Руханият

Аспараның ашылмаған құпиясы көп

Аспараның ашылмаған құпиясы көп

Тарихы терең, күллі Түркі әлемінің кіндігі болған Меркі жері сонау ықылым замандардан бергі бар құпияның куәгері іспетті. Ондағы тасқа жазылған жазулар мен балбал тастар, тарихи қорымдар мен қорғандар өлкенің өткенінен үнсіз ғана сыр шертеді.

Тарих тақталарында Меркімен бірге Аспара қалашығы да қатар аталады. Тарихи деректерде тасқамал бекініс ретінде суреттелген қаланың бүгінде тек төбешік болып орны ғана қалған. Сол көмілген төбешіктің астында талай өркениет пен мәдениеттің жатқаны анық. Алайда ол бізге шешілмеген жұмбақ болғандықтан оны зерттеп, жарыққа шығару – тарихымызды танытып, болашаққа бастайтын ізгі амал болмақ. Міне, осындай ізгі амал республикалық деңгейде қолға алынып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Аспара және шаруашылық қалашықтарындағы ХІІІ-ХV ғасырлардағы кейінгі ортағасырлық мәдениет» жобасының аясында Ә.Марғұлан атындағы археология институтының «Шу-Талас» археологиялық жасағы қазба жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстары барысында қалашық орнынан ХІV ғасырға тән орнаменттермен өрнектелген плиталар, ХІІІ-ХІV ғасырларға тән жебе ұштары, Х-ХІV ғасырлардағы күміс пен қоладан жасалған әртүрлі монеталар, оның ішінде Х ғасырдағы Қытай және Самарқанд монеталары, ХІ-ХІІ ғасырға тән Қарахан монеталары, ХІV ғасырдағы Әмір Темір монеталары, сондай-ақ ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың басына сәйкес келетін Шағатай монеталары және көк глазурьмен боялған тастар табылды. Археологиялық жұмыстар барысында табылған маңызды жәдігерлердің ішінде ең ерекшесі – VІІІ ғасырда өмір сүрген Түркештердің ерлері таққан мыс сырға мен белдіктің ұшы болды. Археологиялық жасақ жетекшісі Алексей Рогожинский: – Бұл жәдігерлердің дәл осы жерден табылуы Аспара қалашығының моңғол шапқыншылығына дейін де өмір сүрген үлкен қалалардың бірі екенінің айқын дәлелі, – дейді. Сонымен қатар қалашық орнынан дамыған ортағасырлардағы, оның ішінде Қарахан дәуіріндегі және моңғол шапқыншылығына дейінгі көптеген керамикалық бұйымдар табылды. Меркі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі