Қаржылық алаяқтардан қауіп көп
Қаржылық алаяқтардан қауіп көп
Зерттеу нәтижелері халықтың қаржылық сауаттылығының меншікті қаржы қаражатын басқару, қаржылық қызметтерді пайдалана алу және қаржы жүйесі туралы хабардар болу сияқты негізгі индикаторларының серпінін көрсетеді. Мұндай зерттеулер жүргізілгелі бері алғаш рет тұтынушылық кредиттерді ресімдеу кезіндегі тұтынушылардың іс-әрекеті және банк менеджерлерінің тарапынан кредит талаптары және қарыз бойынша төлеу мерзімін өткізген жағдайдағы жауапкершілік туралы толық ақпаратты жария ету бағаланды. 2023 жылы индекс 40,5 пайызды құрады. Соңғы зерттеу халықтың хабардар болу деңгейінің басым екенін көрсетті – 42,8 пайыз. Бұл ретте, «Меншікті қаржы қаражатын басқару» ең төмен көрсеткіш – 38,6 пайыз болды. Орта көрсеткіш – 40,1 пайыз қаржылық қызметтерді пайдалану саласында тіркелді. Зерттеудің «Меншікті қаржы қаражатын басқару» бөлімі кірістер мен шығыстарды бөлу дағдыларының серпінді екенін көрсетеді. Респонденттердің үштен бірі – 30,2 пайызы қаржы қаражатын бөлу туралы шешімді дербес қабылдайды және ол 50-63 жас санатындағыларға тән. 30-49 жас аралығындағы респонденттердің 35,6 пайызы өз ақшасын ата-аналарына сеніп тапсырады. Әрбір бесінші респондент жұбайына/зайыбына береді, 18,2 пайызы ғана ортақ бюджет жүргізеді. Бұл ретте, респонденттер қаржылық өмірдің неғұрлым маңызды аспектілерін атап өтті – шоттарды уақтылы төлеу (48,4 пайыз), сатып алуларға тиімділік тұрғысынан қарау (46,4 пайыз), сондай-ақ бюджетті мониторингтеу (43,9 пайыз). Лимиттен жоғары шығыс жұмсалған жағдайда әрбір үшінші респондент қарыз алған (38,9 пайыз) және кредитті пайдаланған (35,9 пайыз), оның ішінде респонденттердің 12,5 пайызы микрокредиттерге жүгінеді, 7,5пайызы онлайн кредит ресімдейді. Олардың төрттен бір бөлігі жеке жинақтарын пайдаланған (23,7 пайыз), тағы 13,1 пайызы депозиттен қаражаттарын алған. Респонденттердің жинақтаудағы тәжірибесі азаматтардың 48,2 пайызы ақша жинайтынын байқатты. Соңғы үш жылдың серпіні ай сайынғы міндетті шығындарды төлегеннен кейін жинақ жасай алуға қабілетті азаматтардың саны біртіндеп өсетінін білдіреді: салыстыру үшін 2020 жылы азаматтардың 30,6 пайызы, 2021 жылы 31,4 пайызы және өткен жылы 31,5 пайызы осылай жасаған. Азаматтардың 24,5 пайызы үшін өз жинақтарын көбейтуге мотивация факторы тән, олар белгілі бір сатып алулар үшін ақша жинайды. Қаржы қаражатын жинақтаудағы тұрақтылық халықтың 16,3 пайызда байқалады. «Қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану мүмкіндігі» көрсеткіші өткен уақытта, қазіргі уақытта және болашақта тұтынушылар арасында танымал қандай да бір қаржылық өнімді/ көрсетілетін қызметті көрсетеді. Мәселен, соңғы екі жылда ең көп таралған қызметтер автокредиттеу (43 пайыз), зейнетақы аннуитеті (40,3 пайыз), тұтынушылық кредит (39,9 пайыз) және дебеттік карта (39,8 пайыз) болды. Қазіргі уақытта респонденттердің 74,3 пайызы депозиттер түрлеріне артықшылық береді (білім беру – 39,1 пайыз, депозиттердің басқа түрлері –35,2 пайыз). Бұл көрсеткіш халықтың жинақтау дағдыларының өсуін айғақтайды. Қазіргі уақытта өзектілігін жоғалтпаған басқа өнімдердің айтарлықтай бөлігін ипотека (39,9 пайыз) және онлайн кредиттер (36,7 пайыз) құрайды. Тұтынушылық кредит ресімдеу туралы шешім қабылдаған кезде респонденттер белгілі бір мерзімде (39,8 пайыз) қайтарудың міндеттілігін түсінеді. Импульсивті тұтынушылық ойлау негізінен