Жаңалықтар

Аймақ басшысы «Ұлы даланы» аралады

Аймақ басшысы «Ұлы даланы» аралады

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік желілерде тұрғындардың жылу жүйесіне қатысты жариялаған шағымдары бойынша Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданына барды.

Аймақ басшысы ықшамаудандағы бірқатар (№47, 104, 1024, 1025, 1129) көпқабатты үйді аралап, беріліп жатқан жылу деңгейі мен жертөлелердегі сорғы қондырғыларын тексеріп, тұрғындармен кездесті. Тұрғындар бірқатар коммуналдық мәселені көтеріп, жылудың тұрақты берілуіне қатысты өтініштерін жеткізді. Тараз қаласының басшылығы жекелеген көпқабатты тұрғын үйлердің жылу желілерінде туындаған ақауларға байланысты қажетті шаралар қабылданғанын айтты. Облыс әкімі мұндағы жылу жүйесіне арналған қосалқы сорғы стансасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Ербол Қарашөкеев нысанды 10 ақпанға дейін іске қосу үшін жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Бұл өз кезегінде ықшамаудандағы тұрғын үйлерді қажетті жылумен тұрақты қамтуға, жылу ағымын реттеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек ықшамаудандағы жылу жүйелерінің ауқымын ұлғайту жоспарлануда. – «Ұлы дала» ықшамауданында жылытуға қатысты мәселелер жиі көтеріледі. Бұл мәселені кешенді түрде шешу керек. Ол үшін жұмыстардың жүйелі жүргізілуі маңызды. Қала басшылығы тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде көңіл бөліп, нәтижелі шаралар қабылдап отыруы тиіс, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ аймақ басшысы «Ұлы дала» ықшамауданындағы жолдардың сапасы сын көтермейтініне назар аударды. Қала әкіміне ықшамаудандағы инфрақұрылымның ұлғайтылуына байланысты көшелердің барлығын биыл асфальттаудан өткізу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Бұл бойынша бір аптада нақты жоспар жобасын құрып, баяндауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі