Стратегиялық сабақтастық
Стратегиялық сабақтастық
Сұхбатта Қасым-Жомарт Кемелұлы ел көкейінде жүрген біраз мәселені қамтыған. Әркімнің ойында жүрген сұрақтарға жауап берді. Қаңтар оқиғасына қатысты, билік төңірегінде болған өзгерістер жайлы ашық айтты. Ол туралы саясаткерлер, қоғам қайраткерлері де өз пікірлерін білдіруде. Сұхбат барысында қозғалған өзекті саланың бірі – жаңа экономикалық бағдар жайы. 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі артқан. Егер жұмыс қарқынды жалғасын табатын болса, жоғарыдағы айтқан межеге жетеміз. Яғни ел өркендеуіне жол ашатын нақты қадамдарға тоқталар болсақ, ол Президент атап өткендей – өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру және инвестиция тарту. Бұл міндеттер қазіргі таңда қарқынды жүзеге асып жатқаны белгілі. Бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен, сарапшылармен тығыз жұмыс жүргізілуде. Ел Президенті осы сұхбатта сыртқы саясат саласында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Сыртқы саясатта еліміз өз мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін жүзеге асырып жатқанын жеткізіп, негізгі мақсатымыз – егемендігіміз бен тұтастығымызды сақтау екенін баса айтты. Сыртқы байланыс, көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнату аса маңызды. Экономикамызды ілгерілететін басты көрсеткіштің бірі де осы байланыс екені анық. Осы орайда Мемлекет басшысы маусым айында Астана халықаралық форумы өтетінін, оған әлемнің көптеген көшбасшысы мен ірі компаниялардың жетекшілері қатысатынын айтты. Бұл жиында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік сынды тақырыптар талқыланбақ. Айта кететін жағдай, жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунг келген болатын. Біздің университет ғалыммен арнайы кездесу ұйымдастырды. Рае Квон Чунг – Инчхон ғылым конвергенциясы және технология институтының климаттың өзгеруі бойынша құрметті профессоры. Ол Пан Ги Мун қорының климат және энергетика жөніндегі директорлар кеңесінің мүшесі, «Жаһандық энергетика» сыйлығының халықаралық комитетінің төрағасы. Қазіргі уақытта БҰҰ Бас хатшысына есеп беретін су және табиғи апаттар (HELP) бойынша жоғары деңгейдегі сарапшылар мен көшбасшылар тобы төрағасының кеңесшісі. Ұйымдастырылған кездесуде Рае Квон Чунг климаттық өзгеріс бойынша өзекті мәселелерді қозғады. Университетіміздің ғалымдарымен бірлесе отырып «жасыл» экономиканы дамытудың маңыздылығы туралы ой қозғады. Әлемдік деңгейде осы тақырыпты қозғап, адам өмірі мен қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін айту қажет дүние. Осындай білікті маман, ғалымдармен кездесу ұйымдастырудың орны ерекше деп ойлаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей, сыртқы байланыс еліміздің өсіп-өнуінде ерекше рөл атқарады. Президентіміз көршілес Ресей, Қытай елдерімен орнаған тығыз байланыс туралы сұхбатта тарқата айтты. Мен өз кезегімде біздің де университетіміз білім мен ғылым саласында тығыз байланысты қолдайтынын айтқым келеді. Жақында ғана Дулати университетінде Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің өкілдігі ашылды. Ал қыркүйек айында аталмыш оқу орнының филиалы ашылады деп жоспарланып отыр. Білім, ғылым саласындағы бұл қадам Дулати университеті, РХТУ және «Қазфосфат» ЖШС арасындағы үшжақты келісім аясында жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Біз бұл бастамамыздан зор нәтиже күтеміз. Ең алдымен білікті мамандардың қатарын арттырып, өнеркәсіпті дамытуды көздейміз. Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда химия саласында маман тапшы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Аталмыш байланыс осы олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз. Нәтижесін көретін күн де алыс емес деп ойлаймын. Сұхбатта Президент: «Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс», деді. Иә, нағыз еңбек адамдары елімізді дамытып, алға жылжытып келе жатқаны баршамызға аян. Сондықтан оларға деген құрмет те, көрсетілетін қызмет те ерекше болғаны жөн-ақ. Білім – өркендеудің негізгі кілті. Бүгінгі өркениетке, дамыған заманға біз ғылым мен білімнің арқасында жеттік. Және ары қарай да сол ғылым арқылы дамимыз. Бүгінде елімізде ғылымды дамытуға, жас ғалымдардың жобасын, жаңалығын қолдауға, қаржыландыруға көп көңіл бөлініп келеді. Гранттық қаржыландырудың көлемі жыл сайын артып жатыр. Жас ғалымдарымыз шетелдік жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда біліктілігін арттырып, тәжірибеден өтуде. Ғылыммен айналысатын студенттеріміз шетелдік жетекші оқу орындарында академиялық ұтқырлық аясында білімдерін шыңдап жүр. Нәтиже де көңіл көншітерлік. Ұтқыр ойлы, жаңашыл жастар еліміздің өсуіне үлкен үлес қосатынына сенемін. Мемлекет басшысы өз сөзінде өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керектігін, керісінше келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлылығымызды нақты істермен дәлелдеуіміз қажеттігін айтты. Әрине, өткен күннен өнеге алу, тарихымызды ұлықтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу аса маңызды. Дегенмен ең алдымен болашаққа, бүгінгі күнімізге қарау керекпіз. Даму үшін, өсіп-өну үшін нақты қадам басу қажет. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек бекер мал шашпақ» деп данышпан Абай атамыз айтпақшы, осындай теріс іс-әрекеттен бойымызды аулақ ұстап, білім кілтімен болашаққа ұмтылу керекпіз. «Жас келсе – іске!» дейді халқымыз. Президент өз сөзінде жастарды ерекше қолдайтынын, мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастағанын айтты. Билік тармақтарында жастардың көптеп бой көрсете бастағанын баршамыз байқап жүрміз. Бұл өте құптарлық, қуанарлық қадам. Себебі жастарда күш-қуат, тың идея, батылдық, еркіндік, білім және ұшқыр қиял бар. Жастарымыздың мемлекетшіл, нағыз патриот, ел жанашыры болғаны аса маңызды. Жеке басын емес, ел қамын ойлайтын, Отанымыздың мүддесін қорғайтын азаматтар қажет. Оларды тәрбиелейтін, әрине, аға буын өкілі. Аға буынның тәжірибесі мен жас буынның жаңа идеясы қабысса үлкен табысқа, жақсы нәтижеге жетеміз. «Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемін» деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, біз жастарға сенуіміз керек, оларға мүмкіндік беріп, ағалық ақылымызды айтып, қолдау білдірсек, сенімімізге селкеу түсірмес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сұхбатын оқи отырып, әр оқырманның көңілінде сенім алауы тұтанып, кеудесінде мақтаныш сезімі орнады деп ойлаймын. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, еліміздің дамуына бәріміз жұдырықтай жұмыла үлес қосуымыз керек. Әркім өз ісіне жауапкершілікпен қараса, тиянақты орындаса, еңбегін сіңірсе, әлбетте, нәтиже жаман болмайды. Тұтас ел болып қана жақсы күнге, жарқын болашаққа жетеміз. Күшіміз – бірлік пен ынтымақта.
Аслан ТҰРЛЫБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры