Қоғам

Алыпсатарлар пайданы емес, халықты ойласа игі еді

Алыпсатарлар пайданы емес, халықты ойласа игі еді

Мемлекет басшысының қатысуымен 15 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткені белгілі. Талайды толғандырған мәселелер көтерілген жиында Мемлекет басшысы сауда саласында тәртіп орнату өте маңызды екенін атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, сауда саласында көлеңкелі экономика өршіп тұр. Саудадан түскен табыстың 40 пайызы мемлекет назарынан жасырылатын көрінеді. Алыпсатарлық, бағаны қолдан көтеру, тапшылықты әдейі жасау секілді заңсыздықтар жетерлік. Мұның барлығы құнын қымбаттатады.

«Үкіметке Бас Прокуратурамен бірге базар иелерін бағаны ұстау, адал бәсекелестікті сақтау, саудагерлердің мүддесін сауда алаңдары әкімшіліктерінің заңға қайшы әрекеттерінен қорғау бойынша жауапкершілігін арттыру шараларын күшейту қажет. Үкімет пен әкімдерден қолданыстағы құралдардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ жұмысқа жаңа тәсілдерді енгізу бойынша нақты қадамдар күтемін», деген еді Президент. Шынымен-ақ қазір жұрттың үстінен күн көріп, оңай олжаға кенеліп жүрген «кәсіп» иелерінің бірі – делдалдар немесе алыпсатарлар. Мамандар да Қазақстан нарығындағы тапшылық пен бағаның негізсіз өсуін алыпсатарлармен байланыстырады. Әлеуметтік маңызы жоғары салаларға дендеп енген делдалдардың бағаны жүз құбылтып, білгенін істеуі, әсіресе қарапайым халыққа ауыр соғуда. Бір сәт артқа шегініп, делдал термині қайдан шыққанын анықтап көрсек. Кеңес үкіметі ыдырап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы белең алған жаппай жұмыссыздық ел арасында едәуір қиындық тудырғаны тарихтан белгілі. Нарық, бизнес, саудагер, алыпсатар деген ұғымдар сол кездері пайда болды. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл қызмет түрі кеңес заманында да болған. Тыйым салынған саудамен айналысқандарға ол кезеңде қатаң жаза қолданылған. Кейін одақ тараған тұста қалай да болмасын ақша тауып, күн көрудің қамына көшіп, жұмыс іздеп базар жағалаған жұртқа тосқауыл қойылмаған. Тоқсаныншы жылдары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған алыпсатарлар бүгінде сауда қызметінің барлық саласына терең сіңіп кеткен. «Дәнiккеннен құныққан жаман» дегендей, бәрiнiң де оңай олжа тапқысы келедi. «Ауырдың үстiн, жеңiлдiң астын» жақсы көредi. Айталық, айлалы, ептi, еңгезердей, тепсе темiр үзетiн жiгiттер базарда малыңызды жарты бағасына алдап-арбап сатып алып, басқаларға әлдеқайда қымбатқа сатады. Көлік базарына барсаңыз да, дәл осы жағдай қайталанады. – Ауыл шаруаларының еңбегі еленбейді. Саудагерлер сіздің төрт мезгіл тер төккен еңбегіңізді қайтсін?! Тиімді, арзан бағаға қалаған өнімін ала қойса, оның арманының орындалғаны. Алыпсатарлар егістік басына келіп, өзіңе қимай жиған адал ақы еңбегіңді арзанға аламын деп әлек салады. Ол жақ, бұл жағыңнан шығып, ақыры көндіреді арзан бағаға. Бермеске амал бар ма? Бала-шаға өсіп жатыр. Үй-күйі бар. Барлығына қаржылай қарайласу керек. Ел секілді үкімет жұмысын істеп, ай сайын табыс тауып отырсақ бір сәрі. Осы егінді жанға сауға етіп, жан бағып отырмыз. Оны ойлар саудагер бар ма? – дейді «Дін-Ислам» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Мырзаимов. Алыпсатарлардың алшаң басуына еліміздегі қара базардың көптігі де себеп болып отыр. Сондықтан алыпсатарларды көбінесе базар маңынан кездестіресіз. Қаладағы «Қайқармет» сауда орталығындағы Сәуле есімді саудагердің сөзіне қарағанда таңертеңмен өнімін арқалай келген диқандардың бірінші тұтынушысы алыпсатарлар екен. – Диқандардың еңбегін арзан бағалап алғанымен, өздері екі-үш есе қымбатқа сатады. Бірақ өздері мұнысын адамшылықтан аттау деп есептемейді. Ол аздай, түрлі гипер-супер маркеттердегі жеңілдіктің рахатын көретіндер де алыпсатарлар. Білуімізше делдалдардың көтерме орнына ірі дүкендер, яғни супермаркеттер айналған. Мерзімі аяқталуға жақын тауарларды жеңілдікпен алып, қомақты қаржыға қарқ болып отыр. Өздеріңіз де мұндай оқиғаның талай рет куәсі болып жүрген шығарсыздар. Кассаларда қордаланған кезек жеңілдік науқанында ғана туындайды, – дейді саудагер келіншек. Қолдан қымбатшылық жасап отырған делдалдардың әрекетіне жұртшылық та наразы. Көпшіліктің пікірінше, алыпсатарлар пайданы емес, халықты ойласа, күнделікті тұтынып жүрген жұмыртқа, көкөніс, май, қант секілді тауарлар қат дүниеге айналмас еді. – Делдалдық та, алыпсатарлық та жемқорлықтың ең асқынған түрi. Саусағының ұшын да қимылдатпастан пайда табу, қарапайым халықтың қалтасын қағып, қапы қалдыру жемқорлықтан жаман тiрлiк. Имандылық пен адамгершiлiктен аттап, теріс іспен айналысып жүргендердi жазалау керек. Бiз қазiр жемқорларды қалай соттап, қамап жатырмыз, делдалдарды солай соттап, қамау керек. Себебi делдал – кез келген мемлекет экономикасының жауы, – дейді қала тұрғыны Дәулет Сәкенұлы. Сауда-саттық нарығын тізгіндеп алған алыпсатардың қызмет аясы бір-екі саламен ғана шектелмейді. Халыққа қызмет көрсету саласының барлығында делдалдар мен алыпсатарлардың дәурені жүріп-ақ тұр. Егер бит терісінен биялай тіккен пысықайлардың жұмысына қандай да бір тыйым салынып, шектеу қойылмаса, қымбатшылықтан жуық уақытта құтыла алмайтынымыз анық.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