Жаңалықтар

Оқушыларға сабақ үстінде смартфон ұстауға тыйым салынады: Сенат заңды мақұлдады

Оқушыларға сабақ үстінде смартфон ұстауға тыйым салынады: Сенат заңды мақұлдады

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлданды, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Сенатор Алтынбек Нухұлының айтуынша, заң жетім балалар үшін тәлімгерлік институтын енгізуді, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейтуді көздейді.

Құжатта балалардың қауіпсіздігі үшін терезелерді қауіпсіздік құлпымен қамтамасыз ету туралы міндетті норма ұсынылған. «Сондай-ақ заңда жаңа ықшам аудандарында көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде, құрылыс жобалау құжаттарында әлеуметтік маңызы бар – білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің міндетті түрде болуын ескеру туралы нормалар енгізілді. Яғни денсаулық сақтау және білім беру объектілерін орналастыру есепке алынбаса, онда бұл аумақта көппәтерлі тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады. Жаңа талап үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, сапалы білім беруге және тұрғындарға медициналық көмекті оңай әрі жылдам алуға мүмкіндік береді», - деді Алтынбек Нухұлы. Сенатор заңда жетім балалардың құқығын қорғайтын норма барын атап өтті.

Сондай-ақ құжатта «оқушыларға сабақ кезінде телефон ұстауға болмайды» деген норма да бар. «Оқу процесінде ұялы телефондарды пайдалануға шектеу қоюды енгізу, тестілеусіз бірінші сыныпқа қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезекті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар ұсынылған», - деді Алтынбек Нухұлы.