Руханият

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

Бүгінде зорлық-зомбылық, әлдінің әлсізге күш көрсетуі қоғамды алаңдатарлықтай өзекті мәселеге айналып отыр. Негізінен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбіне әйелдер мен балалар ұшырайтыны белгілі. Сол үшін 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап полиция отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтарды декларативті тіркеуден детективтік тіркеуге көшті.

Заң қатайтылуда

Отбасында жеңіл-желпі ұрыс-керіс туындап, полиция қызметкерлеріне шақырту түссе, әйелі қанша жерден райынан қайтса да мәселе сотта қаралады. Дұрысын айтқанда, әйеліне ерін сотта ғана кешіруге мүмкіндік беріліп, ерлі-зайыпты сот алдында татуласты деп танылады. Мұндай кеңшілікке әлімжеттік көрсетуші бір-ақ мәрте ие болады. Үйдегі жанжал бойынша полиция шақырту тағы қайталанса, әлімжеттік жасаған немесе әйеліне әкіреңдеген еркекке сот тиісті жаза тағайындайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың аяғы қылмысқа ұласатынын ескерсек, өңірімізде бұрнағы жылы 38 факті тіркеліпті. Былтыр 47 қылмыс анықталған екен. Жалпы аталған қылмыстық көрсеткіш 23,7 пайызға артқан. «Үйдегі дау-жанжал сыртқа шықпасын, түбі бір түсінісіп өмір сүріп кетерміз» деген сеніммен өмір сүретін әйелдер қоғамда көп. Ал олардың кейбірінің тағдыры қайғылы оқиғамен аяқталуда. Сол үшін де мұндай қылмысты әйелдердің шағымынсыз, полиция қызметкерлерінің өздері анықтауға мүдделі. 2022 жылға қарағанда былтыр отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты деректің өсуі облыстағы полиция қызметкерлерінің отбасында құқықбұзушылықтардың болуына ықпал ететін себептер мен мән-жайларды анықтауға айрықша ден қойғанын көрсетеді. Өткен жылы құқық қорғау қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңының 73-бабы бойынша заңсыз әрекеттері үшін 1 670 азаматты жазаға тартқан екен. Аталған Заңның 461-бабы (қорғау тәртібін бұзу) бойынша 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 74-і әкімшілік қамауға алынған. Сот белгілеген мінез-құлыққа қатысты ерекше талаптарды орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңының 669-бабы бойынша 98 адамға әкімшілік жаза тағайындалыпты. Отбасындағы ер-азаматтың әйеліне күш көрсетуі және басқа да себептер бойынша дағдарыс орталықтарына 165 баласы бар 68 әйел орналастырылған. «Аналар үйіне» 23 баласы бар 23 әйел жіберілген. Жақында облыстың бір тұрғыны мас күйінде әйелі мен төрт баласын үйінен қуып шыққаны жайлы республика көлемінде ақпарат тараған болатын. Әлгі еркектің бала-шағасы, амал жоқ, дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр болған. Бұл туралы Ішкі Істер министрлігінің апталық брифингінде министрліктің Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаева мәлімдеген еді. Өз сөзінде А.Серікбаева: «Жамбыл облысында мас күйеуі жанжал шығарып, әйелін төрт баласымен бірге үйден қуып жіберген. Балалары бар әйел дағдарыс орталығына орналастырылды, ал «агрессор» 15 тәулікке қамауға алынды», – деді. Ішкі істер министрлігі 15-26 қаңтар аралығында Қазақстан бойынша «Тұрмыс» профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырған. Қазақстанның түкпір-түкпірінде полиция тұрмыстық жанжалдар туралы 4 мыңнан астам хабарлама алған. Оның 1,5 мыңын полиция қызметкерлері өздері үйлерді аралау барысында анықтаған. Іс жүзінде агрессорлардың барлығы немесе 95 пайызы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Біздің облыстың аты жаман жағынан маңайға танылуына түрткі болған оқиғаға себепкер болған адамды анықтау «Тұрмыс» профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлерінің жемісті жұмыс істеуінің нәтижесі екені анық.

