Қауіпсіздік айлығы өтуде
Қауіпсіздік айлығы өтуде
Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері мен облыстық «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, «ҚазТрансАймақ» акционерлік қоғамы облыстық филиалының мамандарымен және «Жібек жолы жастары» волонтерлерімен бірлесе отырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігі сенбілігі өткізілді. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізушілер 1 125 жеке тұрғын үйді аралап, 2 952 тұрғынға жылыту маусымы кезінде және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді. Тұрғын үй секторларында болып жатқан өрттерге тұрғындардың отқа абай болмауы, пештерді, тұрмыстық газ құрылғыларын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуы, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін сақтамауы себеп болуда. Сонымен қатар балалардың отпен ойнауы, тұрмыстық электрлік аспаптарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелеріне, темекі шегу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға мән бермеу де өрттің шығуына түрткі болуда. Өзіңіздің тұрғын үйде қарапайым тұрмыстағы өртті және адам өлімін болдырмау үшін өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтау жеткілікті. Зақымдалған электр құралдарын, оқшаулануы бұзылған электрсымдарды қолданбаңыз. Балаларға сіріңке бермеңіз, оларға отпен ойнау қауіпті екенін түсіндіріңіз, балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыз. Үйден (пәтерден) шыққанда электр жылыту құралдарын қараусыз қалдырмаңыз, тұрмыстық электр құралдарын және жарықты сөндіруді ұмытпаңыз. Бір розеткаға екіден артық электр құралын қоспаңыз. Жұртшылықпен және халықпен, бұқаралық ақпарат құралдарымен жүргізіліп жатқан тығыз жұмыс біздің күнделікті қызметте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белгілі бір нәтижелер береді деп үміттенеміз. Өрт кезінде «101» немесе «112» нөмірлеріне қоңырау шалу есте болғаны абзал, өйткені «Апат айтып келмейді».
Еркебұлан ШАРИПБАЕВ, Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының инженері