Жаңалықтар

Тапсырма орындалуымен құнды

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен жиын өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасарлары мен басқарушы директорлар қатысты.

Жиында 2023 жылы бизнес саласы тап болған түйткілдер жайы қаузалды. Сонымен қатар отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында бизнестің өзекті мәселелерін шешу жайы да сөз болды. Кәсіпкерлер көтерген мәселелер санының өсуі жүргізіліп жатқан жұмыстың оң әсерін және бизнес-қоғамдастықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімінің артуын айғақтайтынын атап өткен жөн.

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп, кеңестің алтыншы отырысында берілген тапсырмаларды орындау бойынша бірлескен тиісті жұмыс жүргізді. Мәселелерді қосымша тексеру қорытындысы бойынша, 111 түйткілдің 63-і оң шешілді. Орындау сатысында 48 мәселе қалып отыр, оның 26-сы объективті себептер бойынша орындалмады. Жеті мәселе шешім қабылдауды талап етеді, тағы 15 мәселе бойынша тапсырмаларды орындауды кейінге қалдыруға жол берілген.

Көлік саласы бойынша 23 мәселе қаралған. Шешілгені – 13, шешілмеген 10 мәселе бар. Оның ішінде 9 мәселе объективті себеппен шешілмеген, 1 мәселе бойынша тапсырмаларды орындау кейінге қалдырылған. Тау-кен металлургия кешенінде 27 мәселе бар. Оның ішінде 11 мәселе шешілсе, 16-сы сол күйі қалып отыр, оның 9-ы объективті себептер бойынша шешілмеген, 7-сі кейінге қалған. Энергетика саласында 10 мәселе қаралып, 6 мәселе шешімін тапқан. Төртеуі шешілмеген, оның екеуі объективті себеппен шешілмеген және қалғаны кейінірек орындалады. Адами капиталды дамыту саласында 19 мәселе бар. Шешілгені – 8, шешілмегені – 11. Оның ішінде 1 мәселе объективті себептер бойынша шешілмеген, 4 мәселе бойынша орындау кешіктірілсе, 6 мәселе шешімін күтуде. АӨК саласында 22 мәселе көтерілген. 21 түйткілдің түйіні тарқатылса, 1 мәселе шешілмеген. Мұнай-газ секторы саласында 10 мәселе бар. Шешілгені – 4, шешілмегені – 6. Оның 1-еуі объективті себеппен шешілмеген және 1 мәселе бойынша кешіктіруге жол берілген, тағы 1 мәселе бойынша шешім шығару қажет.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебай 2022 жылдың қарашасында «Атамекен» ҰКП Х съезінде 25 сала бойынша 99 жүйелі мәселенің тізбесі құрылғанын хабарлады. Оның ішінде ең өзекті және маңызды 47 мәселе Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне шығарылып қаралыпты. – Біз осы мәселелердің шешілу барысына мониторинг жүргіздік. 47 түйткілдің ішінде 24 мәселе Үкімет аппаратының бақылауынан алынды. Бұл бизнес көтерген барлық мәселенің жартысынан көбі.

Бұл мәселелерді қарастыра алмайтынымызды түсінеміз. Осыған байланысты бүгін мемлекеттік органдарға аталған түйткілдерді шешуді соңына дейін жеткізуді тапсыруды сұрап, тиісті хатты жолдадық, – деді Мәлік Сәулебай. Спикер 2023 жылдың 17 қарашасында ұлттық палатаның ХІ съезінде өңірлік кеңестер, қауымдастықтар және кәсіпкерлік субъектілерінен келіп түскен 200-ден астам мәселе жиналғанын айтты. «Атамекен» ҰКП мамандары тиісті мемлекеттік органдармен алынған мәселелерді пысықтау бойынша жұмыс жүргізді.

– Қазіргі кезде 174 мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдар деңгейінде шешімін табу жоспарланған. 26 мәселе Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде қарауды қажет етеді. Тиісті хат Үкіметке жолданды, – деді спикер.

Жиын барысында ұлттық палата өкілдері мен қауымдастықтардың басшылары салалар бойынша түйткілдерге қатысты пікірін білдірді. «Атамекен» ҰКП апта сайын бизнестің өзекті мәселелерін қарауды жалғастыруды ұсынды. Жиынды қорытындылай келе, Ерұлан Жамаубаев шешуді талап ететін мәселелер кейінгі отырыстарда кезең-кезеңімен қаралып, 2-3 ай ішінде шешілетінін айтты.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі