Әлеумет

Ескертуіміздің ескерілгеніне көз жеткіздік

Ескертуіміздің ескерілгеніне көз жеткіздік

Газетіміздің өткен аптадағы санында Тараз қаласындағы «Эльба» дәмханасы мен Халыққа қызмет көрсету орталығының №1 бөліміндегі кассада тек орыс тілінде берілген ақпараттарды атап көрсеткен едік. Еліміздің «Тіл туралы» Заңының талаптары түсіндіріліп, ескерту жасалған соң, өзгерісті бақылайтынымызды да айтқанбыз. Арада бір апта уақыт өткенде сол нысандарды арнайы араладық.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның Жамбыл облысы бойынша филиалының Тараз қалалық ХҚКО-ның №1 бөлімінің басшысы Шалқар Елемес: – Халыққа қызмет көрсету орталығындағы касса «Қазпошта» АҚ-ға тиесілі. Өткенде сіздер келіп айтқанда-ақ басшысына жеткізгенмін. Бір жұма ішінде өзі орталыққа келіп, айтылған кемшілікті көріп, өзгертетінін жеткізген. Міне, жұма күні сол хабарландырудың мемлекеттік тілге аударылған нұсқасын кассаның алдына ілді. Тек төлем туралы хабарландыруды ғана емес, кассаның атауын да мемлекеттік тілде «Төлем жасау» деп орыс тіліндегісімен бірге көрнекі түрде орналастырылды. Ал біздің орталықтың барлық ақпараттары қазақ және орыс тілінде жазылған, – деп мемлекеттік тілге аударылған өзгерісті көрсетті. Несін жасырайық, ескертпеден нәтиже шыққанына қуанып қалдық. Екінші барғанымыз «Эльба» дәмханасы болды. Ондағы ас мәзірі, тағамдардың баға көрсеткіштері және қабырғаға, есікке жапсырылған ақпараттық хабарландырулардың мемлекеттік тілде берілмегенін айтқан едік. Бізбен бірге барған облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері және мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері, тіл жанашырлары тек заңды ғана емес, мемлекеттік тілдің мәртебесі жөнінде де мол мағлұмат берген болатын. Нәтижесінде аталмыш дәмхана ас мәзірін де, ақпараттық хабарландыруларды да мемлекеттік тілдегі аудармасымен қоса жазыпты. Көзбен көріп, марқайдық. Яғни әрбіріміз жүрген ортамызда мемлекеттік тілде сөйлеп қана қоймай, тиісті заңмен бекітілген құқығымызды қорғап, ескерту жасасақ, түзелмейтін кемшілік болмайды. Барша оқырмандарға қоғамдағы олқылықтардың орнын бірлесіп толтырайық дегіміз келеді.