Әскердің жауынгерлік рухы – тәрбиеші офицердің қолында
Әскердің жауынгерлік рухы – тәрбиеші офицердің қолында
Әскери тәрбиеші тәлімді ұстаз не мықты әдіскер ғана емес, ол психология саласынан да кеңінен хабардар болуы керек, яғни «адамның жай-күйін түріне қарап-ақ бірден білгені» абзал. Мұның бәрі әрбір әскери қызметшінің жауынгерлік рухын көтеру, оларды түсініп, тыңдай білу үшін қажет екенін аңғартады. Тәрбиеші офицерлер жоғары рухани мәдениет пен интелекттің, мінсіз тәрбиенің, заңға бағынушылық пен әділдіктің үлгі-өнегесі болуы тиіс. Бір кездері қазақ армиясы мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қалыптасу жылдарында «пионер» – офицер-ағартушылар құрған іргетас болмаса, қазіргі офицер-тәрбиешілердің жұмысы соншалықты нәтижелі болмас еді. Алғашқы тәрбиеші офицерлер білім беру құрылымын дамытып, нығайтты. Әр жылдарда «Оңтүстік» әскери округі – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшыларының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық (кейіннен – идеологиялық) жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін полковниктер Ержан Садықов, Манас Мағұлов, Ғабдрашит Нұрманов, Бәстемі Дүйсембаев, Жұмабек Хасенов, Әркен Ташубаев, Самат Төлепбаев, Ермиян Бятов атқарды. «Оңтүстік» әскери округі құрылған 2000 жылы ең алғашқы оқу құрылымын аталған әскери округ командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалған полковник Ержан Садықов басқарды. Оның жауынгерлік тәжірибесі мол болды. Офицерлік қызметінің алғашқы сатысында ол рота командирінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары ретінде Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген. Қазіргі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары – полковник Ораз Кучуков. Жалпы қазақ армиясының, атап айтқанда, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қалыптасуы мен дамуы жылдарында оқу-ағарту офицерлері тәрбие жұмысы, моральдік-психологиялық қамтамасыз ету саласындағы ең күрделі міндеттерді сәтті шеше білді. Олардың алдында әскери топтарда күшті моральдік-психологиялық ахуал қалыптастыру бойынша күрделі міндеттер тұрды. Олардың қолдауымен әскери қызметшілер нағыз патриот болып, жауынгерлік рухы шыңдалып, моральдік-психологиялық тұрғыдан ширыға түсті. – Тәрбиеші офицерлердің өскелең жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін қалыптастыру бағытында алатын орны орасан. Негізінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты құрамалар мен бөлімшелердің және жалпы Қазақстан армиясының әскерлерінің қорғаныс қабілетін және әскери қызметшілерінің рухын нығайту жөніндегі ортақ іске маған дейінгі орынбасарлардың әрқайсысының еңбегі сіңген, – дейді О.Кучуков. Офицер-тәрбиешілер әскери қызметшілерді жауынгерлік жарыстың практикалық нәтижелерін жақсартуға шақыра отырып, әдіс-тәсілдерді таба біледі. Мемлекеттік-құқықтық оқыту мен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың сапасын арттырып, бағынысты кадрлармен жеке тәрбие жұмысын ұйымдастыруға жүйелі көзқарас орната алады. – Қай кезде де ҚР Қарулы Күштері ардагерлерінің тәжірибесі мен қолдауы өзекті әрі сұранысқа ие. Сондықтан ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері зейнеткерлікке шыққандарына қарамастан, әскерлерде өткізіліп жатқан іс-шараларға белсенді қатысып тұрады, – дейді Ораз Кучуков. Қарулы Күштер ардагерлері үшін де, қазіргі басшылық үшін де әскери қызметкерлерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Өз Отанына, өз кәсібіне деген құрмет пен сүйіспеншілік рухында тәрбиеленген нағыз патриоттар жауынгерлік дайындық тапсырмаларын абыроймен әрі сапалы орындайды. Әрбір офицер-тәрбиешілердің еңбегі елеуге тұрарлық. Олар жеке құрамға патриоттық тәрбие беру, әскер ұжымдарында құқықтық тәртіп пен әскери тәртіпті нығайту бойынша маңызды жұмыстар атқаруда.
Ақтоты Жаңабай