225 Ата-Ана жауапқа тартылды
Кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында облыстың полиция қызметкерлері ұдайы рейдтік іс-шаралар кешенін өткізеді.
Аталған міндеттерді іске асыру және іс-қимылдарды үйлестіру үшін облыс орталығының полиция бөлімдеріндегі ювеналды полиция инспекторларын, білім басқармасының өкілдерін, еріктілерді және өзге де мүдделі органдарды тарта отырып, жұмыс топтары құрылған.
Мысалы, облыстың 7 ойын-сауық мекемесінде полиция қызметкерлері түнгі 22:00-ден кейін ересектердің еріп жүруінсіз мекемеден тыс болған 15 жасөспірімді анықтады. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Кафе иелері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл төледі және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 21 жасқа толмаған адамға алкоголь сату деректері анықталды. 6 дүкеннің иесі Қазақстан Республикасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды және аталған құқықбұзушылықтары үшін 40 АЕК (147 680 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Облыста небәрі 7 күн ішінде 65 рейд жүргізіліп, барысында полиция органдарына 190 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. 225 ата-ана мен өзге де ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түнде заңды өкілінсіз жүргені үшін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 10 жасөспірім орналастырылған. – Күн сайын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыс жүргізеді. Ювеналдық полицейлердің басты міндеті – балалардағы мүмкін қиындықтардың алдын алу және олардан қорғау.
АЙЖАН ӨЗБЕКОВА