Жаңалықтар

Мақсат – әділ және бәсекелі экономика құру

Мақсат – әділ және бәсекелі экономика құру

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында патриотизм туралы да сөз қозғалды. Сол тұсын оқыған кезде менің ойыма бірден «Рухани жаңғыру» бағдарламасы келді.

Мемлекет басшысы тарихқа тереңірек көңіл бөлуіміз керек екенін баса айтты. Біз ұлттық пен ұлтшылдықтың айырмашылығын айқын түсінуіміз керек. Оған дәлел, «Оян, қазақ» фильмі деп ойлаймын. Сапалы білім беру және ғылымды дамыту да басты мәселе. Бұл мемлекеттің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселесі деуге келеді. Сұхбатта жайлы мектептер жайы да айтылды. Сонымен қатар 2023 жылы мұғалімдердің жалақысы көтерілгендігі де тілге тиек етілді. Жоғары білім саласында болып жатқан жағымды өзгерістер бүгінде сезіліп те жатыр. Жалпы Президенттің көлемді сұхбаты халықтың көкейіндегі сұрағына жауап алып, ой түюіне зор мүмкіндік берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде «Жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді», деді. Президент табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетінін де сөз етті. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтардың жалақысы өскенін, Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енгенін атап өтті. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасының жақсарып, тұрмысының түзелуіне септігін тигізетіні анық.

Сергей СЕМЫКИН, әнші, актер