Жаңалықтар

Қылмысқа қылбұрау

Қылмысқа қылбұрау

Аурухана басшыларының «араны»Таразда аурухана басшылары 758 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлім етті.

«Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Залал сомасы 758 миллион теңгеден асады», деді ол өз хабарламасында. Ресми өкілдің айтуынша, аталмыш іс бойынша екі адам қамауға алынған. Сот санкциясымен күдіктілер, яғни аталған аурухана бас дәрігерінің орынбасары және бұрынғы бас есепші қамауға алыныпты. Тергеу жалғасып жатыр. Қарақұйрық атамын деп... Байзақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерi «Сапсан» жедел қызметi инспекторларымен бiрлесе құмды аумақта заңсыз аң аулап жүрген азаматты анықтады. Тексеру барысында қарақұйрық жануарының тұтас еті және 12-калибрлі ИЖ аңшы мылтығы табылған. Мылтықтың тiркеу нөмiрi өшiрiлген. Осы факт бойынша жақын маңдағы шаруа қожалықтың 31 жастағы малшысы әшкереленді. Ол жануарды азық ретінде пайдалану үшін атып алғанын айтты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің (заңсыз аңшылық) бабымен сотқа дейiнгi тергеп-тексеру амалдары басталды. Қажеттi сараптамалар тағайындалды. Көлікпен Шана сүйреп, айыппұл арқалады Қаратау қаласында полиция қызметкерлері аумақты патрульдеу барысында өздеріне және жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіре отырып, балалары бар шананы көлікпен сүйреген жүргізушінi анықтады. Құжаттарын тексеру кезінде ер адамның көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды. Ал оның жолаушылары – кәмелетке толмаған жас балалар. Өзінің жауапсыз және қауіптi әрекеті үшін құқық бұзушыға әкімшілік хаттама толтырылып, 73 840 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жасөспірімдердің ата-аналары кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 36 920 теңге көлемінде айыппұл төлейтiн болды. Облыстық полиция департаменті жүргізушілерге автокөліктерге шананы, тюбинг және басқа да құрылғыларды байлап сырғанаудың қауіптілігі туралы ескертеді. Көліктің кілт тоқтауы кезінде шанадағы адам соғылуы, көліктің астына кіріп кетуі немесе көліктен ажырап кетіп, тұрған қоршауға не басқа да кедергіге соғылуы мүмкін. Өз-өзін ұстап берген бұзақы Полиция қызметкерлері күн сайын қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін бұзушылықтарды анықтау үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Мәселен, жуырда «TikTok» әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде тараздық жас жігіт көліктің рөлінде отырып алкогольдік ішімдік ішіп, балағат сөз сөйлеген. Содан соң ол автокөліктің алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөмірін алып тастап, қала ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзып жүрген. Тараз қаласы ПБ жедел басқару орталығының камераларының көмегімен полиция қызметкерлері «Mercedes-Benz» автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Нәтижесінде 24 жастағы азаматқа қатысты көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз, сақтандыру полиссіз жүргізгені, маневр жасау ережелерін бұзғаны, сондай-ақ автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушы енді айыппұл төлейтін болды және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оның көлігі арнайы тұраққа қойылды.

Ақтоты Жаңабай