Орталықтың тәртібін бұзатындар да бар

Бұл қоғамда отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық толастамай тұр деген сөз. Бұған облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына əлеуметтік көмек көрсету орталығына барғандар көз жеткізе түседі. Орталықта өткен жылдың 12 айы бойынша әлеуметтік көмек көрсетілген қызмет алушылар саны 160-қа жетсе, оның ішінде 42-і әйел, қалғаны балалар. Қызмет алушылардың 155-і бүгінде өз жөндерімен кеткен, әйтсе де олардың тұрмыс-тіршілігі бақылауда көрінеді. Оның ішінде 144 азамат (40 әйел, 104 бала) жәбір көрушілерге пана болған орталықтан өз еркімен шыққан. – Орталықтың ішкі тәртіп ережесін бұзатын қызмет алушылар да бар. Мәселен, жыл ішінде 3 әйел, 8 бала тәртіп бұзды. 16 әйел, 45 бала отбасымен табысты. Комиссия отырысына дейін шыққан қызмет алушылар саны – 19. Біз отбасынан ажырасып, өз бетінше күн көруді қалағандарды жұмысқа да орналастырамыз. Олардың саны – бесеу. Уақытша «Үміт» балалар үйіне 3 бала орналасты.

Кеңес беру кабинеттерінің жұмысы жүйелі

Аталған ауданда өткен жылы 94 қызмет алушы әлеуметтік-психологиялық көмек беру кабинетіне келіп, олардың барлығына әлеуметтік және психологиялық көмектер берілген екен. Сенім телефонына 86 қызмет алушы қоңырау шалыпты. – Байзақ ауданы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 5 әйел 12 баласымен Тараз қаласындағы дағдарыс орталығына қабылданып, қажетті көмек алды. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер.

Қоршаған ортада болып жатқан мән-жайларға бейжай қарамай құқықбұзушылықпен, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу – әрбір азаматтың өз ар-ұяты алдындағы борышы. Осыған байланысты жақында біздің кеңес беру кабинетінің мамандары аудандағы білім, медицина, құқық қорғау саласының мамандарымен кездесу өткізді. Кездесулердің мақсаты – тұрмыста қиыншылық көріп, отбасында ауыр жағдайға ұшыраған адамдарды анықтау және олармен жүйелі жұмыстар жүргізу.

«Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында өрбіген іс-шараға отбасы мәселелерімен айналысатын Байзақ аудандық полиция бөлімшесі жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жанбала Юсупова, аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Шырын Капарова, Сарыкемер ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Шамшия Жұмабаева және тағы басқа үкіметтік емес ұйым өкілдері де атсалысуда.

Деректер құпия сақталады

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету орталығының Меркі аудандық кеңес беру кабинеті әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Жанерке Нұрманованың да тақырыпқа қатысты айтары бар. – Біздің кабинет облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына қарайды. Жұмысымыз «Әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеліп соққан қатыгездікке тап болған адамдарға, қатыгездік пен зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда» деп танылған әйелдер мен балаларға психологиялық бейімдеу сатысынан өткізу мақсатында көмектер көрсетумен тікелей байланысты. Осы мақсатта аталған кабинет 2020 жылдың ақпан айынан бері жұмыс атқарып келе жатыр. 2023 жылы 63 әйел балаларымен бірге біздің кабинеттен кеңес алды.

 

Кез келген жәбір көрушіге көмек көрсетіледі

Ана мен баланың құқығын қорғау, олардың әлеуметтік және денсаулық жағдайын жақсарту тұрғысында Т.Рысқұлов ауданындағы зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметттік көмек көрсету кабинеті де өз жұмысын жүйелі жүргізуде. Мұнда 91 әйел балаларымен бірге келіп кеңес алса, сенім телефоны арқылы 81 қоңырау шалушыға кеңес берілген. «Қызыл Ай» қоғамымен бірлесе отырып 65 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетіліпті. – Қазақ қызының басты арманы – сүйікті жар, бақытты ана, үлгілі келін атану. Қазақ отбасында ең ардақты жан ретінде анаға баса көңіл бөліп, жалпы әйел затына, оның ішінде қыз балаға ерекше мейіріммен қарап және айрықша құрмет көрсеткен.

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне баса мән берген. Қыз баланың тәрбиесіне анасы, ұл тәрбиесіне әкесі жауапты болған. «Қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баланы болашақ ана ретінде сыпайылыққа, ізгілікке, инабаттылық пен ибалылыққа тәрбиелеп, жатжұрттық ретінде сыйлап, құрметтеумен қатар, ақыл кеңесін айтып отырған. Ана тілімізде «қыз» деген сөз бар. Ол қасиетті әрі құрметті сөз. Қасиетті болатыны – бүкіл адамзат әйелден тарайды. Қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана – әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қазақ халқы «Қыз баланың қадір-қасиеті мен қылығы ұлттың ұлылығын танытады» деп, халықтық болмыспен астастырған. Сондықтан қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені қалыптастырудың жолына барлық жақсылықтарды топтастырған. Қыз баланы тәрбиелеу, өсіру, бойжеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей. Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, арамшөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса, әрине, гүл солып қалады. Қыз да сондай жаратылыс. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге беру маңызды мәселе болып саналады. Әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салады.

Ал əлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Айгүл Қожаберген ажырасу сатысындағы отбасыны жарға итере салмай, оларға дұрыс көмек беру, қоғам мен отбасыға əлеуметтендіріп, қайта қосылуына ықпал ету, баланы жетім қалдырмау, ананы қаңғыртпау басты мәселе екенін атап өтті. – Біздің кеңес беру кабинетінің қызмет алушылары мектеп оқушылары, колледж студентері, орталық ұйымдары мен жеке ұйымдар арасында әдеби, мәдени, рухани іс-шаралар ұйымдастырып тұрады.

Мәселен, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушыларының қатысуымен «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Ш.Уалиханов атындағы шағын орталықты орта мектебінде «Отбасымда зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. «Бақытты ана – бақытты бала» фестивалінің де берері мол болды. Жұртшылық арасында аудандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік, психологиялық кеңес беру кабинеті туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Т.Рысқұлов ауданы тұрғындарымен «БАҚ арқылы дағдарыс орталықтары мен консультативтік қабинеттердің жұмысын халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу» тақырыбында кездесу өтті.

Жадынамалар мен визиткалық карточкалар таратылды. Құлан ауылындағы сауда орталықтарында, қоғамдық орындарда, көшелерде хабарламалар ілініп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, визиткалар таратылды. Республикалық «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» атты акция аясында аудан жастарымен «Отбасылық құндылық – тәрбие бастауы» тақырыбында ашық әңгіме алаңы, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің отбасылы студенттері арасында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы – бақыт мекені» тақырыбында семинар өткізілді.

Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің педагогтары мен ата-аналары үшін «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы педагогтың алатын орны!» тақырыбында семинар-тренинг, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету – әрбіріміздің міндетіміз!» тақырыбында аудандық емхана мейірбикелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Бақытты отбасы болайық» тақырыбында Абай ауылы тұрғындары үшін кездесу, «Біз, Т.Рысқұлов ауданы зорлық-зомбылыққа қарсымыз» тақырыбында аудан тұрғындарымен жүздесу өтті.

Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыты – халыққа, оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жағдай жасау, оларға қолдау көрсету. Сондықтан қоғамда қорғансыз қалған ана мен балаға қамқорлық таныту күн тәртібінен түспейді. Бұл тұрғыда қоғамда жүйелі жұмыстар жүргізу ісі жүйелі жолға қойылған. Өңірімізде қиын жағдайға тап болған ана мен баланы қамқорлыққа алу, оларға қолдау көрсету арнайы мекемелер арқылы алдағы уақытта да жүзеге асырыла береді.

НҰРЫМ СЫРҒАБАЕВ