Ұлы мұрат жолында
Қазақ баспасөзінің тарихы 2 ақпаннан басталады. Нақтырақ айтсақ, ұлттың мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газетінің бірінші саны дәл осы күні жарық көрген болатын. Осыған байланысты былтыр Ұлттық музейде БАҚ қызметкелері күніне орай «Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні» атты көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі 2 ақпан Ұлттық басылым күні деп белгіленгенін айтқан болатын. Осылайша биыл алғаш рет Ұлттық басылым күнін тойлағалы отырмыз. Расында, бұл – кешегі Алаш қайраткерлеріне деген шынайы құрмет.
Алаштанушы, қазақтың алғашқы баспасөзі мен оқулықтарын зерттеуші Абай Мырзағали екі газет те сол кездегі патша үкіметінің жергілікті басқару органдары арқылы шығып тұрғандықтан әрбір санында үкімет қаулылары және өлке тарихына қатысты құнды жазбалар жарияланғанын айтады. – 1905 жылы бірінші орыс төңкерісінен кейін баспасөз еркіндігін пайдаланған қазақтар 1907 жылы Троицк қаласында Хайым Шомылов Сасновский, Жетпісбай Андреев, Ешмұхамед Имамбаевтардың басшылығымен «Қазақ газеті» атты газет шығып, бірнеше саны басылған соң тоқтайды.
1907 жылы наурызда Петербург қаласында Ғабдрашид Ибраһимов пен Дума депутаты Шәймерден Қосшығұлов жетекшілігімен «Серке» атты 15 күнде бір шығатын газет басылады. Бірнеше саны шыққан соң «Серке» газеті һәм онымен қанаттас татардың «Улфат» газеті де цензурамен жабылып, таратылған сандары полиция тарапынан тәркіленеді. Тек 1911 жылы шыққан қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» және Ордада шыққан «Қазақстан» газетінің ғұмыры ұзақтау болды.
«Халықтың қай дәрежеде алға кеткендігі халық арасында таралған газет, журнал һәм кітаптарынан білінеді» деп, «Айқап» журналының (1911-1915 жылдар) тұңғыш санында журналды шығарушы Мұхаметжан Сералин айтқандай немесе «Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек!» деп, «Қазақ» газетінің (1913-1918 жылдар) алғашқы санында Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай, ұлтты ағарту, ұлтты ұйыстыру бағытындағы өздерінің тарихи міндеттерін адал атқарды, – дейді Абай Мырзағали. Шынымен де ғалым айтқандай, сол ғасырда жарық көрген басылымдарымыздың қай-қайсысы болмасын қазақ үшін қажырлы еңбек етті. Мысалы, 1911 жылы 10 қаңтар күні Мұхаметжан Сералиннің бастыруымен Троицк қаласында шыққан қазақтың тұңғыш журналы «Айқапты» алып қарасаңыз, қазақ балаларының көзін ашу үшін өнімді жұмыс істегені байқалады.
Ғалым А.Мырзағали бұл туралы: «Журнал қазақ кітаптары мен оқулықтары туралы жарнама һәм түсініктемелер беріп отырды. Олардың қатарында: «Қырық мысал», «Оян, қазақ!», «Әлфба төте оқу», «Көкселдір», «Әдебиет өрнегі», «Бақытсыз Жамал», «Көркінді бала һәм үлгілі ана», «Топ жарған», «Иман һәм намаз», «Пайғамбар заманы», «Қазақ шежіресі» және тағы да басқа кітаптар кездеседі. Ал «Айқаптың» жалпы 88 нөмірі жарық көрді.
1911 жылы 12 саны, 1912 жылы 14 саны, 1913 жылы 24 саны, 1914 жылы 24 саны, 1915 жылы 14 саны толық шықты. 1914 жылы басталған бірінші жаһан соғысы қазақ қоғамына да әсерін тигізбей қоймады. Баспахана бағасының көтерілуі һәм жазылушылар саны азайғандықтан журнал 1915 жылдың 28 тамызындағы №14 санынан бастап тоқтатылды» деген дерек келтіреді. Сонымен қатар ғалым өз зерттеуінде 1911-1913 жылдар аралығында алғашқы екі саны Хан Ордасынан шығып, қалған сандары Орал қаласынан басылған «Қазақстан» газеті туралы, 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында қазақтың алғашқы жалпыұлттық «Қазақ» газеті шыққаны жайлы мол мағлұматтар береді.
