Жаңалықтар

Криптоның қызығын көргендер

Криптоның қызығын көргендер

Астанада заңсыз крипто айырбастау пунктін ұйымдастырушылар сотталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінде заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша А.В.Кучуков пен Е.Т.Садыровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.

Аталған азаматтар криптовалютаны қолма-қол ақшаға айырбастап, аса ірі мөлшерде табыс тапқан. Заңсыз қызметтен түскен ақша айналымы 15 миллиард теңгені құраған. Олар 1,5-нан 2,5 пайызға дейін сыйақы комиссия алып отырған. Мемлекет кірісіне криптовалюта әмиянының балансындағы 22894,5 USDT мөлшерінде қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер, 328 мың АҚШ доллары және 7 миллион теңгеге жуық ақша тәркіленді. Сот А.В.Кучуковты мүлкін тәркілеп, 3 жыл мерзімге, ал Е.Т.Садыровты мүлкін тәркілеп, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Қазақстан аумағында заңды тұлғасыз және лицензиясыз айырбастау операцияларын жүзеге асыруға тыйым салынғанын ескертеміз.