Жаңалықтар

ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАП...

ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАП...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Еліміздегі бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағы үшін қолға алынды. Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі. Сондықтан осы мәселе әрдайым менің назарымда болады. Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналатыны белгілі», деген болатын. Расында, мемлекетіміздің іргесін беріктеп тұрған және оны болашақта гүлдендіретін – жастар. Сондықтан жастарға жағдай жасауды ешқашан босаңсытпау керек. Ал енді тәуелсіздік дәуірінде біз жастарға не жасадық деген сұрақтың жауабын қарастырып көрейік.

Тәуелсіздік тартуы

Тәуелсіздік жастарға жарқын жол ашты. «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деп Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, жастарға қамқорлық ертеңгі болашақтың есігін айқара ашумен тең екенін ел түсінді. Мемлекет тарапынан жастар саясатын іске асыруға бағытталған шаралар қолға алынды. Тәуелсіздік жылдары ел жастары көп жетістіктерге қол жеткізді. Жастардың әлеуметтік, экономикалық, интеллектуалдық, құқықтық, кәсіби жағынан дамуына мүмкіндіктер жасалды. Бойына қазақстандық патриотизмді қалыптастырған жастарды тәрбиелеу күн тәртібінен түскен жоқ. Табысты, толыққанды, бәсекеге қабілетті және патриот жастарды қалыптастыру үшін мемлекеттік жастар саясатымен айналысатын қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер ашыла бастады. Жергілікті атқарушы органдардың жанынан жастар саясаты мәселелері жөніндегі кеңестер құрылды. Дегенмен де мемлекеттік жастар саясатын толыққанды, жоғарғы деңгейде іске асыруға бағытталған бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме қажет болатын. Себебі жас толқынның, өскелең ұрпақтың дарынды, табанды, білімді, қайраткер, отаншыл болып өсуі үшін олардың басын бір арнаға тоғыстыратын, қамқорлық танытатын мемлекеттік мекеме қажет еді. Ұзақ уақыт көтерілген бұл мәселе өз шешімін тапты. Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарында және аудандарда жастар орталықтары ашылды. Сарысу ауданында «Сарысу жастары» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны арнайы тіркеліп, өз жұмысын бастады. Қазір аудандық жастар ресурстық орталығы деп аталады. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай қолдаудың арқасында жастар жұмысы жандана түсті. Арнайы мекеменің құрылуы қоғамның қозғаушы күші, елдің болашағы саналатын жастар үшін тәуелсіздіктің үлкен тартуы еді.

Жастар мекемесі қалай құрылды?

