Жаңалықтар

МАЛ ҰРЛЫҒЫМАЛ ҰРЛЫҒЫ АЗАЙҒАНЫМЕН...

МАЛ ҰРЛЫҒЫМАЛ ҰРЛЫҒЫ АЗАЙҒАНЫМЕН...

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында ішкі істер органдарының бірінші жартыжылдықтағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қылмыстардың жалпы саны 1,1 пайызға төмендеген. Қабылданған алдын алу іс-шараларының нәтижесінде ұрлықтың жалпы саны азайып, ал ауыр санаттағы ұрлықтың ашылуы 1,8 пайызға ұлғайған. Ішкі істер органдарында есепте тұрған әрбір қалта ұрысына «әлеуметтік паспорт» жасалыпты. Жыл басынан бері мал жаю ережелерін сақтамағаны үшін кәсіпкерлерге әкімшілік құқықбұзушылық туралы 743 хаттама толтырылыпты. Мал ұрлығымен айналысатын 11 адамнан тұратын 5 қылмыстық топ ұсталған. Сондай-ақ, 41 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жарты жылдың қорытындысы бойынша интернет-алаяқтық едәуір (271-ден 152-ге дейін) қысқарған. Облыс әкімі аймақтағы бес ауданда мал ұрлығы жиілеп кеткеніне назар аударып, полиция департаментіне алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындар арасында мал жаю ережелерін бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, БАҚ арқылы тұрғындарды алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ескерту керектігі тапсырылды. – Әлеуметтік желілерде автокөлікті техникалық байқаудан заңсыз өткізу мәселесі жиі талқылануда. Өкінішке қарай, статистика дәл осындай жосықсыз жүргізушілердің кінәсінен жол-көлік оқиғалары орын алатынын көрсетіп отыр, – деген облыс әкімі бұл мәселе бойынша көліктік бақылау инспекциясына ескертулер айтты. Келесі кезекте кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу шараларына қарсы іс-қимыл мәселелері қаузалды. Бұл ретте облыс әкімдігінің ішкі саясат, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары мен полиция департаментіне алдын алу іс-шараларының бірлескен кешенді жоспарын жасап, полиция департаменті ювеналды полицияның жұмысын жандандыру, аудандық әкімдіктерге мектеп психологтарының біліктілігін арттыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Мұнан соң өңір басшысы бірқатар аудан әкімдерінің, аудандық полиция бөлімі басшыларының құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізу мәселелері жөніндегі есептерін тыңдады. Отырысқа қатысушылар учаскелік инспекторлардың баспанасымен біріктірілген учаскелік полиция пунктерінің құрылыс барысын да талқылады. Өткен жылы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Байзақ ауданында осындай 5 пункт, Тараз қаласында 4 модульдік полиция пункті пайдалануға беріліпті. Биыл Жамбыл, Байзақ аудандарында, Таразда 5 учаскелік полиция пунктін салу жоспарлануда. Облыс әкімі жыл сайын барлық аудандарда осындай пунктерді кезең-кезеңімен салуды тапсырды. Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл. Есепті кезеңде облыс аумағында 286 есірткі қылмысы тіркелген (2021 жылы – 324). «Қарасора-2022» арнайы жедел-алдын алу іс-шарасының 44 күн қорытындысы бойынша 82 есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан 751 келіге жуық түрлі есірткі заты тәркіленіпті.

Айжан ӨЗБЕКОВА