Кәсіп

Көпфункциялы орталықтар ашылады

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау бағытында ауқымды істер атқарылуда.

Палата қаржылай емес қолдау операторы ретінде кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсетеді. Кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа ақпараттық-консультациялық қызметтер ұсынады. «Мен – кәсіпкер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік әлеуетті дамытумен айналысады.

Сервистік қызметтер еліміздің барлық 20 өңіріндегі кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында облыстық және аудандық деңгейде ұсынылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, кәсібін енді бастаған 72 мыңнан аса кәсіпкер мен шағын бизнес өкілдері үшін 170 мыңнан астам қызмет пен консультациялар ұсынылды. Бұдан бөлек былтырдан бастап «Мен – кәсіпкер» жаңа құралы іске қосылды. Бұл құрал екі бағытта іске асырылады. «Кәсіпке бағыт» кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында біліктілікке оқу және салалық (бейіндік) оқуды қамтиды.

Оқуға бизнестің 27 салалық бағыты бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің 976 субъектісі қатысты. Кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар қыз-келіншектерге арналған қызметтерді қамтитын «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталықтары жұмыс істейді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша, осы орталықтар шеңберінде 8 мың әйелге 13 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Оның ішінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру шеңберінде 20 өңірлік көрме өткізілді, оған жергілікті шикізаттан тауар өндіретін 519 қолөнерші қатысты. Республика көлемінде 60 тауар іріктеліп алынды. Райымбек Баталов өткен жылы қол жеткізілген қаржылай емес қолдау шараларының көрсеткіштерін де атап өтті.

– 2001 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі құрылды. Оның ішінде 1 892-сі жеке кәсіпкер, 99-ы жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10-ы шаруа қожалық. Шағын орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 244 рұқсат құжаты алынды. Оның 200-і лицензия, қалғаны техникалық шарттар. Жалпы қаржыландыру сомасы 15,2 миллиард теңгеге 1 314 жоба қолдау тапты. Жобалар аясында 2 147 жұмыс орны құрылды. 3 678-ден астам салық және статистика есебі дайындалды.

2024 жылы біз өңірлік бағдарламалар және жаңа көпфункциялы орталықтардың ашылуын ескере отырып, қызмет шараларын ұлғайтуды қалаймыз, – дейді төраға. 2023 жылы «Атамекен» ҰКП және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп Астана, Шымкент және Алматы қалаларында кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көпфункциялы орталық жобасын пилоттық режимде іске қосты. Аталған орталықтарда 9 мыңнан астам мемлекеттік қызмет ұсынылды.

Сондай-ақ Ұлттық палата басшысы ҚР Ұлттық экономика министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, іске асырылатын 2024 жылға арналған жоспарлар жайын бөлісті. Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көпфункциялы орталықтардың табысты тәжірибесін ескере отырып, орталықтарды басқа өңірлерде ашу көзделген. Бұл шара қызмет көрсетуді офлайн режимнен онлайн режимге көшіруге негіз болады. Бұл бизнес-шолу, қаржы көздерін тарту бойынша оқу және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бағыттары бойынша гендерлік бөлініссіз қызметтердің қолжетімділігін кеңейту мақсат етілген. Қызмет алушылар қатарына әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылай емес шаралары қосылуда.

ҚР Сауда және интеграция министрлігімен бірге шағын және орта бизнеске электронды сауда бойынша жаппай оқытуды ұйымдастыру, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, екінші деңгейлі банктер, «Қаржыгерлер қауымдастығы», әкімдіктермен бірлесіп бизнесті қолдаудың қаржы құралдарын пысықтау – орталық көрсететін қызметтер. Ұлттық экономиканың ШОБ-ты қолдау жөніндегі қолданыстағы бағдарламасымен интеграцияланған өңірлік ерекшелікті ескере отырып, микро және шағын бизнес үшін жеке бағдарлама әзірлеу өзекті.

Үкімет, инвестициялық штаб, Сыртқы істер министрлігі, жергілікті атқарушы органдармен орта және ірі бизнес үшін Инвестициялық жобалар тізілімі бойынша интерактивті инвестициялық картаны енгізу жоспарланған. Бұл карта мемлекеттік жоспарлау жүйесіне өзгерістер енгізуді, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингінің бірыңғай тәртібін бекітуді көздейді.

Ақбота БАТЫРБЕКОВА