Жаңалықтар

Инженерлік әскердің жетістігі мол

Биыл Қазақстан инженерлік әскерінің құрылғанына 31 жыл толды. Инженерлік әскерлер 1993 жылы 21 қаңтарда Қазақстан аумағында орналасқан құрамалар мен бөлімдер негізінде құрылды. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қарулы Күштерде инженерлік әскерлерді басқару органдарының жүйесі қалыптасты. Мамандардың кәсіби деңгейі өсіп, олардың техникалық жабдықталуы түбегейлі өзгеріске түсті. Өткен жылдан бастап инженерлік-саперлік әскерлерде мина-кинологиялық қызмет пайда болды.

 Әскери бөлімшелер қашықтықтан басқарылатын робот-саперлермен, мина-жарылыс тосқауылдарын ұйымдастыруға және инженерлік барлау жүргізуге арналған техникалармен, жер қазу машиналарымен, су өндіруге арналған бұрғылау қондырғыларымен толықты. Инженерлік әскерлердің әскери қызметшілері бітімгерлік миссияларға қатысуды алғашқылардың бірі болып бастады. 2003-2008 жылдары «Қазбат» бітімгерлік батальонының инженерлік-саперлік бөлімшесі Ирактағы коалицияның тұрақтандыру күштерінің құрамында болды.

Әскери инженерлер жарылмай қалған оқ-дәрілерді іздестіріп, оларды жою, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету пункттерін жабдықтау, суды тазарту секілді маңызды тапсырмаларды абыроймен орындап шықты. Олар әртүрлі жоспарлы сабақтар мен оқу-жаттығуларды өткізу кезінде жауапты міндеттерді атқарады. Әскери инженерлер бекіністер тұрғызып, понтондық көпірлер орнатады. Әскерлер үшін қозғалыс бағыттарын дайындап, оларды бүркемелеумен және сумен жабдықтаумен айналысады.

Инженерлік әскерлердің тактикалық буындағы офицерлерін дайындау армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының жауынгерлік қамтамасыз ету кафедрасында жүзеге асырылады. Жедел-тактикалық буын офицерлері жоғары білімді Ұлттық қорғаныс университетінде алады. Кіші буын мамандарын ҚР Қарулы Күштерінің Минасыздандыру орталығы мен еліміздің әскери-техникалық мектептерінде дайындайды.

Бұдан өзге еліміздегі үш мемлекеттік университеттің жанындағы әскери кафедралар жыл сайын запастағы офицерлерді жұмылдыру резервіне дайындап шығарады. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде де ірі бригадалар құрамына кіретін инженерлік-саперлік бөлімшелер өз жұмыстарын лайықты атқарып келеді. Айта кетерлігі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік әскерлерінің негізін Гвардиялық гарнизонда орналасқан инженерлік полк құрайды.

Биыл бұл полк өзінің 55 жылдығын атап өтпек. Жарты ғасырдан астам тарихында полк оқу-жаттығуларға ғана емес, сонымен қатар әскери инженерлердің кәсіби көмегі қажет болған нақты жағдайларда да өз міндетіне сай орасан зор жұмыс атқарды. Оңтүстік әскери округі инженерлік әскерлерінің бірінші бастығы полковник Нұрлан Шаймахов болды. Өз кәсібіне берілген тәжірибелі офицер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік күштерінің одан әрі дамуына қуатты негіз жасады.

Одан кейін жетекшілік қызметті полковниктер Қайсар Зейдалиев, Сергей Насекин, Марат Жүсіпов, Заманбек Жанжігітов, Бақытбек Тәжібаевтар кезекпен атқарды. Қазір «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік әскерлерін подполковник Аралбек Таңатов басқарады. – Бірде-бір оқу-жаттығу инженерлік техникасыз өтпейді. Әскери инженерлердің жұмыс ауқымы кең. Олар окоптарды, кедергілерді, жеке құрам мен техниканы жабдықтап қана қоймай, көптеген маңызды жұмыстардың басы-қасында жүреді. Мәселен, сапер жауынгерлер аумақты жарылғыш заттардан тазарту міндеттерін орындайды. Төтенше жағдайлар кезінде инженерлік әскерлердің жеке құрамы ел тұрғындарына алғашқылардың бірі болып көмекке келеді. Әскери қызметшілер көпірлер мен гидротехникалық құрылыстарды мұз бен су тасқынынан қорғап, селді оқшаулаумен айналысады.

Табиғи өрттерді ауыздықтау мен адамдарды қар құрсауынан эвакуациялауға қатысады. Білікті мамандардан жасақталған, заманауи әскери техникамен жабдықталған инженерлік әскерлердің бөлімшелері еліміздің қорғаныс қабілетін және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді орындауға әрқашан дайын, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы инженерлік әскерлер басқармасының бастығы, подполковник Аралбек Таңатов. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы сапер сарбаздары 2019 жылы Арыс қаласындағы артиллериялық қоймалардағы жарылыс салдарын жою жұмыстарына қатысып, кәсіби шеберлігі мен жауынгерлік рухының жоғарылығын дәлелдеді. Ерекше атап өтер жайт, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері бірінші болып жарылмаған снарядтардан миналарды тазартуға кіріскен болатын. Жарылғыш заттарды жоюдың алғашқы айында 75263 әскери бөлімінің екі инженерлік батальоны мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасы 45 градус ыстықта снарядтарды жинау және кәдеге жарату жұмыстарын жүргізді.

Байзақ ауданындағы инженерлік оқ-дәрі қоймаларында болған жарылыстардан кейін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты инженерлік-саперлік бөлімшелердің әскери қызметкерлерін бұдан да ауыр және қауіпті жұмыс күтіп тұрды. Қауіпті аймақта қайғылы оқиға орын алған сәттен қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде барлығы жиырмадан астам зақымдануды бақылау тобы қызмет атқарған. Өткен жылы 300 гектардан астам іргелес аумақты жарылыс қаупі бар заттардан қайталап тазарту жұмыстары жүргізілген.

Білікті мамандардан жасақталған және заманауи әскери техникамен жабдықталған инженерлік әскерлердің бөлімдері еліміздің қорғаныс қабілеті мен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді орындауға әрқашан дайын.

АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