Еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу бағытында басқарма тарапынан жоспарлы жұмыстар атқарылған. Мәселен, былтыр қызметтік міндеттерін атқару барысында 51 жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 66 адам зардап шеккен. Оның ішінде 22 адам ауыр, 35-і жеңіл жарақат алып, 9 адам қайтыс болған.

Жазатайым оқиға орын алғанда 25 адам 11 топтық жазатайым оқиғадан зардап шеккен екен. – 2022 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар 41,7 пайызға, ал зардап шеккендер саны 43,4 пайызға артты. 2022 жылы 36 оқиға бойынша 46 адам зардап шеккен болатын. Ал қайтыс болғандар саны 4 бірлікке немесе 30,7 пайызға төмендеді, 2022 жылы 13 адам қаза тапқан еді.

Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексерулер жүргізіліп, материалдары ішкі істер органдарына жолданды. Сонымен қатар әр жазатайым оқиға бойынша жұмыс берушілерге орын алған жазатайым оқиғаның себептерін жою және алдын алу жөніндегі іс-шаралар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауда тұр.

2023 жылы әлеуметтік-еңбек жағдайларының ахуалын жақсартуға бағытталған көптеген шара атқарылды. Атап айтар болсақ, облыста жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған 185 іс-шара ұйымдастырылып, 261 бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желі арқылы ақпараттық және хабарламалық материалдар жарияланды.

Одан бөлек облыстың әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Былтыр барлық деңгейде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың 130 отырысы өткізілді. Оның 8-і облыстық, 122-сі аудандық және қалалық комиссия отырысы.

Өткен жылдың ішінде, яғни ақпан, тамыз айларында бірнеше рет өндірістік жарақат қайталанған кәсіпорындардың мәселесі үшжақты комиссия отырысында қаралып, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы», «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС басшыларының есептері тыңдалды, бұл бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу туралы тапсырмалар берілді. Нәтижесінде «Қазфосфат» ЖШС-ында өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті жақсарту бойынша автоматты және қашықтан басқару және реттеу жүйелері (құрылғылары), жұмыс орындарында қауіпті және зиянды өндірістік факторлар деңгейлерін автоматты бақылау және сигнал беру жүйелері енгізілуде. Сондай-ақ қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әрекет ету орындарында қауіпсіздік белгілерін, плакаттарды орналастыру, жабдыққа сигналдық түстерді жағу жүргізілуде. 2023 жылдың мамыр-қазан айларында «Қазэкспертпром» ұйымы «Қазфосфат» ЖШС-ында еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестаттаудан өткізді.

Еңбек қауіпсіздігі бойынша штат бірлігі 20-дан 30 бірлікке ұлғайтылыпты. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігі және өрт қауіпсіздігіне жауапты басшыларды ауыстыру, еңбек қауіпсіздігін бақылау-қадағалау бойынша сарапшы-мамандарды оқыту, еңбек және өрт қауіпсіздігі бойынша түнгі кезекші инженерлерді анықтау, ауысыммен еңбек ету жұмысын жүргізу есебінен бақылау екі есе арттырылған екен.

– 2023 жылдың 4 желтоқсанында облыс әкімдігі мен «Қазфосфат» ЖШС арасында екіжақты меморандум жасалды. Меморандумда ұжымдық шарт аясында кәсіпорын қызметкері жазатайым оқиға салдарынан жарақат алып, жұмысқа жарамсыз болып танылған немесе қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелеріне еселенген мөлшерде тиісті өтемақы төлеу көзделді.

Жұмысшының еңбек ету барысында зиянды және қауіпті факторлардан қорғану киімдері, қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуі, кәсіпорынның жабдықтарын жаңарту және тағы басқа бірқатар мәселе қарастырылған. Сонымен бірге жұмыс орындарында еңбекті қорғау талаптарының сақталуына, қызметкерлердің арнайы киіммен, аяқкиіммен және басқа да жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуіне бақылау күшейтілді.

Мойынқұм ауданында өткен жылдың 17 тамызында көшпелі үшжақты комиссия отырысы өткізіліп, ірі кәсіпорындар басшыларына еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жалпы өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайларында зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында кәсіпорындарда «Халықтық бақылау» жобасы мен «Нөлдік жарақаттану – «Vision Zero» тұжырымдамасын енгізу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күнде облысымызда «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясын 18 кәсіпорын және «Халықтық бақылау» жобасын 13 кәсіпорын енгізді. Одан бөлек еңбек саласын цифрландыру, E-HR жүйесіне еңбек шарттарын енгізу жұмыстары облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарындағы «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасындағы «Электрондық нысанда тіркелген еңбек шарттарының үлесі» бойынша 2023 жылға 100 пайыз жоспар қойылған.

