Жаңалықтар

ЖАҺАНДЫҚ СЫН-ҚАТЕРЛЕР

ЖАҺАНДЫҚ СЫН-ҚАТЕРЛЕР

Жуырда Швейцарияның Давос қаласында жаһандық форум өтті. Форумға әлемнің 120 елінен келген 2 800 делегат қатысты. Оның ішінде 60 елдің мемлекет басшысы мен БҰҰ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Халықаралық валюталық қор сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары және 40-қа жуық үкіметтік емес ұйымның өкілі бар. Биыл күн тәртібіне әлемдегі геосаяси шиеленістер, экономикалық жағдай, жасанды интеллекттің дамуы мен қоршаған ортаны қорғау мәселесі шығарылды. Осы орайда оқырман назарына Бүкіләлемдік экономикалық форум жариялаған 2024 жылдағы жаһандық сын-қатерлер туралы есепке шолуды ұсынамыз.

Есеп әлемнің білім беру, мемлекеттік басқару, бизнес, халықаралық қауымдастық, азаматтық қоғам саласындағы 1 500-ге жуық сарапшының пікірі негізінде дайындалған. Жаһандық сын-қатерлер қысқамерзімді келешекте 2 жыл ішіндегі және ұзақ мерзімде алдағы 10 жылдықтағы өзектілігі бойынша, ал санаттарына қарай экономика, қоршаған орта, геосаясат, әлеумет, технология бағыттарына жіктелген. Қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпал ететін жалған ақпараттың, сонымен қоса бұрмаланған, қолдан жасалған ақпараттың таралуы 2024 жылдағы жаһандық сын-қатерлердің тізімінде алғашқы орында тұр. Жалған ақпараттың салдарынан қоғамдық-саяси жіктелу ушығып, сайлау үдерісіндегі легитимділік мәселесі көтеріледі және мемлекеттің ақпарат көзі ретіндегі рөліне сенім деңгейі төмендейді. Осы орайда Қытайдың жасанды интеллект қолданылған ақпаратқа арнайы белгі қоюды міндеттеуі жалған ақпаратты анықтауды жеңілдететін орынды шешім ретінде қарастырылады. Жалған ақпараттың таралуы мен әлеуметтік жіктелу бірін-бірі еселеп ушықтыра алады. Саяси институттарға қоғамдық сенім деңгейі төмендеп, ұлттық келісім әлсірейді. Есепте көрсетілгендей, Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстың әрі қарай жалғасуы, Тайвань мәселесінің ушығуы ірі державалардың геосаяси тартысын арттырып, ресурстардың әр бағытта бөлінуі әлемдегі гуманитарлық дағдарыстарды күшейтеді. Мамандардың пайымдауынша, аталған үш аймақта да жетекші державалардың мүддесі бар: Таяу Шығыстағы мұнай қоры мен сауда жолдары, Шығыс Еуропадағы тұрақтылық пен күштер теңгерімі, Шығыс Азиядағы технологиялардың жеткізу тізбегі. Геосаяси тұрақсыздық әлемдік нарықта белгісіздік тудырып, мемлекеттердің ақша-несие саясатына ықпал етеді. Жоғары пайыздық үстеме мен қымбатшылық тұтынушылардың экономикалық мүмкіндіктерін шектейді. 2023 жылы орнаған ең ыстық ауа райы биыл да жалғасып, құрғақшылық, орман өрттері мен су тасқыны қайталанады. Сондықтан мемлекеттер үшін азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де басты назарда болады. Ал ұзақмерзімді келешектегі сын-қатерлердің арасында қоршаған орта мен технологиялық даму мәселесі алдыңғы қатарға шығатыны көрсетілген. Жер шарындағы климаттық өзгерістер мәжбүрлі миграция қаупін арттыратынын байқауға болады. Есепте аталған сын-қатерлермен 4 бағытта күресу ұсынылған: жергілікті деңгейдегі шешімдер, серпінді жобалар, ұжымдық әрекет пен шекарааралық ынтымақтастық. Жергілікті деңгейдегі шешімдерді жүзеге асыруға мемлекеттердің инфрақұрылымға инвестиция құйып, орман өрттерімен, су тасқынымен, ауа райының ысуымен күресу жолдарын қарастырып, құрылыс жұмыстарына жаңа ережелерді енгізу тетіктері жатады. Мысалы, пандемия кезінде аурухана төсектерінің, жедел терапия бөлімшелерінің жеткілікті болуы вирустың жергілікті деңгейдегі таралу ауқымына тікелей әсер етті. Екпе бойынша ережелерді сақтау полиомиелит сияқты жұқпалы аурулардың кең таралуының алдын алады. Сонымен қатар жалған ақпараттың ықпалын төмендету үшін тұрғындарды ақпаратпен қамтамасыз ету мен сауаттандыру аса маңызды. Серпінді жобалардың пайда болуы ғылыми зерттеулер мен жаңалықтар, сын-қатерлерге деген тың көзқарасты білдіреді. Пандемия кезінде мемлекеттердің вакцина жасап шығаруды қолдауы сәтті шешімдердің бірі болды. Ұжымдық әрекет дегеніміз – әріптестік негізінде жүзеге асатын емес, керісінше жекелеген адамдардың, компаниялардың, елдердің бір мезеттегі әрекеттері: жанар-жағармаймен жүретін көліктерді азайту, адам құқықтары, еңбек және қоршаған ортаны қорғау стандарттарын сақтау. Мысалы, сейсмикалық апат қаупі бар Жапонияда тұрғындардың апат жағдайындағы әрекеті шешуші рөл атқарады. Шекарааралық ынтымақтастыққа халықаралық келісімдерді сақтау, қақтығыстардың алдын алу, биологиялық, химиялық, ядролық қару қолдану мүмкіндігін шектеу, дағдарыс қаупі бар мемлекеттерге қаржылай көмек беру арқылы қолдау жатады. Давос форумы есебінде көрсетілгендей, қазіргі әлем жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, климаттың өзгеруі, геосаяси шиеленістер мен демографиялық дүмпу әсерінен құрылымдық өзгеріске ұшырап отыр. Сондықтан жаһандық сын-қатерлермен күрес жолында жоғарыда аталған төрт бағыт өз деңгейінде жоғары маңызға ие.

Еркебұлан ҚУАНБАЙ, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы