Жаңалықтар

Былтыр оңтүстіктен солтүстікке 9 мыңға жуық адам қоныс аударған

Былтыр оңтүстіктен солтүстікке 9 мыңға жуық адам қоныс аударған

2023 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне 8 903 адам өз еркімен қоныс аударған. Оның ішінде қоныс аударушылар 6 492 және қандастар 2 337 адамды қамтыды. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.Ұлттық жоба аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
  • көшуге арналған субсидия – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек;
  • отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
  • қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;
  • жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
  • экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі. Былтыр барлық қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды. Оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашу үшін гранттар алған.