Экономиканы нығайтудың маңызды факторы
Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да осы мәселеге айрықша тоқталып, «Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді», – деп атап өткен болатын.
Бүгінгі таңда Үкімет бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі жүйелі шараларды да, сондай-ақ кәсіпкерлік секторды мемлекеттік ынталандырудың тікелей шараларын да іске асыруда. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтты.
Оның сөзінше, кәсіпкерлікті дамыту ұлттық экономиканы орнықты дамытудың маңызды факторы болып табылады. Ресми статистика деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнес үлесінің өсуі байқалады, 2021-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта бизнестің экономикаға қатысуы 33,5 пайыздан 36,5 пайызға өсті.
2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,4 пайызға артып, 4,3 миллион адамға жетті. Бүгінгі таңда бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие шараларының бірі «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының құралдары болып отыр. «Даму» қоры оператор болып табылады. «Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, кредит сомасы шамамен 1 триллион теңгені құрайтын 12 мыңнан астам бизнес жобасы кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен қамтылды. 340 миллиард теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілді. Қаржылық емес қолдау аясында 10 мыңға жуық кәсіпкер оқытылды, кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бойынша 166 мыңнан астам консультация берілді.
Бағдарлама 6 бағыттан тұрады. 1-бағыт. «Микрокәсіпкерлік»; 2-бағыт. «Шағын және орта кәсіпкерлік»; 3-бағыт. «Өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтердегі шағын, орта және ірі кәсіпкерлік»; 4-бағыт. «Моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік»; 5-бағыт. «Әлеуметтік кәсіпкерлік»; 6-бағыт «Қор биржасы». Осы бағыттар шеңберінде жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылатын болады. Бағдарлама субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және қаржылық емес қолдаудың өзге шараларына біртіндеп көшуді көздейді. Шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын субсидиялау жөніндегі жаңа тәсілдер нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшу арқылы субсидиялаудың сараланған әдісін көздейді. «Мәселен, алғашқы 3 жылда субсидиялауды ескере отырып, түпкілікті қарыз алушы 8 пайыз, 4-жылы 9 пайыз, 5-жылы 10 пайыз мөлшерлеме бойынша қаржыландырылатын болады. Бұл тәсіл бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және бизнестің нарықтық қаржыландыру тетіктеріне біртіндеп көшуін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында қарсы міндеттемелер күшейтілді. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпорындарды іріктеу үшін базалық кіріс өлшемшарттар белгіленді.
Оның сөзінше, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы қаржылық емес қолдау операторы ретінде кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету, кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа арналған ақпараттық-консультациялық қызметтер және «Мен – кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту құралдары бойынша қызмет көрсетеді. Барлық құралдар кәсіпкерлер мен бизнес бастаушылар үшін ақпараттық-консультациялық, сервистік және білім беру қызметтерін көрсетуге бағытталған: бұл мемлекеттік қолдау мен қаржыландырудың қолданыстағы шаралары туралы, рұқсат беру құжаттарын алу туралы ақпараттандыру және консультация беру, бухгалтерлік есеп және салық есептілігі бөлігінде консультациялар беру, бизнес-жоспарды әзірлеу және конкурстық (тендерлік) рәсімдер жөніндегі қызметтер, заңдық сүйемелдеу, салалық және бейіндік оқыту, менторлық, «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру және тағы басқалары. Қызметтер Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында елдің барлық 20 өңірінде облыстық және аудандық деңгейлерде көрсетіледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 72 мыңнан астам клиентке 170 мыңнан астам қызмет пен консультациялар ұсынылды. «2023 жылдан бастап «Мен – кәсіпкер» жаңа құралын іске асыру басталды. Ол екі бағытта жүзеге асырылады. «Кәсіпке бағыт» кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында құзыреттіліктерді оқытуды және салалық (бейіндік) оқытуды қамтиды. Бизнестің 27 салалық бағыты бойынша 976 шағын және орта бизнес субъектісі оқудан өтті.
Қаржылық емес қолдау шаралары шеңберінде 2023 жылы мынадай көрсеткіштерге қол жеткізілді: - 2 001 шағын және орта бизнес субъектісі ашылды (оның ішінде 1 892 – жеке кәсіпкерлік, 99 ЖШС және 10 шаруа қожалығы); - Шағын және орта бизнес субъектілері үшін 244 рұқсат құжаты алынды (200 – лицензия; 44 – техникалық шарт); - Жалпы қаржыландыру сомасы 15,2 миллиард теңгеге 1 314 жоба сүйемелденді. Жобалар аясында 2 147 жұмыс орны құрылды; - 3 678-ден астам салық және статистикалық есеп дайындалды. 2023 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы бірлескен меморандум жасасу арқылы Астана, Шымкент және Алматы қалаларында Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы пилоттық жобасын іске асырды.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығына ұсынылған мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 9 мыңнан астам. 2024 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеу жоспарлануда: - Бизнес-шолу, қаржыландыруды тарту бойынша оқыту және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бағыттарын гендерлік бөлініссіз қызметтердің қолжетімділігін кеңейту; - Көрсетілетін қызметтерді алушылар қатарына әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылық емес шараларын енгізу; - ҚР Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп шағын және орта бизнес үшін электрондық сауда бойынша жаппай оқытуды ұйымдастыру; - Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығын енгізудің табысты тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанның басқа өңірлерінде іске қосу, бұл қызметтер көрсетуді офлайн режимнен онлайн режимге көшіру үшін негіз болады; - «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, екінші деңгейдегі банктермен, «Қаржыгерлер қауымдастығымен», әкімдіктермен бірлесе бизнесті қолдаудың қаржы құралдарын пысықтау; - Ұлттық экономика министрлігімен шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі қолданыстағы бағдарламасымен интеграцияланған өңірлік ерекшелікті ескере отырып, микро және шағын бизнес үшін жеке бағдарлама әзірлеу; - Үкіметпен, жергілікті атқарушы органдармен орта және ірі бизнес үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесіне өзгерістер енгізуді, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингінің бірыңғай тәртібін бекітуді көздейтін инвестициялық жобалар тізілімі бар интерактивті инвестициялық картаны енгізу. Өңдеуші саладағы, АӨК, көлік және логистикадағы шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты жекелеген мәселелер Үкіметпен бірлесіп нақты талқыланады және пысықталады.
Бақыт Жалғас