Жаңалықтар

Ел болашағы үшін еңбек етеміз

Ел болашағы үшін еңбек етеміз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын мұқият оқып шықтым. Онда көптеген келелі ойлар сөз болып, өзекті мәселелердің шешімі айтылыпты.

Президент аталған сұхбатында кадр саясатында қандай қағидатқа сүйенетіндігіне тоқталды. Нақты тоқталып өтер болсам, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт. Қарамағымда қызмет істейтін азаматтардың маған емес, әділетті Қазақстанды құру идеясына адалдығы әлдеқайда маңызды. Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс», деді. Мемлекет басшысы айтқандай, расында, мемлекеттік қызметшілер халықтың адамы болуы керек. Өз міндетін атқарып қана қоймай, ұлт, мемлекет болашағы үшін әділетті Қазақстанды құру жолында аянып қалмауы тиіс. Қазір жастардың тәрбие әрі оқу мен білімге ден қоятын уақыты. Мемлекеттік қызметшілер білімді де білікті және сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті, арлы адам болуы керек. Сонда ғана біз аңсаған биікті бағындыруға мүмкіндік туады. Президенттің кадр саясатына қатысты айтқан қағидаттарын басшылыққа ала отырып, еліміздің жарқын болашағы, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында еңбек ете беретін боламыз.

Олжас БЕЙСЕН, Сарысу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі