Құтқарушылар қашанда қауырт қызметте
Құтқарушылар қашанда қауырт қызметте
Өңірде сейсмикалық ахуал тұрақты
Қазақстан Республикасының «Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс» ережелерінің жинағына сәйкес, күштілігі 7-8 балл болатын қиратқыш жер сілкінісі аймағына облысымыздың аймақтары да жатады. Жамбыл облысы аумағында 4 станса жұмыс істеп тұр. Олар – «Жамбыл» (Тараз қаласы), «Меркі» (Меркі ауданы), «Байтал» (Мойынқұм ауданы, «Байтал» кенті) және Соғынды стансалары. «Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені» Жол картасын іске асыру барысында облыс аумағында 5 сейсмобекеттің құрылысы жүргізілуде. Облыстың егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру карталарының жиынтығы әзірленуде. Сонымен қатар облыс аумағының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2023 жылдың 24 ақпанында Төтенше жағдайлар министрлігі «Сейсмология институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының қатысуымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында облыс әкімдігінің құзырлы мекемелеріне хаттамалық тапсырма берілді. Жол картасына сәйкес, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде әлеуметтік нысандардың тізімін анықтау үшін жұмысшы тобы құрылып, әлеуметтік нысандардың ғимараттары мен құрылыстардың сенімділігі және орнықтылығы сырттай техникалық зерттеліп қаралды. Нәтижесінде 60 нысан анықталып, оның 41-іне сейсмокүшейту жұмыстары жүргізілді. Ал 19 нысан бұзылады. Облыс әкімдігі білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылығымен келісіліп, Тараз қаласы мен аудандарда осы жылы «Жер сілкінісі кезіндегі жүріс-тұрыс қағидалары» мәселелері бойынша 51-ден аса оқу орындары мен ғимараттарда 6 580-нен астам адам қатысқан, онлайн режимде интерактивті сабақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жер сілкінісі кезінде адамдар жаппай жиналатын объектілерде 1 323 рет сейсможаттығу өткізілді.
СМС-хабарламаға селқос қарама!
Соңғы бір аптаның ішінде, яғни 22-28 қаңтар аралығында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» және «112» телефон нөмірлеріне бірқатар шақырту келіп түсті. Өртсөндіруші-құтқарушылар тұрғын үйлердің шатырлары мен ғимараттың өртке орануы бойынша және автокөліктер мен сауда дүңгіршегі және тағы басқа өрттерге 14 рет шақырту алды. Қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғаларына – 8, апаттық-құтқару жұмыстарына – 2, электр сымдарының қысқа тұйықталуы бойынша – 1, расталмаған жану оқиғаларына – 2, есік ашу жұмыстарына – 21, полиция қызметіне көмек көрсету мақсатында – 2, жануарларға көмек көрсету мақсатында 1 рет жедел шығып, тиісті жұмыстарды атқарды. Сондай-ақ Сарысу ауданының Жаңатас қаласы маңындағы саяжайда жеңіл автокөлік лайға батып қалуына байланысты адамдарды құтқару жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Жуалы ауданындағы Теріс өзені маңында жолда қалған адамдарды құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Ал өз кезегінде құтқарылған жолаушылар құтқарушылардың жедел әрекеттеріне алғыс білдірді. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратып, балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмауға шақырады. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде мүмкіндігінше алысқа жолға шығуды кейінге қалдырған жөн. Әрдайым ұялы телефонға келіп түскен хабарламаларға назар аударуды еске салады. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажеттігін ұмытпауды сұрайды.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу маңызды
Жақында Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және дәстүрлі емес діни бірлестіктер» тақырыбында жиналыс өтті. Аталған іс-шараға Байзақ ауданының бас имамы Қанат Жұмағұл және Байзақ баба мешітінің найб имамы Бақытбек Сағымбаев қонақ ретінде арнайы қатысты. Олар осы іс-шара барысында экстремизм жағдайының мемлекеттік қызметкерлер арасында таралуына қарсы күресуге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Жалпы облыс бойынша діни жағдай тұрақты әрі қалыпты болып бағаланады, халықтың діни көзқарасқа өтуінің өсімі байқалады, бұл заңды құбылыс. Тұрақты түрде конфессионалды үрдістер тыңғылықты зерделенеді. Діни бірлестіктермен бірлесіп жұмыс жасалуда. Аталған іс-шара соңында терроризмнің діни, құқықтық және ақпараттық-ағарту аспектілері талқыланды. Рухани-адамгершілік құндылықтар мен дәстүрлерге, діни экстремизмге қарсы әрекетте азаматтық қорғау органдарының рөліне талдау жасалды. Өз кезегінде қызметкерлер арасында қозғалған діни тақырып бойынша диалог өтіп, онда қойылған сұрақтардың барлығына нақты жауап берілді.
