Азаматтық қоғамның алар асуы алда
Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауында ауқымды конституциялық реформа жүргізуге бастама жасай отырып, елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын жариялады. Конституциялық реформаның мәні «суперпрезиденттік» басқару формасынан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты бойынша құрылған мемлекетке ауысу, сондай-ақ Парламент пен мәслихаттардың ықпалын күшейту болды. Ал жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатындаҚасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейтінін атап өтті.
Конституциялық реформаның маңызды жаңашылдықтарының бірі ретінде заңмен енгізілген Президенттің өкілеттік мерзімдерін екі 5 жылдықтан бір 7 жылдық мерзімге шектеу жөніндегі нормаларын атап өту орынды. Сонымен қатар Конституцияға Президенттің 7 жыл мерзімге сай-ланатындығы және сол адамды бір реттен артық сайлай алмайтындығы туралы Конституцияда белгіленген ережелердің өзгертуге жатпайтындығы туралы түзету енгізілді.
Осылайша ел Президентінің өкілеттігін қайта сайлау мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу туралы норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналды және кейіннен қайта қаралуға жатпайды. Бұл саяси артықшылыққа жол беруді болдырмай, саяси бәсекелестіктің нығаюына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, болашақ Президенттерді жеті жылдық мерзімге бір мәрте сайлау туралы норма олардың алдында жалпыұлттық стратегиялық мәселелерді кейінге қалдырмай шешу қа-жеттілігін тудырып, «билікті монополизациялау қаупін азайтады»Қалыптасқан демократиялық дәстүрлері және құқықтық, саяси мәдениеті бар дамыған елдерде әдетте Президент 4-5 жылдық мерзімге бір рет қана сайлана алады.
Бұл жалпы алғанда 8-10 жылдық мерзімді құрайды. Бірқатар елдің Конституциясында келесі мерзімге сайлау құқығынсыз Мемлекет басшысын сайлаудың бірреттік мерзімі бекітілген. Мысалы, Албанияда (5 жыл), Израильде (7 жыл), Корея Республикасында (1987 жылдан бастап 5 жыл), Мексикада (6 жыл), Моңғолияда (2019 жылдан бастап 6 жыл) және басқа да мемлекеттер. Бұдан басқа 2022 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде саяси партияларға мүше болуға тыйым салынды.
Аталған түзету Конституцияның 40-бабының 2-тармағымен байланысты, онда Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі ретінде бекітілген. Президент саяси алаңның «төрешісі» бола отырып, өз шешімдерінде саяси тұрғыда бейтараптықты сақтап, қандай да партияға артықшылық көрсетпей, елдің барлық азаматының мүддесі үшін қызмет етуі қажет. Конституцияға аталған түзетуді енгізу президенттік биліктің шоғырлануын шектеуге, партиялық-саяси алаңдағы бәсекелестікті нығайтуға бағытталған. Ел Президентінің саяси партияларда болуына тыйым салатын түзетулер саяси бәсекелестікті арттыруға ықпал етіп, барлық партияның дамуы үшін тең жағдай жасап, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына оң әсер ететін болады.
Сонымен қатар конституциялық түзетулер Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға тыйым салды. Бұл қадам билікті теріс, сондай-ақ жеке мақсаттарға пайдалану мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Президенттің облыстық, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдерінің шығарған актілерін жою немесе тоқтата тұру құқығын, аудан және облыстық маңызы бар қалалар, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қаладағы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін қызметтен босатуға мүмкіндік беретін нормалар алынып тасталды. Конституцияға сәйкес, әкiмдердiң шешiмдерi мен өкiмдерiнiң күшiн тиiсiнше Үкімет не жоғары тұрған әкiм жоюы мүмкiн, сондай-ақ олардың күшi сот тәртібімен жойылуы мүмкiн. Мемлекет басшысы Жолдауда Президенттің артық өкілеттіктерін алып тастау және әкімдерге жергілікті жерлерде шешім қабылдау кезінде көбірек дербестік беру арқылы «қолдан басқарудың» тәжірибесінен бас тарту қажеттігін атап өтті.
Бұл қадамдар жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігінің және тұтастай алғанда жергілікті мемлекеттік басқару тиімділігінің артуына ықпал етеді. Президент облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері лауазымына кемінде екі кандидатура ұсынатыны туралы нормалар да енгізілді. Республика Президенті аталған әкімдерді қызметке тағайындауды тиісті мәслихаттар депутаттарының келісімімен жүзеге асырады.
Әкімдерді балама негізде сайлау тетігін іске асыру мәслихаттардың рөлі мен ықпалын күшейтеді, сондай-ақ кадрлық шешімдерді қабылдау кезінде жергілікті халықтың мүдделерін ұтымды ескеруге мүмкіндік беріп, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара қарым-қатынас деңгейін арттырады. Сенатты қалыптастыру тәртібі жалпы өзгеріссіз қалдырылды, ол бұрынғыдай әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және ел астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады.
Сонымен бірге Сенаттағы «президенттік квота» 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартылып, оның ішінде 5-еуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындалатыны туралы өзгеріс енгізілді. Жалпы Сенаттағы «президенттік квотаның» қысқаруы (3 жаңа аймақтан сайланған сенаторлар санының артуымен бірге) Президенттің Парламент қабылдаған шешімдерге ықпал ету мүмкіндігін азайтып, жоғары заң шығарушы органның жауапкершілігін арттырады. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен саяси реформаларды іске асыру шеңберінде саяси партияларды тіркеу рәсімдері, соның ішінде «Саяси партиялар туралы» Заңға сәйкес партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілді.
Саяси партияны құру кезінде бастамашы топтың саны 1 мыңнан 700 адамға дейін, саяси партияларды тіркеудің сандық шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін, аймақтардағы саяси партиялар өкілдіктерінің саны 600-ден 200-ге дейін қысқартылды; саяси партияның Құрылтай съезін (конференциясын) өткізу мерзімі (2 айдан 3 айға дейін) және ұйымдастыру комитетінің қызметін тоқтату мерзімі (6 айдан 7 айға дейін) ұлғайтылды.
Ел Президенті бастамашылық еткен саяси реформалардың ерекше маңыздылығы мен өзектілігін атап өткім келеді, өйткені олар демокра-тиялық, құқықтық мемлекет құруға, құқық қорғау институттарын нығайтуға және де бәсекеге қабілетті партиялық жүйе мен азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған. Олар саяси жүйені демократияландыруға, азаматтық қоғамды дамытуға және азаматтарға мемлекеттік басқару ісіне тікелей қатысуға жол ашты.
Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, Сенат депутаты