Руханият

Ерлігі ерен Ермеков

Ерлігі ерен Ермеков

«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деп, қазақ өз тарихын бірауыз сөзге сыйдырған халық. Иә, осы күнге дейін тарихтың бетінен неше рет сызылып кете жаздап, аман қалған біздің елдің батырлары еш уақытта жаудан қайтқан жоқ. Олар қашанда «сүйем жер үшін сүйегін, қарыс жер үшін қанын беруге» дайын болды.

Солардың бірі – «Құрмет» орденінің иегері және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25, 30 жыл» мемлекеттік медальдарының, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің, ҚР Қорғаныс министрлігінің «Ел қорғаны», «Т.Рысқұлов ауданының Құрметті ардагері» төсбелгілерінің иегері, «Жамбыл облысы және Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы жастармен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Дүкенбай Ермеков. Ол 1960 жылы 5 қаңтар күні Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 1977 жылы сол ауылдағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепті аяқтап, Семей қаласындағы техникумдардың біріне «Тауартанушы» мамандығы бойынша түсіп, 1979 жылы оны үздік аяқтаған. Ал әскер қатарына 1979 жылдың 5 шілдесінде шақырылып, Түркіменстан Республикасының Кушка қаласында әскери «БМП» техникасында оқтаушы-оператор болып әскери қызметін бастады. Ауғанстанға әскер кіргізілгенге дейін бірнеше әскери оқу-жаттығулардан өтіп, шыңдалды. Арнайы әскери дайындықтан өткізілген соң 5-мотоатқыштар дивизиясы құрамына кіріп, 1979 жылдың 27 желтоқсанында Ауғанстан Демократиялық Республикасына алғашқылардың бірі болып барлау ротасы қатарында интернационалист борышын өтеуге аттанды. 1980 жылдың қаңтарынан 1981 жылдың 18 мамыры аралығында Ауғанстанның Шиндан, Чекчаран, Фарах және Кандагар провинцияларында 22 рет әскери құпия тапсырмалар орындауға қатысады. Осы бір жарым жылдық соғыс жорығында ол өздерінің әскери соғыс машинасымен 1980 жылдың 18 мамырында минаға түсіп қалады. Жарылыс салдарынан механик-жүргізуші С.Никитин қайтыс болса, бөлімше командирі В.Стрельцов бір аяғынан айырылыпты. Ал оқтаушы-оператор Д.Ермеков басынан контузия жарақатын алады. Алайда оған ұсынылған үкіметтің әскери наградасы белгісіз себептермен берілмей қалады. Сөйтіп, госпитальдан емделіп шыққан Д.Ермеков әскери қызметін 1981 жылдың 21 мамырына дейін жалғастырып, әскер қатарынан запасқа шығарылады. Қазіргі таңда батыр кейіпкеріміз жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында әртүрлі тренингтер, «дөңгелек үстелдер», спорттық жарыстар ұйымдастырып жүр. Сонымен бірге жастарды әскери полигонға алып барып, қару-жарақтарды ұрыс жағдайында қолдану тәсілдерін үйретуде. – Біздің кезде әскерге тек соғыс үшін алатын. Соның өзінде біз әскерден қашпай, «Отанымызды, елімізді қорғаймыз» деп, әскерге бару үшін барымызды салатынбыз. Ал қазіргі таңда жастар жанын күйттеп, әскерге барудан қашатын болып жүр. Бұл жігіттік емес, керісінше әлжуаздық. Сондықтан оларға отбасылық тәрбие бергенде батыр болуға, қаһарман болуға үйретуіміз керек. Сонда ғана жастарымыздың кеудесіндегі отты өшірмей, жалындатып жаға аламыз. Жастар бұл бейбіт күннің қадіріне жетіп, бар күшін білім алуға, өздерін жетілдіруге салуы тиіс. Тыныштықтың арқасында олар соғыс көрмей өсті. Қалаған білімін ала алады, қалаған жеріне бара алады. Сондықтан жастар бұл заманды өздерін дамытуға берілген мүмкіндік ретінде сезінуі тиіс деп ойлаймын. Әрі ұл болса да, қыз болса да елін-жерін қорғаудан аянбау керек. Отан үшін отқа түсуге олар әрқашан дайын болуы керек. Міне, сонда ғана біз кешегі бабаларымыздың арманын орындаған ұрпақ болып қалатынымыз сөзсіз, – дейді Дүкенбай Сайлаубекұлы. Иә, соғыстың қасіретін соғыс көрген адамнан артық білетін жан болмаса керек. Біздің мұндай ардагерлеріміздің әр айтқан сөзі жастарға бойтұмардай екені анық. Оның үстіне Дүкенбай Сайлаубекұлы тәуелсіз Қазақстанға да еңбек сіңірген ардагер. Мәселен, 2018 жылы 27 қазан күні Тараз қаласындағы көне ескерткіштерді қалпына келтіру аясында Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан Ауған соғысы ардагерлеріне 7 әскери техникадан жинақталған жаңа ескерткіш-мемориалдың ашылуына тікелей ықпал еткен. Яғни Д.Ермековтің ұсынысы ескеріліп, сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметовтің қолдауымен республикада кездеспейтін ескерткіштер жинағы қойылған. Келесі жылы Ұлы Отан, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған мұражайдың ашылуына белсене араласып, ардагерлер атынан естелік альбомдар, суреттер, Ауған соғысында қолданылған қарулар, әскери киімдер, экспонат заттарын жинауға көмектесті. Мұндай адамдарды нағыз ұлтының патриоты деп мақтауға лайық қашанда. Айта кету керек, облыста 1 008 Ауған соғысы ардагері бар. Солардың 457-сі Тараз қаласында тұрады. Оларға мемлекеттен 2023 жылға дейін 89 пәтер берілді, 60-ы кезекте тұр. Астана, Алматы қалаларындағы госпитальда тегін емделіп, Жамбыл облысындағы және «Сарыағаш» шипажайларында тегін ем қабылдайды. 600-ден астамы газеттерге тегін жазылып, оқиды. Автокөлік, жер салығы төлемдерінен босатылған. Мүгедектігіне байланысты зейнетақы алады. Қала әкімдігі жылына бір рет 15 ақпан күні 150 мың теңгеден сыйақы беріп тұрады. «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығы ардагерлердің мерекелерін салтанатты түрде өткізеді.

Шапағат ӘБДІР