Таластықтар табыс тайқазанын тасытуда
Таластықтар табыс тайқазанын тасытуда
Талас ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның айтуынша, 2023 жылдың 12 айының қорытындысымен ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы шығарылымы 21 138,1 миллион теңгеге жеткен. Ауылшаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 98,8 пайызды құраған. Негізгі капиталға жыл қорытындысымен 1 105,1 миллион теңге инвестиция тартылған. Мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жобалар аясында мал басы да өскен. Қазіргі таңда ауданда 31 426 мүйізді ірі қара, 347 511 қой-ешкі, 14 536 жылқы, 2 226 түйе, 106 шошқа, 40 749 үй құстары тіркелген. – Жалпы ауданның климаты малшаруашылығына өте қолайлы. Соған сай шаруалар дала төсін төрт түлікке толтырып, атакәсібімізді өркендетуге үлес қосуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында егіншаруашылығы да қарқынды дамуда. 2023 жылдың өнімі үшін 14 206 гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылды және 1 453 гектар пар дайындалды. Ал 2024 жылдың өнімі үшін барлығы 14 360 гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылады және 1 400 гектар пар дайындалады. Осылайша 2023 жылмен салыстырғанда мақсары 50 гектарға, көкөніс 39 гектарға және көпжылдық шөп 207 гектарға ұлғаяды деп жоспарлануда. Көктемгі дала жұмыстарына ақпан-сәуір айларына 585 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Аудан бойынша 2 таратушы оператор «Таң» және «АТФ Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бекітілді. Шаруашылықтарға арзандатылған түрде тарату бағасы 206 теңге болып белгіленіп, ешқандай кедергісіз таратылды. Ал күзгі дала жұмыстары үшін 456,2 тонна дизель отыны бөлінді. Егілген егіннен сапалы әрі мол өнім алу үшін топырақта өсімдіктерге қажетті органикалық және минералды тыңайтқыш жеткілікті дәрежеде болуы тиіс. Топырақтың құрамындағы өсімдіктерге қажетті қоректік заттар мезгіл сайын егілетін өсімдіктердің өсіп-жетілуіне, түскен өніміне қарай жұмсалғандықтан кеміп отырады. Аудан бойынша 2023 жылы 329 тонна тыңайтқыш алу жоспарланып, жоспар толығымен орындалды (489,7 тонна). Диқандардың тірлігін тіктеуге мемлекеттік бағдарламалар көп септігін тигізіп жатқанын айта кету керек. Мәселен, «Кең дала» несиелік бағдарламасы бойынша Бостандық ауылдық округінен «Жаңалық» шаруа қожалығы 3,7 миллион теңге, «Демеш» шаруа қожалығы 8,4 миллион теңге қаржы алып, жұмыс ауқымын ұлғайтуды көздеп отыр. Көктемде егін салған әрбір диқан күзде мол өнім алуды мақсат ететіні анық. Ал межелеген мақсаттан шығу үшін, ең алдымен, шаруашылық техникасы жақсы болуы керек. Ескі техниканы жамап-жасқап шаршаған шаруашылықтың астық өндіруде немесе мал азығын дайындауда көп кедергіге ұшырайтыны белгілі. Тозығы жеткен техника тірлікті тұралатады. Сол себепті ауданда ауылшаруашылық техникаларын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы 417,8 миллион теңгеге 100 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әр Жолдауында су тапшылығына тоқталатыны белгілі. Президенттің көпті алаңдатқан мәселеге екпін беруі бекер емес. Қазіргі таңда тұщы су бүкіл әлемді алаңдататын түйткілге айналып отыр. Сондықтан бар суды тиімді пайдаланып, үнемдеу технологияларын енгізуден басқа амал жоқ. Осы ретте «судың да сұрауы бар» екенін жақсы түсінген таластықтар тіршілік нәрін тиімді пайдалануға кірісті. Өткен жылы 5 шаруа қожалық 220 гектардан аса егіс алқабына тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолданды. Мәселен, Бостандық ауылдық округіндегі «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығы 50 гектар көпжылдық шөп ексе, «Зерхат» шаруа қожалығы 70 гектар жерді игеруде. «Жаңалық» шаруа қожалығы 30 гектар, «Демеш» шаруа қожалығы 43 гектар, «Ошақбай» шаруа қожалығы 33 гектар жерге жүгері, көкөніс, бақша және картоп дақылдарын орналастырып, ойдағыдай өнім алды, – дейді Жандос Құдиярхан келесі кезекте ауданда бірнеше жылдан бері жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының нәтижелерін баяндады. 