Бұл жоспар 98 пайызға орындалды. Нақты айтсақ, 184 733 еңбек шартының 180 814-і ақпараттық жүйеге енгізілді. Бірегей кәсіпорындар бойынша 6 569 еңбек шартының 5 857-сі ақпараттық жүйеге қосылып, бұл 89 пайызды құрап отыр. Еңбек саласын цифрландыру бойынша Тараз қаласы тағы да 95 пайызбен ең төменгі көрсеткішті көрсетіп отыр.

Алайда басқа аудандар да қойылған межені 100 пайыз толық орындамады. Жоғарыда аталып өткен мәселелер бойынша жұмыстар осы жылы да жалғасын таппақ. Осы орайда Тараз қаласы мен тиісті аудан әкімдері өз аумағында орналасқан кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысын көтеруі, бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың еңбек қатынастарын заңдастыруы, көлеңкелі экономикадан шығаруы, әлеуметтік еңбек саласын цифрландыруы қажет.

Сондай-ақ кәсіпорындарда орын алған жалақы қарыздарын анықтап, жұмыстар жүргізу, ол туралы ақпаратты уақытылы ұсыну, еңбек даулары туындау қаупі бар кәсіпорындарды анықтау бағытында тиісті жұмыстарды жүргізіп, қатаң бақылауға алуы керек, – деді Жарылқасын Әбдіғапарұлы. Өз кезегінде сөз алған Нұржан Календеров: «Жыл қорытындысы бойынша облыс әкімінің төрағалығымен өтетін үшжақты комиссияның отырысында осы мәселелер тағы қаралады.

Тақырыпқа қатысты орындалмаған немесе басқа да келеңсіз жайттар сол кезде де жойылмаса, жауапкершілікті қарау бойынша облыс әкімінің атына ұсыныс енгізіңіздер. Электрондық нысанда тіркелген еңбек шарттарының үлесі» бойынша олқылық Тараз қаласына тиесілі болып отыр. Жалпы облыс халқының үштен бірі Тараз қаласында түрады, бұл түсінікті. Дегенмен тиісті межені орындауда жұмысты күшейту қажет.

Былтыр 37 941 жұмысшының еңбекақысы орта есеппен 19,5 пайызға көтерілді. Осы жылдың басынан бастап ол жұмыстар қайтадан қолға алынып, еңбекақыны көтеру бойынша барлық іс-шаралар қабылдануы керек. Осы тұста да бізде кемшіліктер бар екенін айта кету керек. Кәсіпорындармен жұмыс жүргізуде істі мандытпаған тағы да Тараз қаласы және Қордай ауданы. Егер кезінде осыған қатысты жұмыс нақты жүргізілсе, онда тәуір нәтиже болар еді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов сөз алып, былтыр атқарған жұмыстарының қорытындысы мен 2024 жылға қойылған міндеттер жайлы есеп берді.

Жиында Еркін Егембердіұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес өңірде 13 454 жұмыс орнын ашу көзделгенін, есепті кезеңге 15 036 жаңа орын ашылғанын, 21 045 адам жұмысқа орналастырылғанын тілге тиек етті. – 2023 жылы аталған ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 66 202 адам тартылып, көрсеткіш 122,2 пайызға орындалды.

Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 45 253 адам болса, есепті кезеңге 51 796 азамат жұмысқа орналастырылып, жоспар 114,5 пайызға орындалыпты. Сонымен қатар тұрақты жұмысқа 36 018 адам жолданып, көрсеткіш 113,5 пайызды құраған.

Басқарма басшысының айтуынша, осы жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 60 622 адамды тарту көзделсе, оның 31 746-сы тұрақты жұмыс орындары болмақ. 2024 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқыту курстарымен 9 075 адамды қамтып, 1 008 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды беру жоспарланған. 2024 жылдың 1 қаңтарына атаулы әлеуметтік көмек 7 940 отбасындағы 42 222 адамға төленіпті.

Өткен жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда АӘК алушылар 1 279 отбасы 6 076 адамға, яғни 12,6 пайызға кеміген. – Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасындағы 13 344 балаға 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда ай сайынғы қосымша төлем берілді. АӘК алушылар қатарындағы еңбекке жарамды мүшелерінен 8 986 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

Ал 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 55 423 адамды қамту жоспарлануда, ол үшін барлығы 4842,9 миллион теңге қарастырылған. АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда қосымша төлемге 915,4 миллион теңге қаржы қарастырылып, 15 786 баланы қамту жоспарлануда. Бүгінде облыс бойынша 45 715 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде І топтағылар – 4 424, ІІ топтағылар – 16 756, ІІІ топтағылар – 17 636 адам. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі барлар саны – 6 899.

