Жастар

Мектеп табалдырығы

Мектеп табалдырығы

Накия әкесінің жұмыс істейтін орнын түскі тағамын әкелгенде көрді. Қия жартасты қашап жасаған ауқымды пешке ақ тастарды салып, отпен күйдіреді екен. Мұндай пештің саны алтау. Жерден ақ тас қазатын әкесі секілді жұмысшылар бір қауым. Олардың дайындаған ақ тастарын Мұқсым ақсақал қабылдап, пешшілерге жібереді, одан оны отқа жағып, сөндірілмеген кәдімгі әктас шығарады. Тау болып үйілген әк жаңбыр мен қар суы тимейтін, жан-жағы жабық бастырма сарайларда сақталады. Мұндай өндіріс орнын көрмеген Накияға бұл да қызық. Жұмысшылардың қимылын барлап, әкесінен ананы-мынаны сұрай берген соң бала көңілін қалдырмай, білгенінше түсіндіріп: «Енді үйге қайта ғой, апаң да алаңдап отырған шығар» – деп, босаған ыдыстарды қолына ұстатты. Ауылдың іргесінен Шақпар өзені ағады. Жаздың тамылжыған күндері ауылдың бар баласы уақытты осы өзен жағасында өткізеді. Судың жағасы салқын, төбеден күн күйдіріп, ыстық леп соққанымен жағадан ескен салқын самал жаныңды жадыратып, рақат күйге бөлейді. Сондықтан болар, кейде балалармен бірге үлкендер де суға түсіп, қол-аяқтарын салқын суға малып отырады. Бүгін ауа райы онша ыстық емес. Күннің көзін қазбауыр бұлт көлегейлеп, өзен жақтан қоңыр салқын еседі. Ыдыс-аяқтарын көтерген Накия үйіне қарай келе жатқанда өзен жағасындағы мектеп ғимаратына көзі түсіп, бала қиялы көкке шарықтап, балғын ой өз құшағына орай берді: «Ауылдағы балалармен бірге биыл мектеп табалдырығын аттаса ғой, шіркін». Үйдегілер де қызық, енді қашан апарады мектепке, жасы болса біразға келді. Өткенде Мұқсым атаның Әуесхан деген баласы: «Мектепке баратын болдым, апам маған киім және оқу құралдарын алып келуге ауданға кетті», деп мақтанған. Жарайды, бұған киім әпермей-ақ қойсын, киімсіз жүрген жоқ қой, тек мектеп құралдарын әперсе болды, елмен бірге партада отырып, хат таныса болғаны. Әбілхан әкесі: «Бүгінде заман білімдінің қолында, оқысаң адам боласың, оқымасаң надан болып қаласың», дейді, сөйте тұра мұны мектепке апарар түрлері жоқ. Ал анасы: «Білімді тек мектептен ғана алуға болады», деп айтады. «Бұл үлкендерді қойшы, ақыл айтып, басқаша істейді. Өздерін түсініп болмайсың. Әйтпесе мен қатарлы қыздар үшінші сыныпты бітірген жоқ па? Рас, соғыстың кесірінен мен секілді оқи алмай қалғандар да көп. Сонда да соғыстың біткеніне де бір-екі жыл өтті емес пе?». Осындай ойдың жетегінде кеткен Накия үйге де қабақ шытып кірді. Қызының ренжулі өңін көрген анасы: – Не болды, ашулысың ғой өзің, біреулер ренжіткен жоқ па? – деп бәйек болды. – Жоқ, – деді бұл қабағын ашпай. – Мен мектепке қашан барамын осы? – Е, Құдай, сол ма, биыл барасың, күнім. Өткенде бір мұғалім келіп, тізімдеп кеткен. – Иә, өтірік айтасың, басқалардың киімі де, кітабы да дайын, ал менің киімім тұрмақ, оқу құралдарым да жоқ. Қаламсыз оқушы бола ма екен? – Күнім-ау, оны кім айтты саған? Түнеугүні бәрін Шудан әкеліп, тығып қойғанмын, – деп, анасы көнелеу кебеженің сықырлауық аузына жармасты. Қақпағын ашып, қаттап жиналған біраз киімдердің арасынан бүкпесі бұзылмаған мектеп формасын алып, Накияға кигізе бастады. Қоңыр түсті көйлек пен ақ фартук өзіне арнап тігілгендей шап-шақ екен. Накияның балғын жүзі қуанғаннан алаулап кетті. Бұлардан басқа көне сандықтың ішінен кітаптар мен дәптерлер, қаламсап, тіпті сиясауыт та шықты. Өзінің жолдағы ойлары ағаттау болғанын түсінген Накия: «Еее, бәсе, үлкендер ақымақ емес, бәрін біледі. Болашақты болжап ақыл айтса, біліп айтады екен ғой. Мен қашан бойжетер екенмін. Ертерек үлкейсем екен. Үлкен болсам, ауылдағы барлық балаларға сабақ үйретер едім, шіркін», деп ойлады ішінен. Өзінің мектепке баратынына көзі жеткен соң үстіндегі судай жаңа киімдерін шешіп, анасына берді де, асығыс-үсігіс күнделікті ойын киімдерін киіп, далаға жүгіре шықты. Сол күні көңілді жүрді. Негізі қуанышты күткен адамның жабығып жүрмейтіні белгілі. Мұндайда уақыт та қарға адымдап тұрып алады. Ал асыға күткен салтанатты сәтің келіп жеткенде, сол зарыға күткен күндерің ойыңнан шығып кетеді екен. Ақыры сынаптай сырғыған уақыт 1947 жылдың бірінші қыркүйегіне де жеткен. Бүлдіршіндердің шат күлкісіне бөленген ауыл мектебінің ауласы шаттықтың қайнаған қазаны секілді. Күні мөлдіреп, сәуле сепкен көк аспанның астына ата-аналар мен оқушы балалардың жалынды сөздері мен жарқын үндері тарап жатты. Қолдарына хош иісті алқызыл гүл ұстап, сап түзеген балаларды сырттай бақылаған адам, бір күнде мектеп ауласына гүл өсіп кеткендей сезінері анық. PS. Басты кейіпкер Накия Халиуллақызы бүгінде 86 жаста.

Аяжан ЖҰМАХАН, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті