Жаңалықтар

Тараздан Ливанға: бітімгер мақсаты – бейбітшілік

Тараздан Ливанға: бітімгер мақсаты – бейбітшілік

Мазасыз күндер, тәлкекті тағдырлар, өршіген соғыс өрті... Олар бейбітшіліктің не екенін білмейді, көрген де емес. Бүтін бір отбасы болып ас ішіп, алаңсыз мектеп партасында отырмады. Жылы төсек, жайлы өмір, шат күлкі мұнда жоқ. Әр жерден бір «гүрс» етіп снаряд пен суық қарудан атылған оқтың дауысынан құлақ тұнады. Бұл – Таяу Шығыс елдеріндегі үйреншікті, қалыпты жағдай. Жыл сайын қазақ сарбаздарының тиісті легі бітімгерлік миссиясымен Ливанға аттанады. Бұл үрдіс былтыр да жалғасын тапты. Оның ішінде жерлесіміз, 5-механикаландырылған бригадасының барлау ротасы взвод командирінің орынбасары, аға сержант Оңласын Қапалбаев та бар.

Жерлесіміз ҚР Қарулы Күштерінің тоғызыншы бітімгерлік контингенті құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріндегі» миссиясына қатысты. Әскери қызметші өзге де жерлестерімен 6 айда «Шығыс» секторында Үнді бітімгерлік батальонының құрамында тапсырмаларды орындады. Жауапкершілік аймақтарында жаяу, мобильді және әуе патрульдерін жүргізіп, тосқауыл бекеттерінің жұмысын ұйымдастырды. Сондай-ақ бітімгерлік базасын күзетіп, бейбіт келісімдердің сақталуын қамтамасыз етті. Оңласынның Ливаннан оралғанына тура екі ай болды. Осы екі айда жамбылдық сарбаз әлемнің «қызған» нүктесі саналған Таяу Шығыста әскери миссиямен жүріп, елдегі бейбітшілік пен тыныштықты шынайы бағалауды үйренді. Аға сержант Оңласын Қапалбаевтың атажұртқа оралуы ҚР Қарулы Күштеріндегі қысқы оқу-жаттығу кезеңінің басталуымен тұспа-тұс келді. Сондықтан взвод сержантының алдында күттірмейтін қызметтік міндеттер тұрды. Алдымен жеке құраммен бірлесе отырып бригаданы әртүрлі жауынгерлік әзірлік дәрежесіне жеткізу мәселелерін пысықтау, одан кейін қарамағындағыларды әскери мамандықтар бойынша жеке оқытуға дайындауды бастау қажет болды. Бірақ бұл жолы Оңласын Қапалбаев қызметтік міндеттерді жай ғана тапсырма ретінде қабылдамады. Тынышы кеткен Ливан елінен оралған сарбаз жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындаудың маңыздылығын терең түсініп, бұған зор жауапкершілікпен қарады. Аға сержант Қапалбаев Ливан Республикасында әскери міндетін орындап жүргенде Израиль-Палестина қақтығысы шиеленісе түскен еді. Таяу Шығыста алғашқы снаряд жарыла басталған қазан айында қазақстандық бітімгерлер қауіпті болса да сонда қалып, қызметін әрмен қарай атқара берді. Осы уақыт ішінде Оңласын Қапалбаев жерлестерімен бірге қызметтік міндеттерін орындауға дағдыланып үлгерді. Көлікпен белгіленген аумақтарды патрульдеу, бақылау, базаны күзету Оңласынның күнделікті жұмысына айналды. Алайда бұл елдің соғыс ошағы Израильге жақындығы және Ливанда ислам мемлекетін құру жолында әскери джихад ұйымдастырып жүрген «Хезболла» саяси партиясы жауынгерлерінің де соғысқа араласуы қазақстандық контингент үшін біршама қауіпті жағдай туғызыпты. – Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясының «Шығыс» секторында орналасты. Үнді батальонының құрамында жүріп Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін бәрін жасадық. Күніміз әдеттегідей дене машығын жетілдіруден басталады. Ливандағы соңғы жаңалықтарды тыңдаймыз. Қазақстандағы жаңалықтарды да жібермей бақылаймыз. Аптаның әр күнінде өтуі тиіс оқу-жаттығуымыз бар. Байланыс, жергілікті халықпен тілдесудің қыр-сырын меңгереміз. Ливанда біз ең осал деген әлеуметтік мәселелерді анықтау үшін жергілікті халықпен, атқарушы органдармен, қала, аудан басшыларымен, ауыл ақсақалдарымен кездесіп жүрдік. Жергілікті тұрғындармен жүздесу «Біздің көмегіміз кімге қажет, гуманитарлық ұйымдардың көмегі қай жерге бірінші жеткізілуі керек?» деген сұрақтардың жауабын білуге мүмкіндік береді. Сол себепті де біз көмек пен қолдауға мұқтаж мектеп, балалар үйі, арнайы сұраныстары бар балалар және жеткіншектерге арналған мамандандырылған мекемелер мен әйелдер қауымдастығымен жиі жүздесуге тырыстық. Анықтап айтар бір жайт, біз ешқандай жағдайда да соғысқа араласпаймыз, бітімгерлердің басты миссиясы – бейбітшілікті күзетіп, жергілікті халыққа көмек қолын созу. Күллі әлемді дүр сілкіндірген «Хамас»−Израиль