Алқа мәжілісінде Еркін Егембердіұлы 2023 жылы Тараз қаласында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға оңалту және бейімдеу көпсалалы орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенін, ардагерлерге арналған 120 орындық «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы және 110 орындық «Аутизмі бар балаларды қолдау» орталығы ашылып, жұмыстарын атқарып жатқанын да тілге тиек етті. – Өткен жылы облыстық көрсеткіштер артығымен орындалғанымен облыстан төмен көрсеткіш тек қана Тараз қаласында орын алып отыр.

Кемшіліктер мүгедектігі бар азаматтарды сурдотехникалық, тифлотехникалық құралмен, кресло-арбамен, протез-ортопедиялық көмекпен, компенсаторлық, гигиеналық құралдармен және санаторлы-курорттық емделумен қамтамасыз ету бағытында да кездесті.

Бұл бойынша Тараз қаласы мен Жуалы және Шу аудандарында төмен көрсеткіш орын алды. Осы жылы мүгедектігі бар адамдарды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды толық қамтамасыз ету үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарнамалау жұмыстары тиісті деңгейде орындалуы қажет. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасының 84-тармағына сәйкес, 2024 жылы стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 80 пайызды құрауы тиіс. Осыған байланысты 2024 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

Тараз қаласы мен аудандарда мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптасуы үшін тиісті нысандар бейімдеуден өткенімен мүгедектігі бар азаматтарға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2023 жылдарға арналған жол картасына бейімделген нысандардың суреттері мен деректерін енгізу ісі тиісті деңгейде жүргізілмеді. Тек Меркі ауданында ғана бұл іс толығымен атқарылып отыр. Ал Байзақ, Шу, Талас, Сарысу аудандарында ақпарат толық енгізілмеуіне байланысты нысандар санының үлесі жоспардың тиісті пайызынан төмен болып отыр, – деген басқарма басшысы бұдан да басқа бірқатар кемшілікке тоқталды.

Басқасы басқа, мүгедектігі бар азаматтар үшін қоғамда қолайлы орта қалыптастыру, оларды әлеуметтік жағынан сауықтыру, стационарлық жағдайда әлеуметтік қызмет көрсету, халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету ісінде шикілік болмауы керек. Еркін Келесовтің өзі басқаратын басқармаға қарасты мекемелерде орын алып жатқан олқылықтарды жасырмай, кемшілікті қалпына келтіру, тапсырманы тиянақты орындауды жауаптылардан талап етуі орынды.

– Негізінде өңірде әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда облыстық деңгейдегі тиісті көрсеткіш орындалды. Республика бойынша да қажетті межеге қол жеткіздік. Әйтсе де кейбір аудандар мен Тараз қаласында бұл сала бойынша да бірқатар көрсеткіште кемшіліктер орын алып отыр.

Баяндамада айтылғандай, меже орындалмаған, дұрыс орындалмаған немесе мүлде жұмысқа кіріспеген секілді олқылықтарға жол берілген. Сол себепті кемшілікті жою – біз үшін маңызды міндет. Әсіресе осы жылы дұрыс көрсеткішке қол жеткізуіміз үшін бірқатар іс-шара қабылдауымыз қажет.

Ол үшін тиісті аудандар нәтижеге жұмыс істеуі керек. Оның өзінің жоспары, алгоритмі, мақсаты болады. Алдымен соны анықтап алу маңызды. «Тапсырма талабы – нәтиже», осыны біз сіздерден талап етеміз.

Жауаптыларға тәртіптік немесе басқа да шаралар қолдану бойынша ұсыныстарыңыз қосымша енгізіле жатар, бастысы жұмыс жүруі керек, – деді Нұржан Календеров. Жиында Шу ауданы мансап орталығының директоры Ержігіт Омбаев, Тараз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гауһар Олжабаева, аутизмі бар балаларды қолдау орталығының директоры Рашида Каримованың есептері тыңдалып, сұрақтар қойылды.

Жиын қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек қатынастарын реттеу жұмыспен қамту, түрлі жеңілдіктер мен жобаларды сәтті іске асыру бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеліп, бірқатар тапсырма берілді.

Нұрым Сырғабаев