Жаңалықтар

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС ТОҚТАМАЙДЫ

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС ТОҚТАМАЙДЫ

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қаржы пирамидаларының заңсыз іс-әрекеттеріне қарсы күрес» тақырыбында брифинг өтті. Спикер ретінде облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Шерхан Пірімқұл мен осы мекеменің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаев қатысты. – Азаматтарымыздың қаражатын тартып алу үшін алдап соғып жатқан қаржылық пирамидалармен күресу – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе. Жыл сайын Қазақстан Республикасында әлеуметтік желілер, оның ішінде интернет-ресурстардағы жарнама, «YouTube» арналары және мессенджерлер арқылы жүздеген адам осы заңсыз әрекетке ұрынады. Жәбірленушілердің қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты арызы бойынша өткен жылы облыс бойынша департаментпен 3 қылмыстық іс тіркелді. Жалпы алғанда, облыс бойынша қаржы пирамидаларынан 200-ден астам азамат зардап шекті. Тергеп-тексеру барысында, департаментпен қабылданған шаралар нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген залал өтелді. Департамент келтірілген залал және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Мысалы, «Chia Tai Tianqinq Pharmaceutical Group» қаржылық пирамидасының үстінен қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді. Осы орайда қаржы пирамидасын құру және басшылық ету әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертеміз. Сонымен қатар қаржылық пирамиданы жарнамалау әрекеті, ҚР Қылмыстық кодексінің 217-1-бабы бойынша 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын да ескертеміз, –

деді спикер Шерхан Пірімқұл. Департамент қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Бұл туралы екінші спикер айтты. – Департамент профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Оның ішінде интернет кеңістігінде және халыққа қатысты түсіндірме жұмыстарын ерекше атауға болады. Өткен жылы қаржылық пирамида белгілері бар 1 013 сілтеме бұғатталды. Сонымен қатар қазіргі таңда құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларға көп көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, департамент тарапынан халық көп жиналатын жерлерде және интернет желісінде қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша бейнероликтер орналастырдық. Облыстағы 23 колледжде және 50 мектепте қаржылық сауаттылық бойынша 80-нен астам дәріс оқылды, – дейді Жағыпар Исатаев. Спикер қаржы пирамидаларының заңсыз әрекеттеріне қатысты азаматтар қайда жүгінуге болатынын жеткізді. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігінің «Байқа, пирамида» «Telegram»-боты компанияның немесе жобаның сайты қаржылық пирамида белсенділігінің белгілерін тексеру мүмкіндігін береді. Бір «Telegram» парақшасынан күніне 5-тен көп сұрау салуға болмайды. Өтініштер жұмыс күндері таңғы сағат 09:00-ден бастап 18:30-ға дейін өңделеді. Жамбыл облысы бойынша сенім телефоны: 34-76-26 Анықтамалық электрондық пошта: info@afm.gov.kz.