қақтығысы басталып, Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп жатқанда да міндетіміз бұрынғыша жалғаса берді. Алайда сақтық шараларын күшейтіп, қырағылық танытуға тырыстық. Әрине, біз соғыстың нақ ортасында болған жоқпыз, алайда қақтығыстар туралы естіп-біліп отырған отбасымыз, ет жақындарымыз сарыуайымға салынатыны рас. Мүмкіндігінше отбасымызбен жиі байланысып, хабар-ошарымызды айтып тұрдық. Отбасым, ата-анам Жуалы ауданында тұрады. Қазір олар географиялық білімін толықтырып алған. Біреу Ливан Республикасының кез келген қаласының қай маңда орналасқанын сұраса, жаңылмай жауап бере алады, – дейді О.Қапалбаев әзілдеп. Қазір ол қалжыңдап жатқанымен жауынгердің жолын тосып, екі көзі төрт болған ата-анасы перзенті үйіне аман-есен оралғанша жандарын шүберекке түйіп отырғаны анық. Оңласынның жары Меруерт те жұбайы елге оралғанша Таяу Шығыстағы және әлемдегі оқиғалардан хабардар болып жүрді. Сарбаздың Меруертпен шаңырақ көтергеніне екі жыл болған. Жас та болса әскери қызметшінің жары жауынгердің әйеліне тән салқынқандылық, шыдамдылық, табандылық секілді мінезге ие жан. – Өткен жылдың наурыз айында Ливанға кетерімнен екі ай бұрын қызымыз Мейірім дүниеге келді. Бәрінен де келіншегім қатты қуанды. Себебі Меруерт «Сен бітімгерлік миссиямен өзге елге аттанып кеткенде босансам, балаңды алты айдан кейін бір-ақ көресің» деп алаңдайтын. Алайда қызымды перзентханадан өз қолыммен шығарып алып қана қоймай, екі ай қасында болу бақыты бұйырды. Аттанар алдында жұбайым мен отбасымды тыныштандырып, бәрі жақсы болатынына сендіру оңайға соқпады. Өзге елге барар сәтімде өзім жақсылыққа жорыған сәйкестік орын алды. ҚР Қарулы Күштерінің 9-бітімгерлік контингенті Қазақстаннан еліміз Жеңіс мейрамын тойлап жатқан 9 мамыр күні жолға шықты. Бұл отбасыма да, өзімнің көкейіме де миссияның сәтті өтетініне үлкен сенім ұялатты, – дейді сарбаз. Айта кетерлігі, кейіпкеріміз «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5-механикаландырылған бригадасына ауысқанға дейін Аэро-шабуылдау әскерлерінің 38-бригадасында қызмет еткен. Кейінірек ол Таразға ауысып, табысты еңбек етуде. Оңласын өз қабілетіне ешқашан күмән келтірген емес. Жауынгердің діттеген мақсатына жетпей қоймайтын қасиеті бар. Тіпті ол бітімгерлер қатарында Ливанға бір дегеннен бара салмады. Қалауына қол жеткізу үшін көптеген кедергіден өтті. – Ең алғаш рет баруға ниет білдіргенде біздің контингенттің саны өзгеріп, Ливанға аттануға мүмкіндік болмады. Өкініштісі, осы мақсатта ағылшын тілі курстарына қатысып, «барамын» деген сеніммен іштей дайын жүр едім. Келесі жылы да осы оқиға қайталанды. Тағы да ағылшын тілі курстарынан, арнайы дайындықтан өттім. Бірақ соңғы сәтте отрядтың саны қысқарып, қайтадан Қазақстанда қалдым. Сәтсіздіктер сағымды сындыра қоймады. Қайтадан дайындалып, жаңа іріктеуді күтіп жүрдім. Ағылшын тілін қажетті деңгейде білу үшін өз бетімше оқып жүрдім. Сондай-ақ денешынықтыру және өртке қарсы жаттығуларға көп көңіл бөлдім. Ел аузында қалған «Ер кезегі үшке дейін» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Үшінші рет көптен күткен үмітім ақталды. Бес сержант пен бір офицерден тұратын қазақстандық жасақпен Ливанға бітімгершілік миссиясын орындауға аттандым. Іріктеу кезеңі туралы қысқаша тоқталсам, ең бірінші кезекте бірнеше психологиялық тесттен өттік. Оның қорытындысы бойынша келесі кезеңдегі іріктеулер басталды. Даярлық барысында дене машығына да ерекше назар аударылады. Сонымен қатар миссияның ерекшелігі, ондағы міндетіміз жіті түсіндірілді. Ливандағы қызмет барысында қажетті дағдылардың бәрін үйрендік. Осындай оқу кезінде Ливанның ерекшелігі, халқы туралы, бітімгерліктің қыр-сыры туралы мол мағлұматпен қаруландық. Жергілікті халықпен тілдесу, әртүрлі жағдайда қалай әрекет ету керектігін білдік. Дайындық жұмыстары полигонда жүргізілді, – дейді Оңласын. Сарбаздың әскери қызметте жүргеніне он жылдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде әскери қызметші мамандықтың қыр-сырына терең бойлай отырып өз міндеттерін адал атқарды. Бірақ оның Ливандағы бітімгершілік миссияда болуы өміріне, қызметіне басқаша қарауға ықпал етті.

Ақтоты Жаңабай