Агросала серпінді даму жолында
Агросала серпінді даму жолында
Жалпы 2023 жылы облысымызда агросаланы дамытуға 77,5 миллиард теңге бөлініп, 11 мыңнан аса шаруаға қолдау көрсетілген. Қолдаудың қайтарымы да көңіл қуантарлықтай. Жыл қорытындысымен 567,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 97 пайызды құраған. Ауылшаруашылығының негізгі капиталына 44,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3,7 миллиард теңге инвестиция салынған. Кейінгі жылдарда өңірімізде диқандарды сумен қамту өте өзекті мәселеге айналды. Себебі асып-тасып жатқан су жоқ. Жерүсті су ресурстарының 80 пайызы вегетация кезінде көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. Сондықтан айырқалпақты ағайынның көңіліне қараудан басқа амалымыз жоқ. Соған қарамастан, облысымызда жыл санап егістік алқабы арта түсуде. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, 2023 жылы ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабы 762,5 мың гектарға жетіп, 6,5 мың гектарға ұлғайған. Ал биыл 770 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға да айрықша көңіл бөлініп отыр. 2022 жылы ел Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Қазақстан сырттан келетін қантқа 90 пайызға тәуелді. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақтың аясындағы шешімдерге сілтеуге болады. Бірақ бұл – бәрібір Үкіметтің үлкен кемшілігі. Үкіметке шұғыл тәртіпте қант саласын дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеу керек. Ондағы мақсат – импортқа тәуелділікті айтарлықтай қысқартып, өзіндік қамтамасыз етуге біртіндеп көшу», деген болатын. Президенттің қант қызылшасы алқабын ұлғайтып, тәуелділікті азайту мақсатында берген тапсырмасы аясында өңірде 2026 жылға дейін арналған кешенді жоспар әзірленген. Жоспар бойынша қант қызылшасы дақылы 10,8 мың гектарға егіліпті. Алайда 6,2 мың гектары облыстағы қуаңшылыққа байланысты жарамсыздыққа ұшырап, қалған 4,6 мың гектарынан 192,2 мың тонна өнім жиналып, 190,5 мың тоннасы қант зауытына өткізіліпті. Биыл қант қызылшасын 9,8 мың гектарға отырғызу жоспарлануда. Болжаммен 384,8 мың тонна өнім алу көзделуде. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы егістік алқаптарына минералды тыңайтқыш жеткізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сайлау, диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісі де жоспарға сай орындалған. 2023 жылы 55,6 мың тонна минералды тыңайтқыш 222,6 мың гектар алқапқа енгізілсе, биыл 226,3 мың гектар алқапқа 56,3 мың тонна минералды тыңайтқышты ендіру жоспарланып отыр екен. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылғы Жолдауларында су ресурсының тапшылығын маңызды мәселелердің санатына жатқызуда. Мәселен, «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет» деп, Үкіметке су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуді тапсырды. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес өткен жылы 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. 38,9 мың гектар алқап тамшылатып, 18,3 мың гектар жаңбырлатып суғарылды. Биылғы жоспар да ауқымды. 2024 жылы 65,2 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу көзделуде. Сондай-ақ Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналды. Қазір ауылшаруашылық техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал» деп, көп шаруаны алаңдатып отырған мәселеге айрықша басымдық берді. Осы орайда былтыр 1 642 ауылшаруашылық техникасы алынып, жаңару көрсеткіші 13,1 пайызға жетті. Негізі жоспар бойынша 1 508 техника алыну керек болған. Яғни жоспар артығымен орындалды. Биыл ауылшаруашылық техникалары 10 пайызға жаңартылады. Жалпы өткен жылы өңірімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 18,4 миллиард теңгеге 3 мыңнан аса жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде құрылған ауылшаруашылығы кооперативтеріне 352 техника сатып алынды. Айта кетейік, бүгінгі таңда аймақта 13,8 мың техника бар, – дейді Нұрби Жігітеков. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жаңа техникаға қол жеткізгендердің бірі – Александр Уразовский. Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылындағы «Жетітөбе-2022» кооперативінің төрағасы Александр Уразовский өткен жылы 2,5 пайызбен 138 миллион теңгеге техника сатып алып, жобаның үлкен шарапатын сезінгендерін айтады. – Ысырапсыз өнім жинауда заманауи техникалардың орасан зор пайдасы тиді. Кооперативтің 1 150 гектар жері болса, барлығын тиімді пайдаланып жатырмыз. Өткен жылы бидай, арпа, жүгері, мақсары егіп, жиын-терін науқанын ойдағыдай аяқтадық, – дейді шаруа. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде малшаруашылығы саласында да есепті кезеңде ауқымды жұмыстар атқарылып, алға қойылған мақсат-межеге қол жеткізіліпті. Өткен жылы өндірілген ет көлемі 2,8 пайызға, сүт көлемі 1,4 пайызға ұлғайған. Облыста мал санында да өсім бар. Есепті жылы өңірдегі жалпы мал саны 4,3 миллионға жетіп, 4,8 пайызға артқан. Сонымен қатар жаңа жобаларды жүзеге асырып, жұмыс орнын құру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылы жалпы құны 9,1 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 165 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Биыл 8,6 миллиард теңгеге 4 жоба жүзеге асырылып, 272 жаңа жұмыс орны құрылады. Одан бөлек Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен қолдана отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында бөлінген 8 миллиард теңгеге 6 жобаны несиелендіру көзделуде. Жоба аясында 110 жаңа жұмыс құрылады. Жері құнарлы Жамбыл облысындағы агроөнеркәсіп кешені саласында атқарылған жұмыстардың бір парасы осындай. Алда ауқымды міндеттер тұр. Асыраушы саланы алға бастыру мақсатында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың нәтижелі болуы-болмауы енді сала басшылығының, мамандардың жауапкершілігіне және ауа райына да байланысты.
Талғат Нұрханов