Жаңалықтар

МЕДИЦИНАҒА ҚАТЫСТЫ ДАҚПЫРТТАР

МЕДИЦИНАҒА ҚАТЫСТЫ ДАҚПЫРТТАР

Жалпы адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық, одан асқан қымбат құндылық жоқ. Сондықтан кім де болса бір жерден денсаулыққа қатысты материал оқып, сайттардан контент көрсе болды имандай сенуге бейіл тұрады. Расында, тәннің саулығы бәрінен қымбат қой. Алайда әлгіндей ақпараттардың арасында адамның ойын сан-саққа жүгіртіп, сарсаңға салатын жалғанға жақын, ақиқаттан алыс ақпараттар да толып жүреді. Сол себепті жылт еткен жаңалықтың бәрін шындық деп есептемей, бір сәт оны қисынға келтіріп, өзге де ресми ақпараттармен, статистикамен салыстырып алған жөн. Ендеше төменде адам денсаулығына қатысты әлемдік, отандық желі жазбаларындағы жалған ақпараттарды бір саралап көрелік.«5G технологиясы қатерлі ісік тудырады»

«Telegram» арналарының бірінде «5G технологиясы ісіктер, неврологиялық проблемалар тудырады, иммундық және репродуктивті жүйеге зиян келтіреді» деген видео тарады. Хабарламаға сәйкес, «ұялы байланыс бағаналары аймағында қатерлі ісік ауруы қалыпты деңгейден шамамен 3-4 есе жоғары» делінген. Бұл рас па?Анықтайық. Видео Калифорния Ми ісіктері қауымдастығы өкілінің атынан шыққан. Бұл 2009 жылы құрылған жекеменшік ұйым. Қауымдастық мүшелері ұялы телефондар қатерлі ісік ауруын тудырады деп мәлімдеген. Алайда мұны жоққа шығаратын зерттеулер көп. 2022 жылы «Journal of the National Cancer» институтында Ұлыбританияның миллион тұрғыны қатысқан эксперименттің нәтижелері жарияланды. Ғалымдар радиожиілік сәулеленуінің әсерін зерттеді. Қорытындысы анық: ұялы телефонды пайдалану мен ми ісігінің арасында байланыс жоқ. 5G желісі пайда болғаннан кейін калифорниялық қауымдастық оған да белсенді қарсылық таныта бастады. Одан басқасы да бар. 2019 жылдан бері 5G туралы қастандық теориясы пайда болды. Оны жақтаушылар технология адамдарды өлтіру үшін әдейі жасалған деп мәлімдеді. 5G – кеңжолақты ұялы желілер үшін қолданылатын ең жаңа технологиялық стандарт. Ұялы байланыстың бесінші буыны жоқ жерден пайда болған жоқ, ол 3G мен 4G-ді алмастырады. 5G-дің ерекшелігі – жоғары жүктеу жылдамдығы, деректерді жіберуге аз уақыт жұмсалады және әлем бойынша пайдаланушыларды барынша көп қосу мүмкіндігі бар. Толқындар мен жиіліктер де бұрынғы, «Massive MIMO» және «Beam Forming» технологиялары қолданылады. Аустралияның онкологиялық кеңесінің порталында 5G технологиясы ұялы телефондар мен базалық стансалар арасындағы байланыс үшін қолданылатындығы жазылған. «Бұл – радиожиілік электромагниттік энергия. Ол ДНҚ-ға зақым келтірмейтін иондаушы емес сәулеленудің бір түрі. Жаңа буындағы желілер адам денсаулығына кері әсер ететініне ешқандай дәлел жоқ», делінген ДДҰ сайтында. Еуропарламент комиссиясы 2021 жылы 5G технологиясы адамдар үшін қауіпсіз деп мәлімдеді. 2023 жылдың наурыз айында 5G Қазақстанда енгізіле бастады. Алғашқы базалық стансалар Алматы мен Шымкентте орнатылды. 5G пайдаланылған кезеңде ғалымдар зерттеу жүргізуді тоқтатқан жоқ. Бүгінгі таңда беделді дереккөздердің ешқайсысында жаңа технология денсаулыққа қауіпті деп хабарланған жоқ. Демек, «Telegram» арнасындағы жарияланым – фейк. [gallery size="full" ids="23628"] Вакцинадан сескенуге негіз жоқ «Instagram»-да пайдаланушылар COVID-19-ға қарсы вакциналар вирусқа қарағанда қауіпті делінген постты талқы­лауда. Бұған дәлел ретінде ол 2021 жылы «Lancet» медициналық журналында шыққан ревакцинациядан бас тартуға шақыратын мақаланы ұсынады. Бұл –өтірік. Британдық «Lancet» журналы –медицина саласындағы беделді басы­лым. Онда медицина және биология салаларындағы соңғы зерттеулер мен шолулар жарияланады. Сондай-ақ бірнеше мамандандырылған журнал жарық көреді. Олардың бірі – «The Lancet Infectious Diseases». Ол тек жұқпалы аурулар туралы ғана жазады. «Lancet»-те COVID-19-ға қарсы ревакцинация туралы мақалалар топтамасында ғалымдар вакцинациялауды қайта енгізу туралы теріс пікір білдірген бірде-біреуі жоқ. Фейк жарияланымда журналдағы мақала авторларының бірі азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы (FDA) екені айтылған. Америкалық ведомствоның сайтында «COVID-19 вакцинациясы» бөлімі бар. Онда рұқсат етілген вакциналар туралы барлық ақпарат орналастырылған, ол үнемі жаңартылып отырады. 2021 жылғы 21 қыркүйекте FDA коронавирустық инфекцияға қарсы «Pfizer-BioNTech» бустерлік дозасын қолдануға рұқсат берді. Бірақ қайта егу бастапқы және халықтың белгілі бір тобына 6 айдан кейін ғана жасалуы тиіс еді. «Pfizer-BioNTech»-пен ревакцинациялау мақұлданғанға дейін басқарма отырыс өткізіп, тәуелсіз сарапшылар мен денсаулық сақтау саласы өкілдерінің пікірлерін тыңдады. Вакцинацияға қарсы адамдар коронавирусқа қарсы егу аурудан да қауіпті деп бірнеше рет айтқан болатын. Олардың дәлелдерін әртүрлі елдердің фактчекерлері жоққа шығарды. 2021 жылдың шілде айында «Reuters» агенттігі британдық тұрғын таратқан фейкті тексерді. Ол да екпелер қауіпті деп мәлімдеген. Ғылыми қауымдастықтар мен ауруханаларға хабарласқаннан кейін журналистер вакциналар ауруханаға жатқызу және өлім қаупін күрт төмендететініне көз жеткізді. Егу 100 пайыз инфекцияның алдын алмаса да оны алғандар мен ауру жұқтырған адамдар COVID-19-ды оңай көтереді. Денсаулық сақтау қызметкерлері вакциналардың қауіпсіздігін үнемі қадағалап отырады. Иммундаудың пайдасы кез келген қауіптен артық. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина аурудың өзінен гөрі қауіпті екенін растайтын бірде-бір ғылыми зерттеу жоқ. COVID-19 геномы ашылған ба? «Instagram»-да COVID-19 вирусының геномын ашу туралы видео жарияланды. Ғалымдар онда үш ген тапқан екен. Олардың бірі – еуропалық емес адамдарда өлім-жітімнің жоғары болуына әсер етеді, ал екіншісі – 65 жастан асқан адамдарда ауыр аурулар мен өлім ықтималдығын геометриялық түрде арттырады екен. Спикердің айтуынша, бұл коронавирустық инфекцияның АҚШ-та әзірленгенін дәлелдейді. Неліктен бұл шындыққа жанаспайтынын түсіндірейік. Видеода Алексей Ситниковтың 2023 жылдың қарашасында блогер Александр Соколовскийге берген сұхбатынан үзінді келтірілген. Подкастта адам денсаулығы және оған әртүрлі факторлардың әсері талқыланады. Ситников айтқан коронавирустық инфекцияның геномы ашылған және көпшілікке қолжетімді. Ресейде ғалымдар COVID-19 геномының толық секвенирленгені туралы 2020 жылдың наурызында жариялады. А.