«Сарысу жастары» мекемесінің құрылуы, мекеме ретіндегі алғашқы қадамы, жеткен жетістіктері мен қалыптасу кезеңдерінің басы-қасында жүргендіктен сол кездерді сағынышпен еске алып отырамын. 2006 жылдың қараша айы. Отыздағы орда бұзар жігітпін. Ауданымыздағы іргелі, берекелі, ынтымағы жарасқан ауылдық аймақтың бірі саналатын Жаңаарық ауылының әкімі Оңласын Мұқашев ағайға жолығып қалдым. – Асан, сен маған ертең келіп кетші, сөйлесетін әңгіме бар, – деді. Ертесі күні айтылған уақытта бардым. Амандасып, жөн сұрасқаннан кейін: – Асан, аудан әкімдігінде жастар мәселесімен айналысатын бір мекеме құру жөнінде әңгіме болып жатыр. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жігерлі, белсенді жас іздеп жатқан сияқты. Сен жоғары білімдіcің әрі жұмыс тәжірибең бар, сөйлесіп көрсең қайтеді, – деді. Сонымен не керек, келесі аптаның дүйсенбісінде аудан әкімдігінде кездесетін болдық. Уәделескен күні әкімдікке бардым. Аудандағы мекеме, кәсіпорын басшылары, округ әкімдері таңертеңгі лездемелік жиыннан шығып жатыр екен. Оңласын ағамен сыртта жолығып, екеуіміз ішке еніп, баспалдақпен екінші қабатқа көтерілдік. Тура баспалдаққа қарама-қарсы есіктің қасына тоқтадық. Есіктің сыртында «Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәуренов Жорабек Әбдімәжитұлы» деп және қабылдау күндерінің кестесі жазылған. Есікті қағып, рұқсат сұрап Оңласын аға ішке еніп кетті. Мен дәлізде күтіп тұрмын. Ұзақ бөгелмеді, келген жұмысымызды және мен туралы айтқан болу керек, сәлден кейін қайта шықты. «Жастармен жұмыс істеп көріп пе едің?» деді бөлім басшысы мәселеге төтесінен көшіп. Студент кезімде жастар арасындағы іс-шараларға қатысқандығымды, аздап өнерге де жақын екенімді, мамандығым заңгер болғандықтан оқу бітіргеннен кейін заңгер болып, одан кейін әділет органдарында жұмыс істегенімді айттым. Отбасылық жағдайымды, жұмысқа деген ниетімнің бар екенін білген ішкі саясат бөлімінің басшысы атқаратын жұмыс туралы толық мән-жайды түсіндірді. Сөйтіп, бір аптадай ішкі саясат бөлімінде тәжірибеден өтіп, желтоқсан айының басында ішкі саясат бөлімінің басшысы аудан әкімінің қабылдауына кіргізді. Аудан әкімі Болат Мәдікенов жеке іс-қағаздарыммен танысып отыр екен. Қабылдау барысында біраз сұрақтар қойды. Ақыл-кеңесін айтты. Кеңес одағы кезіндегі комсомол ұйымдарының жұмысын тілге тиек етті. Ел игілігі үшін атқарылатын барлық жұмыстардың бастауында жастар тұру керектігіне тоқталды. Сөз соңында аудан басшысы еңбек өтілімді, жоғары заңгерлік білімімді, тәжірибемді ескерген болуы керек, жаңадан құрылатын мекеменің жетекшілігіне менің кандидатурама келісім беретінін айтты. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жорабек Әбдімажитұлы да өз кезегінде тәуелсіздік алған жылдар ішінде мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі мекеменің ауданда бірінші рет құрылғалы тұрғанын айтып, жұмысыма сәттілік тіледі. Осылайша кәсіпорын толық тіркеуден өткенге дейін маған аудан әкімінің келісімімен, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының бұйрығымен «Жастар орталығы» кәсіпорны директорының уақытша міндетін атқару жүктелді. Қым-қуыт, қарбалас жұмыс басталып кетті. Желтоқсан айындағы мемлекеттік мерекелерді атап өтіп, Жаңа жылды да қарсы алдық. Кәсіпорынның тіркеу жұмысымен айналыса жүріп, жастар арасындағы іс-шараларды өткізу де назардан тыс қалмады. Алғашқы кезде кәсіпорынның алдағы уақытта атқаратын жұмыстары туралы жылдық іс-шаралар жоспарын жасап, бекіту үшін біраз әурелендік. Кәсіпорынның тіркеліп, үлкен іргелі мекемеге айналарына сенім мол болды. Алдағы күндерге үлкен үмітпен қарадық. Сол бір кездерде Берікхан Жанбеков есімді жігіт тәжірибеден өтуге келді. Оқуды жаңадан аяқтап келген жас маман. Мамандығы – «Қаржыгер». Кәсіпорынды әділет басқармасынан арнайы тіркеуден өткізу оңай болған жоқ. Жарғысын бірнеше рет қайта жазып, өткіздік. Жарғыда тіркелетін заңды тұлғаның толық атауы, мекенжайы, банктік реквизиттері нақты көрсетілуі қажет. Кәсіпорынның атауына келгенде біраз ойлар айтылды. Негізгі жұмыс аудан жастарымен болатындықтан және кәсіпорын аудан жастарының мүддесі үшін құрылатындықтан «Сарысу жастары» деген атауды ұсындым. Осындай шаруалармен шапқылап жүргенде ақпан айы да келіп жетті. