Брифинг

ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВІНЕ ІРІКТЕУ БАСТАЛАДЫ

1 наурыздан бастап алғаш рет өңірлік кадр резервіне іріктеу кезеңі басталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Шарипов пен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Рүстем Қасымов айтты.

 Спикерлердің айтуынша, өңірлік кадр резервіне іріктеудің ерекшелігі – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша кезекті іріктеу 7 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Олар: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология. Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 3 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Өңірлік резервке алынған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланады. Руслан Шамелұлының айтуынша, агенттік тарапынан іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша «onir.pkrezerv.gov.kz»-те жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.

Брифинг соңында баяндамашы жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырып, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Кандидаттар іріктеуден өту тілі мен әр кезеңнің өту күні және уақытын таңдай алады Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл.

АЙЖАН ӨЗБЕКОВА