А.Смородинцев атындағы тұмау ҒЗИ мамандары нуклеин қышқылдары, ақуыздардың аминқышқылдары мен нуклеотидтер тізбегін анықтай алды. Ситниковтың адамдардың еуропалықтар немесе азиялықтар болсын, ерлер немесе әйелдер болсын, белгілі бір топқа қарсы бағытталған генетикалық қару жасай алатындығын ғылыми зерттеулердің ешқайсысы растамайды. Ресей биологы және ғылымды насихаттаушы Александр Панчин неліктен белгілі бір генетикалық нысанаға әсер ететін генетикалық қару жасау мүмкін еместігін түсіндірді. Біріншіден, зерттеу жүргізу үшін вирус жұқтыратын еріктілер қажет. Бұл ретте этика мен мораль мәселелері туындайды. Зерттеу жүргізілді делік, бірақ вирус дамиды. Яғни оның мутацияланған нұсқасы белгілі бір топқа жұғып, беріледі. Бастапқы нұсқамен бірге жаңа вирус тарала бастайды. Панчин айтқандай, «вирус сарбаз емес, ол еркін тіршілік иесі». Сол сияқты белгілі бір ұлтқа немесе этникалық топқа қарсы генетикалық қару жасау да мүмкін емес. Адамның белгілі бір этникалық топқа жататындығын көрсететін бірде-бір генетикалық маркер жоқ. Осылайша Алексей Ситников COVID-19 пандемиясы жасанды болған деген конспирологиялық теорияны қайталап айтады. Ғалымдардың жыныстық немесе этникалық белгілері бойынша белгілі бір топтарға бағытталған вирустар ойлап таба алатындығына ешқандай дәлел жоқ. Болашақта аутизм мен шизофрения өрши ме? Қазақстандық әлеуметтік желілерде пайдаланушылар COVID-19-ға қарсы екпелерге қатысты көзқарасын айтқан доктор Рассел Л.Блейлоктың видеосын таратуда. Оның пікірінше, вакцинация болашақ ұрпақтарда аутизм мен шизофрения жағдайларының күрт өсуіне әкеледі. Бұрын аутизмнің таралу деңгейі 10 мың балаға шаққанда 1 жағдайды құраса, 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 44 балаға 1 жағдайға дейін өскен.                            Бұл ақпарат –фейк. Америкалық нейрохирург Рассел Л.Блейлок жалған ғылыми теорияларды таратушы ретінде белгілі. Бұл COVID-19 пандемиясына дейін басталған. Блейлок Кеңес одағын ЖИТС індеті және Америкада жыныстық жолмен берілетін аурулардың өршігені үшін айыптады. АҚШ Денсаулық сақтау жүйесін реформалаудың артында халықты басқарғысы келетін «элита» тұр деп мәлімдеді. 2022 жылдың маусымында Рассел Л. Блейлок: «COVID-19 – бұл үкімет, медициналық ұйымдар және БАҚ қолдайтын алаяқтық» деп айтты. Аутизм вакцинациямен байланысты деген фейкті ойлап тапқан Блейлок емес. Ол өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында пайда болған. Бұған Эндрю Уэйкфилдтің беделді «The Lancet» журналында жариялаған зерттеуі септігін тигізді. Сарапшылардың пайымдауынша, генетика, стресс, психологиялық бейімділік және қоршаған орта рөл атқарады. Ауру жасөспірім кезде жиі байқалады. Шизофренияның вакцинациямен байланысты болуы мүмкін екендігіне ғылыми дәлел жоқ.

Жасұлан БАҚЫТБЕКҰЛЫ