Солтүстік Қазақстан облысынан (37,3 пайыз), Жамбыл (37,3 пайыз) және Түркістан (38 пайыз) облыстарынан келген респонденттердің 33,6 пайызына тән. Керісінше, Атырау (47,3 пайыз) және Ұлытау (48 пайыз) облыстарында қаржылық сананың жоғары деңгейі атап өтілді. Кредит беруде қаржы ұйымдары менеджерінің қарыз алу кезінде ақпаратты ашу мәселелеріндегі құзыреттілігі маңызды рөл атқарады. Пікіртерім нәтижелері бойынша респонденттер кредиттік менеджерлерден мұндай білім алмайтынын (34,6 пайыз) немесе әрдайым алмайтынын (31,8 пайыз) көрсетті. Бұл ретте, қаржы ұйымдарының менеджерлері мерзімі өткен немесе кредитті өтемеген жағдайда клиенттің жауапкершілігі туралы хабардар етудің жоғары деңгейін көрсетті. Респонденттердің жауаптарына сәйкес, өте жақсы – 64,7 пайыз (атап айтқанда, «Жақсы» – 44,8 пайыз және «Өте жақсы» – 19,9 пайыз). Теріс бағалаудың үлесі 19,3 пайызды құрайды (атап айтқанда, («Өте нашар» – 14,3 пайыз және «Нашар» – 5 пайыз). Сонымен қатар, кредитке өтінім ресімдеген кезде кіріс деңгейі туралы ақпарат 38,2 пайыз респондентте көбіне артық көрсетілген. Тағы 22 пайызы кірістерін әрдайым дұрыс көрсетпейді, респонденттердің жауаптарына қарағанда қарызды ықтимал мақұлдау үшін кірісті артық етіп көрсетеді. 6,1 пайыз адам өздерінің шынайы кірісін ешқашан көрсетпеген. 26,9 пайыз ғана адам ақпаратты жасырмай, дәйекті деректер ұсынады. Гендерлік бөліністе әйел адамдар (39 пайыз) кірістері туралы шынайы деректерді өтірік айтуға жиі барады. Орта жастағы – 30-49 жастағы респонденттер (23,3 пайыз және 38,8 пайыз) көп жағдайда дұрыс деректерді көрсете бермейді және өз кірістерін артық етіп көрсетеді. Сондай-ақ зейнеткерлік жастағы адамдар (43,8 пайыз) кредитке өтінім берген кезде өз кірістерін көбіне артық етіп ұсынады. Қаржы ұйымдарының арасында «Kaspi Bank» – 46,1 пайыз анағұрлым танымалдылыққа ие болып қалып отыр (2022 жылғы көрсеткіш 40,2 пайыз болды). Қызметтерді пайдалану бойынша 3 үздік банктің қатарына «Halyk Bank» енді, оның көрсеткіші 25,7 пайыз (2022 жылы – 39,1 пайыз), үшінші орында өткен жылғыдай, «Отбасы банк» қалып отыр – 8,1 пайыз (2022 жылы – 20,3 пайыз). Респонденттердің пікірінше, қаржы ұйымымен проблемалар туындаған кезде жауапкершілік ұсынылатын қызмет провайдері ретінде қаржы ұйымына – 26,4 пайыз, клиент ретінде өздеріне (26,1 пайыз), мемлекеттік органдарға – 25,9 пайыз жүктеледі. Көбіне жауапкершілік 30-49 жастағы респонденттерде (30 пайыз) көрініс табады. Қаржы ұйымдарымен даулар туындаған кезде респонденттер Бас прокуратураға (25,2 пайыз), сотқа (23,4 пайыз), адвокаттарға және заңгерлерге (19,6 пайыз) жүгінуді дұрыс көреді. Сондай-ақ ақпарат берушілер қаржылық сауаттылық бойынша білім беру дағдыларын дамыту туралы да айтты. Бұл әсіресе Жетісу (34 пайыз), Түркістан (33,3 пайыз), Маңғыстау (32 пайыз), Павлодар және Ұлытау (31,3 пайыздан) облыстарының тұрғындары үшін маңызды. Әлеуметтік желілер – (48,2 пайыз) қаржы жөніндегі білімнің негізгі көздері. 18-29 жас аралығындағы жастар (29,8 пайыз) мен 50-63 жас аралығындағы адамдар (29,7 пайыз) арасында танымал тегін курстар (27 пайыз) елеулі ресурс болып саналады. Бұл ретте пікіртерім нәтижелері адамдардың мұндай білім үшін ақы төлеуге және курстарға баруға жиі жағдайда дайын болмайтынын (12,1 пайыз) көрсетті. Әлеуметтік желілер мен тегін курстардағы ақпараттың көбінесе фрагменттелген және базалық екенін атап өткен жөн. Ал «YouTube» желісіндегі ролик түріндегі бейімделген материал (3,1 пайыз) немесе мамандандырылған әдебиет (4,6 пайыз) респонденттерді онша тартпайды. Аталған жағдайда мамандандырылған әдебиет жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейіне ие ақпарат берушілердің арасында барынша танымал (10,1 пайыз). 