Тұрғындардың жауапкершілігі де маңызды
Тұрғындардың жауапкершілігі де маңызды
Жиын барысында алдымен Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил аталған аумақтық округте атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Құрамына «Ақжол», «Қайнар» шағынауданы, «Бурыл А, Б, В», №15 шағынаудан, «Родничок», «Гидрокешен», «Хамукат» тұрғын алқаптары кіретін №2 аумақтық округтегі халық саны – 48 700. Көпқабатты тұрғын үйлер – 132, жеке сектордағы үйлер – 6543. – Өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 418 миллион теңгеге 8 қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджет есебінен 150 миллион теңгеге 4 жоба бойынша 14,8 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді. Ал 63 миллион теңгеге 6 нысанға су құбырларына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Таразға тарту» жобасы аясында «Хамукат» тұрғын алқабындағы кіші футбол спорт алаңшасына 7,7 миллион теңгеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Родничок тұрғын алқабы мен Мәмбет батыр көшесінде 2 кіші футбол алаңшасы орнатылды. №15 шағын ауданынан жаңа үлгідегі 2 әлеуметтік дүкен ашылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары төмендетілген бағамен өткізілуде. Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған 100 жобаның 31-і жүзеге асырылса, аумақтық округте 5 кәсіпкерлік нысан ашылып, 36 жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы аумақтық округтегі мәселелер зерделеніп, бірқатары қаржыландыру бойынша жоспарланып отыр. Тұрғын үй қорын қайта жаңғырту аясында аумақтық округтік жергілікті бюджет есебінен 210 миллион теңгеге 6 тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылып, бүгінде олардың бесеуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған аумақтық округтегі өзекті мәселелердің бірі – №15 шағынаудандағы инфрақұрылым жүйелері. Округ тұрғындары тарапынан да су, жылу, электр жарығы бойынша өтініш-шағымдар жиі түсуде. Бұл жылдан-жылға кейінге қалып отырған мәселе. Алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табатын болады, – деді Қ.Исмаил. Кездесу барысында кезек сұрақ-жауапқа беріліп, аумақтық округ тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, талап-тілектерін жеткізді. Мәселен «Ақжол» алқабының тұрғыны Керімбай Қашағанов есімді азамат өзі 37 жылдан бері тұрып келе жатқан Алатау көшесінде әлі күнге дейін электр бағанасы орнатылмағандығын айтты. Ауыл тұрғындары электр жарығын көрші көшеден алып жүргендігін жасырмады. Сонымен қатар көшенің тар екендігін, ауыз су мәселесі де өз шешім таппай келе жатқандығын баяндады. Күллі №2 аумақтық округтің жоғын жоқтаған еңбек ардагері Бекболат Сейдахметовтің де өтініші осы мазмұндас. Ақсақал бірқатар көшеде ауыз су жоғын, үш алқап бойынша мектепке балалар өтетін үш көпір керектігін тілге тиек етті. Округ тұрғыны Жанбайбек Түгелов бұрынғы мал базары болған орын мен соған іргелес 100 гектар жердің бос жатқанына, ол жердің маскүнемдердің ұясына айналғанына алаңдаулы. Аталған округ тұрғыны Ұлжан Мұратқызы «Қайнар» алқабына таза ауыз су жүйесі қашан келетінін нақты сұрап, қаңғыбас иттердің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Ал округтің белсенді ақсақалы Оразбек Өскенбаев аумақтағы 33 көшенің 11-інде электр жарығы жоқ екенін, емхана керектігін қозғады. «Әулиеата-цемент» кәсіпорнын қала шетіне көшіру мәселелі шешілсе деген тілегін жеткізіп, ойын алаңшасы салынса деді. Тағы бір тұрғын Жамбыл Нұрбаев «Эврика» жанрамай бекеті өз үйінен 100 метр ғана, мектеп пен балабақшадан 300 метр ғана қашықта екенін, талапқа сай келмейтінін, жасөспірімдерге қауіпті екенін сөз етті. Округ аумағынан өтетін канал суы биыл төрт рет тасып, іргесіндегі 4-5 үйге едәуір залал келтірген. Жиында бұл мәселе де айтылды. Тараз қалалық мәслихаттың депутаты Әсет Ақатаев округ аумағынан ағып жатқан Түйте каналының қожайындары елге су сатып отырғанын, бірақ канал қамыс пен қоқысқа толы екенін, сондай ластықтан ауру тарап жатқанын айта келіп, каналдың тазалығына және көпір салуға облыстық қазынадан қаржы бөлінуін сұрады. Әр сұраққа байыппен жауап берген Н.Нұржігітов көтерілген мәселенің барлығын негізінен аумақтық округтің бас инспекторы зерделеп, оны Тараз қаласындағы шешімін күткен мәселелер қатарына енгізсе, ол түбі шешімін табатынын тілге тиек етті. – Тараз қаласында жалпы 1400 көше бар. 400 мыңнан астам халық тұрады. Сол көшелердің 45 пайызында асфальт жоқ. Ол дегеніңіз 600 көше. Аталған көшелердің 70 пайызында электр жарығы жоқ. Мұның барлығы бір күнде, бір жылда шешіле салмайды. Алдағы 5 жылда осы жол және жарықтандыру мәселесі толық шешілсе, ол жақсы. Осы талдауға қарап өздеріңіз шамалай беріңіздер. Бағана «Эфрика» жанар май бекетінің тұрғындарға залал келтіріп отырғаны айтылды. Оны осында отырған облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлына тапсырамын. Мәселенің заңсыздығы болса анықтап, тұрғындарға мәлімдейсіз. 48 мың тұрғыны бар аумаққа емхана керек. Ол мәселемен айналысамыз. Жыл сайын Тараз қаласында 3-4 жаңа орта мектеп салынып жатыр. Ал аудандарда жағдайы сын көтермейтін мектептер де аз емес. Каналдың ластығын айттыңыздар. Оны қоқысқа толтырып жүрген кім? Қаңғыбас иттер көп. Оны күшік кезінде қарамай шығарып жіберген кім? Осы жерде тұрғындардың өз жауапкершілігі қайда? Сол каналды таза ұстауға болады емес пе? Енді оны қазынадан бөлінген қаржыға тазалауымыз керек. Тұрғындардың да бұл ретте жауапкершілікті ойлайтын мезгілі жетті. Каналдан тасыған судың зардабын қазан айында жөнге келтіреміз. Себебі, сол каналдан бірнеше ауданның егістігіне кетіп жатқан су сол кезде толық тоқтайды. Бұл округте жол мен жарық, ауыз су мәселесін нақты 2024 жылы шешіп беретін боламыз, – деді облыс әкімі. Бұдан кейін өңір басшысы аталған аумақтық округ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