ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА НАЗАР АУДАРЫЛДЫ
ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА НАЗАР АУДАРЫЛДЫ
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне де айрықша тоқталды. «Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келді. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ, нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен бірқатар облыстардың әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Жастар – бәсекеге қабілеттілікте ғана емес, адам капиталын дамытудың да шешуші факторы. Алайда, жастарға қатысты түйіні шешілмеген мәселелер де аз емес екенін жасыруға болмайды. Соның қатарында жұмыссыздық та бар. Бүгінгі таңда облысымызда жастарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап өтер болсақ, 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 28 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде NEET санатындағы 82 жас, пробация қызметі есебінде тұрған 14 жас жұмысқа орналасты. Жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша 65 қоғамдық тыңдау өткізілді. Қоғамдық тыңдауларға NEET санатындағы 657, пробация тізімінде тұрған 86 жас қатысты. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасына жалпы 556 жас тартылса, оның 98 NЕЕТ санатындағы пробация тізімінде тұрған 20 жас жұмыс жасауда. Жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына (жастар тәжірибесі, бос ваканттық, әлеуметтік ақылы қоғамдық жұмыс орындары, жасыл ел т.б) жалпы 4 268 жас тартылды. Жарты жылда жастарды жұмыспен қамту бойынша кешенді жұмыстар атқарылды. Әсіресе мемлекеттік бағдарламалардың, жарқын жобалардың игілігін көрген жастар аз емес. Алдағы жоспарлар да ауқымды.
Арайлым АБДУАЛИЕВА, облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары