Су саласында кешенді жоспар қабылданады
Санаулы апталардан кейін көктемгі дала жұмыстарының басталуына орай дәл қазір диқандар қауымы үміт пен үрей құшағында жүр. Ризығын жерден айырған диқан жауапты науқанның ойдағыдай өтіп, жиын-терін науқанында еңбегінің жемісін көріп, мол өнім алудан үміттенетіні анық. Ал негізгі үрейі – су тапшылығы. Соңғы жылдары су тапшылығы шаруалардың шақшадай басын шарадай етіп, біраз әбігерге салды. Биылғы ахуал қалай болмақ? Еліміз вегетациялық кезеңге дайын ба? Жуырда өткен Үкімет отырысында ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді алаңдатып отырған өзекті мәселе жан-жақты талқыланды.
Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданды. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген.
Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа суқойма салу және 15 жұмыс істеп тұрған суқойманы реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр. Тасымалдау кезіндегі судың өнімсіз шығынын 50 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету, ал қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайту жоспарлануда. Жалпы жоспарланған тәсілдерді іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 миллион гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылатын болады.
Осының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің ауданы 1,3 миллион гектарға дейін өседі, шамамен 2,1 текше шақырым су үнемделеді, сондай-ақ ауылшаруашылық өнімінің өнімділігі айтарлықтай артады деп күтілуде. Бүгінгі таңда «hydro.gov.kz» цифрлық платформасын құру жұмыстары аяқталуда, онда су объектілері, гидротехникалық құрылыстар, сушаруашылығы бассейндері мен учаскелері, гидропосттар және тағы да басқа жинақталған бірыңғай Су кадастры қалыптастырылатын болады.
Оны биылғы үшінші тоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар министр Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам су арналарын цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру көзделгенін айтты. Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірлерде жаңа суқоймалар салуға дайындық және су үнемдеу технологияларын енгізу туралы баяндама жасады.
Мысал ретінде Үкімет басшысы Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы – Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы стансалары жұмысының тиімділігі небәрі 30 пайыз екенін айтты. Үлкен Алматы каналына пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. Одан бөлек Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдік және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған. Нәтижесінде 40 пайыз су ысырап болуда. Үкімет басшысының сөзінше, Тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеуді ынталандыру. «Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін Су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылғанын айтып өтті. «Бұл жоспар Тұжырымдаманы модернизациялау мен салуды қарастыратын су инфрақұрылымы объектілерінің нақты тізбесімен толықтырады.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2 апталық мерзімде Кешенді жоспардың жобасын Үкімет Аппаратына енгізуді қамтамасыз етсін», деді Әлихан Смайылов. Қорытындылай келе, Премьер-Министр 1 ай мерзімде отандық су үнемдеу жабдықтарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Талғат Нұрханов