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жорабек Әбдімажитұлы аудан әкімі аппаратының басшысы болып қызметке ауысып, ішкі саясат бөлімінің басшысы болып Мағия Жұмабайқызы тағайындалды. Мемлекеттік қызметтің қазанында қайнаған, іскер, тәжірибелі кісі, әкімшіліктің жұмысын бес саусағындай біледі. Бір аптадай ішкі саясат бөлімінің жұмыстарымен танысты. Бір аптадай біраз жұмысты ретке келтіріп алған соң, жұмыс аяғына қарай Мағия Жұмабайқызы шақырып, жұмыс барысын сұрады. Кәсіпорынды тіркеу жұмыстары жалғасып жатқанын, бұл бағытта біраз кедергілердің болғанын, жақын күнде мекеме арнайы мемлекеттік тіркеуден өтетінін айттым. Қасымда Берікхан деген жігіттің стажер болып, жастарға қатысты іс-шараларға бірге қатысып жүргенімізді де айтуды ұмытқан жоқпын. – Асан, кез келген мекемені жаба салу, таратып жіберу оңай. Ал тіркеу қиынның қиыны. Осы жұмысқа кіріскен екенсің, аяғына дейін жеткіз. Бұл мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған, арнайы бюджеттен қаржыландырылатын алғашқы мемлекеттік кәсіпорын болғалы тұр. Оның басшысының лауазымы аудандағы қазыналық кәсіпорындардың басшыларының деңгейімен бірдей. Егер кәсіпорынның жұмысы жолға қойылса, жастармен жұмысты жандандыруға қауқарлы болса, онда жыл сайын аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, штат санын көбейтіп, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жастар арасындағы іс-шараларды көптеп ұйымдастыруға болады. Ол жұмыстардың негізі сендердің жұмысты қалай бастағандарыңа байланысты. Мен саған қолдау білдіремін. Маған жұмыс істейтін адам керек, тек қана өздеріңнен жұмыс талап етемін. Егер кедергілер болып жатса, айтып отыр. Аудан көлеміндегі мәселелер болса, шешуге болады, – деп қолдайтынын айтып, жігерлендіріп жіберді. 2007 жылдың 6 наурыз күні «Сарысу жастары» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны арнайы тіркелді. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін алып, арнайы есепшоты ашылып, елтаңба бейнеленген мөрі жасалды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бастығы Мағия Жұмабайқызының бұйрығымен кәсіпорынның директоры болып тағайындалдым. Жастар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырыла бастады. Бірақ іс-шараға қаржы қаралмағандықтан демеушілер тарту қажет болды. Себебі «Сарысу жастары» кәсіпорнының бір жылға қаралған қаржысы 2007 жылы 873 мың теңге ғана еді. Бұл кәсіпорындағы екі қызметкердің ғана айлығы болатын. Кәсіпорын тіркелгеннен кейін Берікхан Жанбеков деген жігіт есепші болып қабылданды. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы жоқ. Мағия апай көп қолдау білдірді. Ішкі саясат бөлімінің мамандарының қасына орналастырды. Берікхан екеумізге ішкі саясат бөлімі кабинетінің бір бұрышына үстел, орындық қойып берді. Компьютер, телефон, факс, тағы да басқа мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік жасады. Жылдың аяғында 2008 жылдың бюджетін жасақтағанда кәсіпорынға бір штатқа және бір компьютерге қаржы сұрадық. Сөйтіп, 2008 жылы бір штат беріліп, Айсұлу Есболаева есімді қызды жұмысқа алдым. Бір компьютер алып, қуанып қалдық. Сол жылы бұрынғы «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы Жаңатас қалалық әкімдігінің ғимаратына көшті. 2007 жылдан бастап аудандық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы болатынмын. «Жас Отанның» жұмысын одан әрі жандандыру үшін маған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы орналасқан ғимараттан бір кабинет беретін болды. Өзім басқарып отырған «Сарысу жастары» кәсіпорнының тұрақты орналасқан кабинетінің жоқтығын сол кездегі «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Серікке айтып, «Сарысу жастары» кәсіпорнына екі кабинет алуға қол жеткіздік. Тез арада қалалық әкімдіктің ғимаратындағы кабинетімізге көшіп алдық. Аудандық мәдениет үйінен 2 үстел мен аудандық әкімдіктен жинақ папкалар мен жұмыс құжаттарын қоятын шкаф алдық. – Егемендігін алған уақыттан бері еліміз көптеген қиындықтарды еңсере отырып, алға қарай дамып келеді. Бәрі бірден бола салуы мүмкін емес. Осы кезеңге дейін жастармен айналысатын бірде-бір мекеме болған емес. Алғашқы кездерде жастар саясаты бойынша жұмыс білім, спорт бөлімдерінде болды. Сондықтан «Сарысу жастары» кәсіпорны дер кезінде құрылған бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме болып отыр. Бұның өзі мемлекеттің жастарға деген қолдауы мен қамқорлығы. Ел тәуелсіздігінің жемісі. Жаңа қоныстарың құтты болсын, мекемелеріңнің ғұмыры ұзақ болсын, аудан жастарының мүддесіне жұмыс істейтін іргелі жастар ордасына айналсын!» деп, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы жақсы тілегін білдіріп, телефон аппаратын және бір компьютер сыйға тартты Осылайша жаңадан құрылған мекеменің алдында үлкен міндет тұрды. Іс-шаралар жоспары жасалды. Ауданда жастар саясатын насихаттау, «Сарысу жастары» кәсіпорнының жұмыс бағытын түсіндіру үшін әрбір елді мекенді жеке-жеке араладым. Аудандағы әрбір мекеме, кәсіпорындағы жастармен жиындар өткізіліп, атқарылатын жұмыстардың бағыты түсіндірілді. Мағия Жұмабайқызы біз ұйымдастырған іс-шараларға тікелей өзі қатысып, мамандарын түгел қатыстырып, қолдап отырды. Түрлі тақырыпта іс-шаралар, «дөңгелек үстел» жиындары, байқаулар мен жарыстар өткізіле бастады. Жұмыс тоқтаусыз жүріп жатты. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін белсенді жастарды топтастыру керек болды. Сол кезде қоғамдық негізде жастар жұмыстарымен айналысып, «Сарысу жастары» кәсіпорнының төңірегіне аудан орталығындағы мекемелерден, ауылдық округтерден топтасқан жастар жарқырай көрінді. Бауыржан Серік, Қайрат Әукенов, Жеңіс Құдайбергенов, Райхан Жаппар, Жандос Бапанов, Қуандық Алдабергенов – аудан әкімі аппаратынан, Жандарбек Смағұлов – мәслихат депутаты, Жайылма ауылдық округінен, Ержан Көлбаев– Байқадам ауылдық округінен, Ерлан Дүйсенбин, Сәкен Тұрғанов – Балалар-жасөспірімдер орталығынан, Ғани Арғынбаев, Айгүл Балғабаева, Марат Серкебаев – білім саласынан, Жұмат Сақыпбеков – аудандық ауруханадан, Құдайберген Рысдәулет, Дариха Үмбетиярова, Тұрсынбек Сұлтанбек – аудандық «Сарысу» газетінен, Нұрғали Жаппар, Нұрбол Серкебаев, Кәкімжан Жолшыбеков, Күләш Байтұрсынова, Роза Өтембаева – мәдениет саласынан, Мақсат Жүнісов – Түркістан ауылдық округінен, Қуан Сансызбаев – Досбол ауылдық округінен, Нағашыбек Романов, Фазыл Жолшыбеков, Айнұр Есболаева – Жаңатас көпсалалы колледжінен, Нұржан Жакупов, Ғани Несіпбаев – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінен, Нұржан – Түгіскен ауылдық округінен, Самат Арын – Жаңаталап ауылдық округінен, Ағаділ Оспанов – Саудакент балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен және Игілік ауылдық округінен Кәмшат Абдрахманова сияқты белсенді жастар жұмыстың көрігін қыздырды. Бұл жастардың қатары кейіннен Асхат Райқұл, Толқын Саспақова, Бақытжан Байділдаев, Жанәділ Оспанов, Рауан Сағындықов сияқты жастармен толықты. Бұл азаматтар мен азаматшалардың бәрі «Сарысу жастары» кәсіпорны жұмысын бастаған кездегі қоғамдық мүддені, жастар мүддесін жоғары қоя білген ауданның жасампаз жастары. Аталған азаматтар қазіргі таңда үлкен қызметтерді атқарып, елдің мақтанышы болып жүр. Кәсіпорын осылай құрылған еді.

«Сарысу жастары» атауы неге таңдалды?

Кез келген мекеменің атауы болады. Кісінің есімі беріледі, жер-су аттары қойылады. Кейбір мекемелерге атқаратын жұмысы мен көрсететін қызметіне, өндіретін өніміне қарай атау беріліп жатады. Негізгі қызметі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған кәсіпорынды қалай атау керектігі жөнінде біраз ойлануға тура келді. Бұл кезде кәсіпорын әлі тіркеуден өтпеген болатын. Кәсіпорынның Жарғысында толық атауы көрсетілуі тиіс және тіркеу туралы куәлікте сол атауы міндетті түрде жазылады. Жастар тарапынан, ішкі саясат бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен әртүрлі ұсыныстар түсті. «Жас талап», «Жас қайрат», «Жас самға», «Жастар», «Жас толқын» және тағы да басқа... Маған мұндай атаулар қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға, шығармашылық орталықтарға немесе кәсіпкерлік субъектілерге лайықты көрінді. Ал мемлекеттік мекеме үшін ауданмен байланысты, ауданның «жастар» деп аталатын бір бөлшегінің бітім-болмысын, кескін-келбетін айқындайтын атау керек еді. Заманауи атау дұрыс шығар дегендер де болды. Қаншама кітаптарды ақтарып, түрлі тараптардан түскен ұсыныстарды зерделегенмен ойымнан «Сарысу жастары» деген атау кетпей қойды. «Сарысудың жастарымыз» деп мақтанышпен айтатындай-ақ атау. Аудан жастарының аламанда ат ойнатып, бәйгелерде жігерін қайрап, намысына қамшы басатындай атау. Жастарымызды өзге аудандар мен облыс жастарының арасында Сарысудан екендігін ерекшелендіріп тұратын атау. Қазақтың жарық жұлдызы, Өрбіп-өскен ұл, қызы. Сарысу жері – киелі, Сарысу елі – күй елі. Босамайтын ешқашан, Домбыраның тиегі. Сарысу ән мен күй елі, Даттаса кім Сарысуды, Киесі келіп тиеді. Сондықтан Сарысу киелі!» деп жазушы Дулат Шалқарбаев жырлағандай, Сарысудай киелі өңірдің өрелі де өнерлі өрендері мен жақсы істердің жаршысына айналар жасампаз жастары екендігін паш ететін атау. Осы ойымды аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысына, бөлім қызметкерлері мен жастарға айттым. Көпшілігі ойыммен келісті. Осылайша «Сарысу жастары» кәсіпорны болып аталды. Кәсіпорын құрылғалы түрлі іс-шаралардың, «дөңгелек үстелдер» мен жиындардың ұйытқысына айнала бастады. Жыл бойы атқарылатын іс-шаралардың жоспарын жасап қойғанбыз. Бірақ қолдың қысқалығынан, іс-шараларға деп бөлінген қаражаттың жоқтығынан ауқымды шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік болмай жататын кездер болды. Дегенмен демеушілер тауып, қолдан келгенше өткізуге тырыстық. Мемлекеттік жастар саясатының аясында жас отбасылардың да мәселелері, олардың арасындағы құндылықтар, бала тәрбиесі сияқты мәселелер назардан тыс қалған емес. Бұқаралық спортты дамыту, әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорттық шараларға да мән берілді. Жастардың арасында салауатты өмір салтын әдетке айналдыруды, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасауды жоспарлап, жұмысты бастап кеттік. Спорт түрлерінен спорттық жарыстар, турнирлер кезең-кезеңімен тоқтаусыз өткізіліп жатты. Ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында «Сарысу жастары» мекемесі аймақ жастары арасында көптеген игі істердің ұйытқысы болды. Жастар шығармашылығын дамыту, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жастарды кәсіпкерлікке тарту, жұмыспен қамту, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастар арасында құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың алдын алу және тағы да басқа жұмыстар белсенділікпен жүргізілді. Тынымсыз тірлік нәтижесін берді. «Сарысу жастары» кәсіпорны аудандағы өзгелер санасатын іргелі мекемеге айналды.

Асан ТІЛЕМІСОВ, Сарысу ауданы