Сондай-ақ 1918 жылға дейін шыққан «Қазақ» газетінің ізін басып Семейден «Сары Арқа», Ташкенттен «Бірлік туы», Ордадан «Ұран» газеттері шыққанын айтады. Бұдан бөлек 1918 жылы Семейден «Абай» журналы, Петропавлдан «Жас Азамат» газеттері іркес-тіркес жарық көреді. «Қазақ» газетінің алғашқы 40 санын Мұстафа Оразаев бастырса, 41-санынан бастап «Азамат серіктігі» бастырған. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жанұзақ Жәнібекұлы да талай санын жарыққа шығарған. – «Қазақ» газетінің жалпы 266 нөмірі жарық көрді. 1913 жылы 44 саны, 1914 жылы – 48, 1915 жылы – 71, 1916 жылы – 48, 1917 жылы – 46, 1918 жылы 9 саны басылды. 1915 жылдан бастап жетісіне екі мәрте, жыл ортасында қайтадан бір мәртеден басылды. Соңғы №266 саны 1918 жылы 26 қыркүйекте жарық көрді. Газеттің 1913, 1914, 1915 жылғы сандары жинақталып, жеке кітап болып басылып шықты, – дейді А.Мырзағали. Иә, бұл бір қазақ баспасөзінің дәуірлеген кезеңі болды десек те болады. Бұл сөзімізге Семей қаласында «Алаш» баспаханасында 1917-1919 жылдар аралығында басылып шыққан «Сарыарқа» газеті, 1917-1918 жылдар аралығында Ташкент қаласында шығып тұрған «Бірлік туы», 1917-1918 жылдары Ордада шығып тұрған «Ұран» газеті болсын немесе 1918 жылы Абайға арнап шығарылған алғашқы басылым «Абай» журналы болсын, бәрі де қазақ руханиятының қазынасына түскен бір-бір алтын болғаны анық.
Бұдан бөлек те 1918-1919 жылдар аралығында Петропавл қаласында шығып тұрған «Жас Азамат» сынды жастар газеттері болған. Атақты Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі осы газеттің 1918 жылғы №1 санында жарық көрген болатын. Ал солшыл бағытты ұстанған «Алаш» және «Үш жүз» сияқты газеттердің шығып тұрғанын да атауға болады. Бұл туралы Абай Мырзағали: «Жалпы «Алаш» газетінің 30-дан астам саны, «Үш жүз» газетінің оннан астам саны шығып, жабылады. Мерзімді басылымдармен қатар, қазақтың оқыған жастары қолжазба журналдар да шығарып тұрды. Бұлардың қатарында Уфадағы «Ғалия» медресесінің жастары «Садақ» журналын (1915-1918 жылдар), Омбыдағы қазақ жастары «Балапан» журналын (1915-1916 жылдар), Алматыда «Садақ» журналы (1917-1918 жылдар), Петропавлдан «Жаңа заман» журналдары (1917-1918 жылдары) шыққанын атап өтуге болады. Ресей және Қазақстан аумағында Азамат соғысы (1918-1920 жылдар) аяқталып, бүкіл елде большевиктер билікті қолға алған соң жер-жерде баспалар ретке келіп, ұлттық басылымдар қайта шыға бастады.
Шығарушылар бұрынғы Алаш Орданың белді мүшелері болғандықтан көпшілік газет-журналдардың идеялық бағыты ұлттық сипаттан ажырамады. Олардың қатарында Петропавлдан «Бостандық туы» (Мағжан Жұмабайұлы, Жанұзақ Жәнібекұлы), Семейден «Қазақ тілі» (Жүсіпбек Аймауытұлы, Мәннән Тұрғанбай), Қостанайдан «Ауыл» (Мұхаметжан Сералин), Ташкенттен «Ақжол» (Сұлтанбек Қожанұлы) газеттерін атауға болады. Көп ұзамай бұл басылымдар үкімет тарапынан шектеуге ұшырап жабылады немесе атауы өзгертіліп, шығарушылар ауысады. Сонымен қатар қарапайым шаруалар мен кедейлердің үні ретінде қазақтілді баспасөздердің келесі бір толқыны пайда болды.
Ондай басылымдар көбіне «Кедей» атауын қолданды. Мысалы, «Кедей сөзі» (Омбы, 1920 жыл), «Кедей еркі» (Алматы, 1921 жыл), «Кедей» (Темір, 1924 жыл), «Кедей айнасы» журналы (Ташкент, 1923-1924 жыл), «Кедей тілі» (Астрахань, 1924 жыл) сияқты губернелік газеттер еді. Жаңаша атаумен жарық көрген аудандық газеттердің қатарында бүгінгі Жамбыл облыстық «Аq jоl» газетінің бастауы болып табылатын «Кедей еркі» газеті де бар», дейді. Иә, сол қазақ газеттерінің жалғасы болған облыстық «Аq jоl» газеті 100 жылдан бері оқырмандарын қуантып келеді. Ғасырлық тарихы бар ата газет бастаған облыстық «Знамя труда» және «AR-AI» жастар газеті бүгінде «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне топтасып, заманауи тұрғыда өнімді жұмыс істеп тұр. Жалпы бүгінгі таңда облыста 82 бұқаралық ақпарат құралы болса, оның 45-і басылым. Сондай-ақ 4 телеарна және 33 ақпараттық агенттік тіркелген. 2023 жылы ақпараттық саясатқа жалпы облыс бойынша 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл да болса мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау. Әрі кешегі Алаш зиялылары шығарған газеттердің арасын үзбеуге деген ынта болса керек.
Шапағат Әбдір