2019 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылы Ойық ауылдық округінде іске асырылып, барлық 5 бағыт бойынша 113 жоба 643,09 миллион теңгеге қаржыландырылған. Ойық ауылында төмен пайызбен несие рәсімдеген азаматтардың дені малшаруашылығымен айналысуды жөн көрген. Дегенмен кәсіптің басқа түрін таңдаған азаматтар да жоқ емес. Атап өтер болсақ, тұрғын Фахреддин Рахаев мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға сүйене отырып, көлік жөндеу орталығын ашқан. Қазір ауылдағы екі отбасының бірінде көлік бар десек те болады. Жүргізушілерге бұзылған техникасын ауылда-ақ жөндетіп алған әлдеқайда тиімді. Біріншіден, уақытқа, екіншіден, қаражатқа үнем. Ауылдастарының сұранысын ескерген Фахреддин алдымен өз қаражатына нысанның қабырғасын көтеріп, төмен пайызға алған 3 миллион 950 мың теңгеге жұмысқа қажетті жабдықтарды сатып алған. – Үй іргесінен арнайы нысан соғып, жұмысымды бастап кеткеніме біршама уақыт болды. «Ауыл аманаты» жобасы ойда жүрген жоспарымды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Кәсібімді ширату үшін қасыма көмекшілерді де алмақ ниеттемін. Ең бастысы – еңбегімді елдің игілігіне жарату, – дейді Фахреддин Рахаев. Қазіргі таңда жоба Бостандық, Берікқара, Аққұм, Ақкөл және С.Шәкіров ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына Аққұм ауылдық округінен 108 құжат (665,198 миллион теңге), Берікқара ауылдық округінен 151 құжат (884,648 миллион теңге), Бостандық ауылдық округінен 135 құжат (818,653 миллион теңге), Ақкөл ауылдық округінен 98 құжат (601,705 миллион теңге) және С.Шәкіров ауылдық округінен 66 құжат (394,008 миллион теңге) өткізіліпті. Жобаға енбеген өзге де ауылдық округтерде агросаланың көкжиегін кеңейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Шаруаға бейім ауыл тұрғындары кәсіп бастап, шаруашылығын дамытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қал-қадірлерінше үлестерін қосуда. Мәселен, тамдылық шаруа Жарас Ахановты аудан жұртшылығы кәсібіне бейім іскер азамат ретінде санайды. Әкесі бастаған шаруаны шыр айналдырып отыр. Алғаш көрген адам «Жарас» шаруа қожалығының құрылғанына он жыл болды деп айта алмас. Төлімен көбейіп жатқан түліктер, шаруаға жараған техника тәжірибелі шопанның жұмысын танытады. – Шаруа қожалық 2013 жылы құрылды. Негізінен жайылым болғандықтан жылқы және уақ мал санын арттыруға күш салып жатырмыз. Шабындық жеріміз және бар. Сол арқылы қысқы мал азығын өзіміз дайындаймыз. Оған арнайы техника да бар. Бірақ пайдаланғанына көп болғандықтан жаңасын алуды жоспарлап отырмыз, – дейді Жарас Манасұлы. «Жарас» шаруа қожалығы «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамы арқылы несие рәсімдеп, иеліктегі жайылымға жылқы қосқан. Одан бөлек шаруа басындағы баспанаға күннен қуат алатын қондырғы орнатқан, малшыларға арналған жатын вагонын алған. Негізі Тамды ауылдық округінде 57 шаруа қожалық болса, 22-сі егін, 33-і малшаруашылығымен айналысады. Тамды ауылдық округінің әкімі Рауан Асқаровтың айтуынша, өткен жылы «Қыдырбек» және «Кебек қашқан» шаруа қожалықтары «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы «Өз жемшөбім» бағдарламасы аясында жылдық мөлшері 6 пайыздық үстемемен қажетті техникаларын алыпты. Ауыл әкімі жаңа техникалар шаруашылық жұмысын жеңілдетуге, өнім көлемін арттыруға септігін тигізетінін айтады. Техникаларды жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаспақ. Аграрлық аймақ болғанымен өңірде экономиканың өзге салаларында да даму байқалады. Өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, негізгі капиталға инвестиция салу, құрылыс және басқа да салаларда көрсеткіштердің орындалуы көңіл көншітеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық қамтамасыз ету шаралары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларынан туған ауқымды міндеттерге сәйкес жүзеге асып жатыр.
Талас ауданы