Бір аптада 13 096 шақырту түскен
Биылғы 22-28 қаңтар аралығында облыс аумағында 17 төтенше жағдай мен оқыс оқиға тіркелді. Оның ішінде техногенді сипаттағы – 15, улы газбен улану – 1. Нәтижесінде 1 адам қаза тауып, 1 бала ауруханаға жатқызылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 54 шақырту алса, шығулар өткен аптамен бір деңгейде қалыптасты. Нәтижесінде құтқарылғандар мен басқа орынға көшірілген адамдар жоқ. Апта ішінде «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалынан 3 дауылды ескерту келіп түсті және ол мәселе пысықталды. Облыс тұрғындарын хабардар ету үшін ұялы байланыс операторларына 10 СМС-хабарлама жіберілді. «101» және «112» желісіне жалпы 10 358 қоңырау түсті, оның ішінде жедел сипаттағысы – 942, жедел сипатқа жатпайтыны – 9 416. Өткен аптада 13 096 қоңырау түскен болатын.
Азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдау жалғасуда
Осы жылдың 15 қаңтарында облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Жарылқасынұлы азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Онда Ж.Бекбергенов азаматтардың өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары бойынша түйткілді сұрақтарына тиісті деңгейде жауап беріп, сондай-ақ бірнеше өтініштерді қабылдап, оның ішінде кейбір мәселенің жуық арада шешімін табатындығын жеткізді. Ол өз сөзінде өртсөндіруші болғысы келетін жастарға Көкшетау қаласында М.Ғабдуллин атындағы жоғары оқу орнының бар екендігін, аталған оқу орнына оқуға түсудің тәртібі туралы жан-жақты тілге тиек етті. Кездесу соңында ол өртті сөндіргеннен алдын алған оңай екенін естен шығармауды еске салып, көпшілікке ауа райының қолайсыз кезеңдерінде мүмкіндігінше алыс сапарға шықпауларын жеткізді. Шараға қатысушыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша жадынамалар таратты. Айта кеткен жөн, аталған бағыттағы іс-шара, яғни азаматтарды жеке мәселелермен қабылдауды әр тоқсан сайын өткізу жоспарланған. [gallery ids="23585"]
Бокстан облыстық ашық турнир өтті
Жақында Жамбыл ауданының Аса ауылында орналасқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінде Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы өртті сөндіру барысында жарылыс салдарынан ерлікпен қаза болған өртсөндіруші-құтқарушыларды еске алуға арналған бокстан облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. Аталған турнирге 2012-2013 жылы туған жасөспірім ұлдар және 2010-2011 жылы туған жасөспірім қыздар қатысты. Шараны Жамбыл ауданы әкімдігі ұйымдастырды. Ондағы басты мақсат – республикалық турнирге жолдама алатын спортшыларды іріктеу, сонымен қатар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларды спортқа баулу және жастардың бойында Отанға, елге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерін арттыру. Облыстық ашық турнирдің ашылу салтанатында облыстық және аудандық әкімдік қызметкерлерімен қатар, облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов сөз сөйледі. Жақсылық Жарылқасынұлы өз сөзінде турнирдің Байзақтағы жарылыс салдарынан ерлікпен қаза тапқан өртсөндіруші-құтқарушыларға арналғандығы құтқарушылар үшін үлкен мәртебе екендігін жеткізді. Ол одан әрі департаменттің барша қызметкерлері атынан іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғыс білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар жарылыс салдарынан ерлікпен қаза тапқан, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі болған Ғафан Қуатбектің әкесі Жомарт Қуатбек сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. [gallery ids="23587"]
Жеткіншектермен жүздесу
Таяуда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түскісі келетін үміткерлерді іріктеу мақсатында Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қаладағы №11 орта мектептің 9, 10, 11-сынып оқушылары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шараға 200-ге жуық оқушы қатысты. Шара барысында азаматтық қорғау қызметкерлері жоғарыда аталған академияға оқуға түсудің тәртібі мен шарттарын толық түсіндірді. Сондай-ақ оқушыларды тұрмыстағы өрт оқиғалары мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайларға жол бермеуге шақырып, ал төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын жеткізді. [gallery size="full" ids="23580"]
Саптық тексерудің салмағы