12,8 пайызы қаржылық білімге мүлдем қызықпайды. Бұл ретте көп жағдайда 30-49 жас аралығындағы орта жастағы респонденттер білімге қаражат бөлуге дайын. Респонденттердің 33,2 пайызы үшін онлайн формат ыңғайлырақ болса, сұралған адамдардың 25,6 пайызына оффлайн формат ыңғайлы, өзін-өзі оқыту тек 9,9 пайыз респонденттерге қолайлы және респонденттердің 25,35 пайызын қаржылық сауаттылық қызықтырмайды. «Қаржылық алаяқтық» бөлімі азаматтарды алдаудың барынша дамыған және күрделі әдістерінің қолданылуына байланысты қатарынан екінші жыл зерттеу үшін өзекті тақырып болып отыр. Өңірлер бойынша Қазақстанның батыс өңірлерінің, атап айтқанда Атырау (27,3 пайыз), Ақтөбе (26,7 пайыз) және Маңғыстау облыстарының (26 пайыз) көрсеткіштерін назарға алу қажет, мұндағы респонденттер алаяқтыққа тап болғандықтарын жиі көрсеткен. Көбінесе 18-29 жас аралығындағы жастар (23,1 пайыз) мен 50-63 жас аралығындағы ересек адамдар (24,9 пайыз) алаяқтардың құрбаны болып жатады. Қаржылық алаяқтықтың барынша кең тараған түрі – «вишинг» телефон арқылы жасалатын интернет-алаяқтық (31,5 пайыз). Бұл ретте жиі жағдайда алаяқтар өз құрбандарымен ұялы телефон немесе қалалық телефон (45,6 пайыз) арқылы хабарласады. Көп жағдайда респонденттер алаяқтарды ажырата білді (61 пайыз). Осы тәрізді құқықбұзушылықтарды идентификаттау 50 жастан асқан адамдар үшін қиын (41 пайыз). 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) ТМД елдері халқының қаржылық сауаттылығы деңгейін анықтау, бағалау және талдау бойынша мамандандырылған тереңдетілген еларалық зерттеу жүргізген болатын. Зерттеуге 8 ел қатысты (Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы). Қазақстан бірінші (2017 жыл) зерттеуге де, екінші зерттеуге де (2021 жыл) қатысты. Дала жұмыстарының екінші кезең (2021 жыл) деректеріне сәйкес ТМД бойынша қаржылық сауаттылықтың орташа көрсеткіші 55,8 пайызға тең. Қазақстан көшбасшылар үштігіне енді – 59,6 пайыз. Беларусь өзін бұрын соңды болмаған көшбасшы ретінде жариялады (61,4 пайыз). Соңғы орынға Әзірбайжан ие болды (45,9 пайыз). Жалпы алғанда, орташадан төмен көрсеткіштер 8 елдің төртеуінде тіркелді. Әлеуметтанушылардың пікірінше, зерттеу нәтижелері қаржылық сауаттылықты дамыту және азаматтардың қаржылық болашағын жақсарту үшін мемлекет, бизнес және білім беру тарапынан бірлескен іс-әрекеттің қажеттілігін атап көрсетеді. Мектеп курстарын, білім беру мекемелеріндегі сабақтарды және ересек адамдарға арналған оқыту бағдарламаларын қамтитын қаржы туралы білім беру бағдарламаларын жасау және әзірлеу ұсынылады. Инвестицияларды қалыптастыру аясында сарапшылар халыққа тегін немесе қымбат емес қаржылық консультацияларға, оның ішінде инвестицияларға қатысты консультацияларға оңай қолжетімділікті қамтамасыз етуді ұсынады. Бұл азаматтарға өз қаржылық мақсаттарын жете түсінуге және болашақты жоспарлауға көмектеседі. Қаржы туралы пайдалы мәліметке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бюджетті, инвестицияларды қадағалап отыруға және қарызды басқаруға көмектесетін қазақстандық қосымшаны және/немесе онлайн құралдарды іске қосу ұсынылады.
Жасұлан Сейілханов