Жамбыл жаңалықтары

Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір

Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйінде болып, «Aulieata-Media» ЖШС ұжымының жұмысымен танысып, қызметкерлердің жұмыс орындарын аралап, еңбек жағдайымен танысты.

 Одан кейін «Aq jol», «Знамя труда» және «AR-АI» газеттерінің, сондай-ақ «Jambylinfo» ақпараттық агенттігінің редакциялық ұжымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында Лесбек Құралбайұлы қоғам бірлігі мен оның тұрақты дамуының басты шарты билік құрылымдары мен облыс тұрғындары арасында жақсы қарым-қатынастың орнауында екенін атап өтті.

Бұл істе БАҚ өкілдері үлкен рөл атқаратынын жеткізді. – Бұқаралық ақпарат құралдарын билік пен бұқара арасындағы алтын көпір деп бекер айтпаған. Олар қарашаның ахуалын айтады. Жай-күйін көрсетеді. Біртіндеп мәселенің шешілуіне атсалысады. Жұрттың тілегі, өтініші мен үміті журналистердің қаламының ұшында жинақталған.

Алайда шындықты шырылдап айтатын тілшілерге зор жауапкершілік жүктелген. Журналист сын мақалаларды нақты дәлелдермен, фактілер келтіре отырып жазғаны абзал. Өйткені оның да есебі бар, күні ертең мақалаға қатысты іс қозғалып жатса, өзінің дұрыстығын дәлелдей білуі қажет.

– Газет оқу да мәдениеттің бір түрі. Ал мәдениет мәжбүрлеуден басталады деп жатамыз. Сондықтан басылымға жазылуды талап ету ұят емес. Бұл істе қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз. Аудан әкімдері, басқарма басшыларына тапсырма береміз. Бірақ сіздерде де оларды қызықтыратын, ынталандыратын дүниелер болуы керек. Қызықты, танымдық-тарихи, зерттеу, облыстың беткеұстар тұлғалары туралы мақалалар жиі жарияланып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ал журналистер болса, редакциялардың материалдық-техникалық базасы жаңартуды қажет етіп тұрғанын тілге тиек етіп, көмек сұрады. Сондай-ақ медиахолдинг қызметкерлерінің жалақысын көтеру жайы назарға алынса деген өтініш айтылды. Лесбек Ілебаев барлық өтініштер жан-жақты зерттелетінін, одан кейін жауаптар беріліп, тиісті жұмыстар қолға алынатынын айтты.

А.БЕКЕНҚЫЗЫ