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру мекемесінің Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде, Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының және өрт сөндіру қызметі басқарма аппаратының жеке құрамы тарапынан саптық тексеру өткізілді. Саптық тексеруді жүргізудегі негізгі мақсат – азаматтық қорғау қызметкерлерінің сыртқы киім үлгісін тәртіпке келтіру, өзгелерге үлгі болу қағидаларына баулу. Одан әрі қызметкерлердің киім кию үлгісінің тәртіпке қаншалықты сай екендігі, сондай-ақ айыру белгілері, қызметтік куәліктері мен жетондары тексерілді. Іс-шара соңында саптық дайындық бойынша сабақ өткізіліп, оның барысында «Саптық қадам», «Пәрмен беру», «Әскери сәлемдесу» пысықталды. Департамент бөлімшелерінде қызметкерлердің патриоттық сезімін көтеруге, саптық машықтануын жетілдіруге бағытталған іс-шаралар жиі өткізілетінін айтып өткен де жөн.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Жақында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәжіліс залында «Отбасылық даулар және отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Департамент бастығының кадр және тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдразақов іс-шарада алғашқы болып сөз алып, өткізіліп отырған жиынның аса маңызды екенін атап өтті. Аталған іс-шараға облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова, Тараз қаласы полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Анар Мусаева, облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрам бойынша психологі, әділет майоры Анна Дмитриенко және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев шақырылды. Баяндамаларында спикерлер «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдардың қабылданғанын атап өтті. Бұл заңдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жедел жолын кесу және әлеуетті құрбандар үшін қауіпсіз жағдай құру, оларға қажетті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмектің өзге де түрлерін көрсету мақсатында әзірленген. Заңмен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік жәрдем және көмектің, сондай-ақ отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылық жасағаны үшін жазаны қатайтудың құқықтық тетіктері белгіленген. Елімізде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнаулы бөлімшелер құрылған. Зорлық-зомбылық құрбандарына тегін медициналық-әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілетін, сондай-ақ уақытша баспана қызметтері көрсетілетін дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн» ақпараттық-ағартушылық акциялары өткізілуде. Сондай-ақ кездесу барысында осындай жағдайлардың алдын алу және болдырмау үшін уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауы бойынша жұмыс әдістерін, себептерді анықтай отырып, көрсетілген тақырып бойынша туындайтын мәселелер талқыланды. Отбасы қатынастарын жақсарту проблемаларын шешудің бір жолы ретінде зорлық-зомбылық көретін отбасылардың мүшелеріне отбасы соттары жанында құрылатын Отбасы орталықтарының базасында тиісті қызметтерді ұсыну болып белгіленген. Пікірсайыс барысында кездесудің қатысушылары қылмыстық қолсұғушылықтан әйелдердің құқықтарын қорғау бойынша қалыптасқан жағдайды шешудің жолдары туралы ойларын білдірді. Олар отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және болдырмауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруда пікірлер және тәжірибемен алмасудың маңыздылығын атап өтті. «Дөңгелек үстелге» департамент аппаратының қызметкерлері, Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының және өрт сөндіру қызметі өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы қатысты. Аудандық бөлімшелер онлайн форматта қатысты.
Жаңа техникалармен танысты
Өткен аптада Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ильяс Капашев өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын атқаруға арналған техникалармен және жарақтармен танысты. Жалпы өркениет дамыған сайын заман ағымымен бірге аталған департаменттің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жасағы да жаңа әрі заманауи техникалармен толығуда. Мысалы, өткен жылы жергілікті және республикалық бюджет есебінен негізгі, арнайы және қосымша техникалар мен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталған керек-жарақтар алынғандығын атап өткен жөн. Ал азаматтық қорғау қызметінің жаңа техникалармен және керек-жарақтармен жабдықталуы бүгінгі заманның талабы екендігі баршаға белгілі. «Апат айтып келмейді» демекші, елімізде әртүрлі төтенше жағдайлар орын алуда. Жақында ғана Алматыда болған жер сілкінісі әлі де есімізден кетер емес. Кенеттен туындаған апатты жағдайдың бәрін төтенше жағдай деп қарастырамыз. «Сақтансаң, сақтайды» деген тәмсіл біздің қызметкерлер арасында үнемі айтылады. Сондықтан әрқашан сақ жүрейік. Құдай төтеннен болған апаттан сақтасын!
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобы