Жастар

«EREKSHE» – ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ

«EREKSHE» – ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ

«Білімдіге дүние жарық» демекші, бүгінде білім нәрімен сусындап, қанатын кеңге жайып жүрген жерлестеріміз жетерлік. Соның бірі – Мұхтарәлі Әбуәлі.Ол жыл соңында «AMANAT» партиясы «Jastar ruhy» жастар қанатының «Рухтастар» сыйлығының иегері атанды. Білімді жас еліміздегі жастар саясатының дамуына елеулі үлес қосқан және қоғам игілігі жолында жемісті қызмет еткен өрендерге берілетін марапаттың «Жылдың әлеуметтік жобасы» аталымында «Erekshe» жобасы үшін жеңіске жетті.

Бұрнағы жылы тараздық белсенді жас сол кездегі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында «Медиа» бағыты бойынша жеңіске жетіп, 3 миллион теңге көлеміндегі грант иегері атанған еді. Бекітілген талап бойынша жеңімпаз ұтып алған қаржыға өзінің жобасын іске асыруы қажет болған. Сол уақыттан бастап грант иегері волонтерлік бағыттағы әлеуметтік жоба ретінде көзі нашар көретін және зағип балаларға арнап «Erekshe» комикс кітабын басып шығаруды қолға алды. Оқырманның есінде болса, бұл жөнінде басылым бетінде мақала жариялаған болатынбыз. Жыл соңында Мұхтарәлі «Erekshe» жобасын толығымен аяқтап, «Дәрігердің реинкарнациясы» деп аталатын комикс кітабының тұсауын кесті. Жаңа кітаптың таныстырылымы облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада өтті. Волонтер ерекше балаларға арналған «Erekshe» комикс кітабын шығару шешімін не үшін қабылдағанын бізге баяндап берді. – Комикс кітабы қазақ тілінде Брайль шрифтімен басылып шықты. Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында жапониялық және кореялық комикстер, яғни манга мен манхваның оқырмандары артып келеді. Соның көпшілігі – мектеп оқушылары. Сол себепті заманауи тенденциялар мен жастардың қалауына сүйене отырып, осы екі танымал комикс-кітап жанрларын жарыққа шығаруға бел байладым. Негізінен батыс жақтың комикстері қызықты болғанымен атыс-шабыс, төбелеске толы. Ал шығыс халқының комикстері рухани құндылық, философиялық негізге құрылған. Ерекше жаратылған балаларды жауыздықтан аулақ ұстап, керісінше өміріне мағына беріп, жігерлендіретін кітап жазғым келді. Ойлана келе, таңдау «Дәрігердің реинкарнациясы» манхвасына түсті. Манхвада Ким Джи Хун есімді хирург дәрігердің өмірі баяндалады. Білікті хирург ретінде өзін таныта алмаған дәрігердің өмірінде адам сенгісіз оқиға орын алады. Яғни Ким Джи Хун мектеп шағына қайта оралатын мүмкіндікке ие болады. Ол қолда тұрған мүмкіндікті қалт жіберіп алмау керек деп ойлайды. Жақсы дерматолог атанып, болашақта аянышты өмірін дұрыстап, мансап пен ақшаға, абыройға қол жеткізу үшін барын салатын болады. Осы дәрігердің тағдыры арқылы қандай жағдай болса да өмірден күдер үзбей, күресуді жалғастыру керектігін көрсеттім. Манхва 10 бөлімнен тұрады. Олардың әрқайсысы алдыңғы серияның жалғасы. Зағип және нашар көретін балаларға көмектесе отырып, қазақ тілінде қолжетімді контенттерді кеңейткіміз келеді. Осы кітаптың көмегімен мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесімізді қосамыз. Сондай-ақ балаларды қазақ тілінде ойлауға және сөйлеуге ынталандырамыз, – деп толықтырып өтті кітап авторы. Жобаны әзірлеуге жарты жылдан астам уақыт кеткен. Соңғы айларда уақытын кітапты өңдеуге сарп еткен. «АMANAT» партиясы облыстық филиалы «Jastar ruhy» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбектің айтуынша, комикс кітап балалар арасында танымал болатынына сенім мол. – Қазақстанда Брайль шрифтінде басылып жатқан кітаптардың басым бөлігі үлкен азаматтарға арналған. Балалар үшін жарияланатын кітаптар өте аз. Осыны ескерсек, Мұхтарәлінің «Erekshe» жобасы еліміз үшін үлкен феномен әрі маңызды тәжірибе. Автордың кітаптары облыстағы мамандандырылған кітапханаларға таратылды. Енді зағип және көзі нашар көретін балалар қоғамнан шет қалмай, қазіргі заманда танымалдылыққа ие комикс кітаптарды оқи алады. Қазірдің өзінде кітап өз оқырмандарын тауып үлгерді. Манхва туралы айтылып жатқан пікірлер жақсы. Мұхтарәлі жобасы қолдауға ие болса, ол бұл істі одан әрі дамытуға ниетті. Ал біз қашанда талантты жасты қолдауға әзірміз, – дейді У.Болатбек. Небәрі 26 жастағы жігіттің қоғамдық жұмыстарға қосқан үлесі аз емес. Ол – физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі. Мектепті тәмамдаған 2016 жылы Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің теңіз академиясы факультетіне «Теңіз техникасы және технологиясы» мамандығына оқуға түседі. Аталмыш білім мекемесін 2020 жылы аяқтап, сол жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне «Ақпараттандыру және басқару» мамандығы бойынша магистратурада білімін жалғастырды. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасында волонтерлік қызметте жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Волонтерлік жұмыстар үшін жиырма беске жуық шағын грант жеңіп алып, көптеген жобасын іске асырған. Сондай-ақ Мұхтарәлі қазір облыс жастары арасында танымал «Jaryq» интеллектуалды ойынының негізін қалаушы. – Жоба авторы болғаныммен ойымды жүзеге асыруға Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы қаржылай қолдау көретті. «Қараңғыдан тек ақыл-біліміңмен шыға аласың» деген мағынамен интеллектуалдық ойынның атауын «Jaryq» деп қойдым. Жобаның мақсаты – жастар арасында интеллектуалды, зайырлы орта қалыптастыру. Ойын арқылы қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, әрі дүниетанымын кеңейтеді, әрі уақытын пайдалы өткізе алады. Жобаның ерекшелігі – мектепте кездесетін сұрақтар қоймаймыз, логикаға көп көңіл бөлеміз. Логикалық сұрақтар арқылы жастардың талдау жасау, креативті ойлау қабілетін жақсартқым келді. Тағы бір айта кетерлігі, қалада интеллектуалдық ойындардың біразы орыс тілінде өтеді. Сондықтан жобаны мемлекеттік тілде құрастырып, қазақша контентті дамытуға күш салдым. Әр ойынға тұрақты 17/20 команда келіп қатысып жатады. Ең алғашқы маусымның жеңімпаздары –«Тараз жастары» командасы. Ойын 6 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – «Викторина», бұл бөлімде 4 нұсқасы бар сұрақтар қойылады. Келесі кезең – «Шазам немесе медиа» деп аталады. Бұл сайыста музыка немесе фильмдерге қатысты тапсырмалар беріледі. Мәселен, «Мынау қай әннің минусы?», «Мына әуеннің алғашқы орындаушысы кім?» дегендей сұрақтар қойылады немесе ән теріс орындалады, фильмдердің афишалары мозайка түрінде көрсетіледі, актердің дауысы жасырылады. «Қара жәшік» деп аталатын үшінші кезеңде, яғни аты айтып тұрғандай, қара жәшікке жасырылған затты табу керек болады. Төртінші кезең «Тақырып» деп аталады. Бұл бөлімде қойылған сұрақтардың жауаптарының барлығы белгілі бір тақырыпқа сай болады. Мысалы, біздің бір ойындағы тақырыбымыз түстерге арналды. Анықтап айтсам, жасырылған сұрақтардың жауаптары Ақбілек, қызыл алма, Ақсерек пен Көксерек секілді белгілі бір түстерге қатысты болды. Бесінші кезең «Қисын» деп аталады. Бұл бөлімге қойылған сұрақтарға екі минут уақыт беріледі. Өйткені бұл кезеңдегі сұрақтар өте қиын. Соңғы «Жұмбақ» деп аталатын алтыншы кезеңнің тапсырмалары өте жеңіл, ойлануды да қажет етпейді. Алайда бұл кезең зеректік пен шапшаңдықты анықтауға арналған. Тіпті тапсырманың кей жауаптары сұрақтың өзінде жасырылып тұруы мүмкін. Тағы бір айтарлығы, әр кезеңнің тапсырмаларынан бөлек ерекше сұрақтар қосымша жасырылады. Қосымша сұраққа жауап беру арқылы командалар +2 ұпай жинай алады. Жобаның жаңа маусымы ақпан айының аяғында басталады. Журналистер келіп қатысып, ойын туралы толық ақпарат таратар болса, әрине, алғысымыз шексіз! – дейді Мұхтарәлі Мұратұлы. Жалынды жас алдағы уақытта шетелге шығып, тәжірибе жинақтап, білімін кеңейткісі келеді. Қазақ-Британ техникалық университетінің қабырғасында жүргенде іс-тәжірибе жинау үшін шетелдерге жиі практикаға шығып тұрған. Сингапур, Корея, Финляндия, Египет, Бельгия, Германия Голландия мемлекеттерінде де болған. Болашақта шетелде жұмыс істеп, өзін дамытқысы келеді. «Болашағымды – шетелде көремін» деген жігіт дамыған мемлекеттердің тәжірибесін жинап, оны Қазақстанға әкеліп, мемлекетімізді озық елдердің қатарына қосуды армандайды. Сондай-ақ «Erekshe» жобасы халық арасында қолдауға ие болса, қазақ және орыс тілінде Брайль шрифтіндегі өзге де комикс кітаптарын шығарып, көрші облыстарға да таратуды жоспарлап отыр. Жалпы елімізде балалар жасына арналған түрлі туынды болғанымен көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған туынды өте аз. Аталған туынды осы саладағы серпін беретін бастама болатынына кәміл сенеміз.

Ақтоты Жаңабай