Жамбыл жаңалықтары

ІСКЕР ӘЙЕЛ – ҚОҒАМ ТІРЕГІ!

ІСКЕР ӘЙЕЛ – ҚОҒАМ ТІРЕГІ!

Кеше Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі іскер әйелдермен кездесті. Жүздесуде аймақты дамыту бағытындағы келелі мәселелер талқыланды. Алдымен сөз алған аймақ басшысы барлық салада ерлермен иық тіресе еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып жүрген әйелдер қауымының орны ерекше екенін тілге тиек етті. – Қоғамда орын алып жатқан өзгерістерге байланысты, қазір әсіресе қыз-келіншектер, әйелдер тек үйдің ғана тірлігіне емес, саясатқа, кәсіпкерлікке, қоғамдық іс-шараларға белсенді араласуда. 90-жылдардағы тоқырау заманында ала дорба көтеріп, сауда жасаған, азаннан кешке дейін еңбек етіп, аяғымызды тіктеуге себепші болған өздеріңіз секілді нәзікжандылар еді. Сондықтан осындай еңбектеріңізге алғысымды білдіргім келеді. Бүгінде бизнес саласында жүрген қыз-келіншектер жеткілікті. Жұмыс алға басуы үшін, отбасында береке болуы керек. Сондықтан сіздерге сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әртүрлі саладағы нәзікжандылардың табанды еңбегін жоғары бағалап, оларды өңірді өркендету бағытындағы алға қойған мақсат-міндеттерді бірге орындауға шақырды. Өз кезегінде сөз алған өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі және кәсіпкерлігін дамыту құралдары туралы баяндады. – Іскер әйелдер кеңесі біздің өңірде «Әйелдер майнстримингі» бола отырып, өз қызметін әйелдер бизнесінің транспаренттілігін дамытуға, яғни ұтымды шешімдер қабылдау үшін ақпаратты ашық, толық, уақтылы және түсінікті нысанда беруді жүзеге асырғысы келеді. 90-жылдардағыдай біз әйелдер, алдағы уақытта да еліміздің экономикасының қозғаушы күшіне айналатынымызға сенеміз. Дегенмен, қазір бізге мемлекеттік органдардағы ерлердің қолдауы өте қажет, – деді ол. Кездесу барысында кәсіпкер әйелдер облыс әкімімен бірге өңірдегі бизнесті дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Өз кезегінде жиынға қатысушы қыз-келіншектер қауымының ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған облыс әкімі Н.Молдиярұлы аталған жобаларды бірлесе әзірлеуге дайын екенін жеткізді.