Жаңалықтар

Қос тарапқа пайдалы әріптестік

Қос тарапқа пайдалы әріптестік

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетімен және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп 2023 жылы 19 қаңтарда білім және ғылым саласындағы қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойған болатын.

Келісім аясында ТМД-да алғаш рет («2+1+1» форматында) бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша желілік кампус жобасы іске қосылды. Онда екі жыл М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде, үшінші курс РХТУ-да (Мәскеу қаласы) және төртінші курс «Қазфосфат» ЖШС-да оқиды. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап Дулати университетінің 7 студенті осы бағдарлама бойынша РХТУ-да білім алуда. Сондай-ақ былтыр мамырда Алматы қаласында өткен ҚР Білім және ғылым жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысында 2024 жылы қыркүйектен бастап Тараз қаласында РХТУ филиалын ашу туралы шешім қабылданды. Аталмыш бастама аясында РХТУ филиалын ашу бойынша бірлескен жол картасы әзірленді. Жол картасы бойынша өткен аптада М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің (РХТУ) өкілдігі ашылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Бақытжан Орынбеков, РХТУ ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Евгений Пак, РФ Президенті жанындағы ғылым және білім саласындағы жастар ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі Александра Глазкова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы, Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Шолпан Есімова және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Университет базасында ашылған өкілдік туралы ақпарат беру мақсатында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз брифингі ұйымдастырылды. Д.И.Менделеев атындағы РХТУ ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев желілік білім беру бағдарламасының іске асырылуы және Ресей химия-технологиялық университеті өкілдігінің жұмыс жоспары туралы баяндап берді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы Шолпан Есімова «Менделеев сыныптары» жобасының барысы туралы хабардар етті. Өз сөзінде білім берудегі халықаралық ынтымақтастықты дамытудың, химия саласында жоғары білікті кадрлар даярлау мақсатында Қазақстанда РХТУ филиалын ашу жөніндегі бастаманың маңыздылығын атап өтті. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков университет базасында Ресей химия-технологиялық университеті өкілдігінің ашылуы химия саласын өркендетуге бастайтын басты қадамның бірі екеніне тоқталды. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Тараз қаласында Д.И.Менделеев атындағы РХТУ филиалы өз жұмысын бастайды. Алда химия саласында ғылыми-технологиялық және өндірістік міндеттерді шешуге қабілетті халықаралық білім беру стандарттары деңгейінде мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау міндеті тұр. Химия және химиялық технология саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарда бар.

А.Бекенқызы