Қоғам

Ұлттық қор – ұрпақ игілігіне

Ұлттық қор – ұрпақ игілігіне

Балалар – еліміздің болашағы. Мемлекет басшысы 2022 жылы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын айтқан болатын. Президенттің айтуынша, еліміздегі әрбір отбасы ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. «Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор шын мәнінде ұлттық мәртебеге ие болады және халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», деді Президент. Осы ретте жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың жеке шотына аударып отыруды ұсынды. Ауқымды жоба 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап іске қосылады.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша әр балаға түсетін қаражат мөлшері 1 ақпанға дейін белгілі болады. Ал 1 ақпаннан бастап қаражат алушыларға жинақтау шоттары ашылады. Қаржы теңдей бөлінеді. Яғни біріне артық, біріне кем бөлінбейді. Балалардың тізімі, есепшоты, жалпы жүйе толықтай автоматтандырылған. Баланың 18 жасқа толғанға дейінгі жинақталған қаражаты доллармен сақталып, Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруы тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады, қолма-қол берілмейді. Бірақ баспананы тек Қазақстан аумағынан сатып алуы керек. Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе «е-Gov» порталы арқылы тексеріп отыра алады. Ұлттық қор төлемін аудару бала қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Мұндай жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Ондай баланың мұрагері кім бола алатыны еліміздің Азаматтық кодексінің айрықша бөлігінде көрсетілген. Яғни әр баланың мұрагері нақты жағдайы бойынша анықталады. Ал заңды мұрагер баладан қалған ақшаны өз қалауынша пайдаланады. Бала Қазақстан азаматтығынан айырылған кезде Ұлттық қордан төлем аударылмайды. Алдын ала мәлімет бойынша, жоба алғашқы жылдың өзінде 7 миллионнан астам баланы қамтиды. Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жинақ салықтан босатылады. Жағымды жаңалықты естіп, қуанып қалған қауымды алдымен әр баланың еншісіне шамамен қанша көлемде қаржы бұйыратыны қызықтыратыны анық. Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жыл үшін 160-170 АҚШ долларын алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда 3,5 мың доллар алуы мүмкін. Осы орайда «Ата-ана баласына шот ашуы қажет пе?» деген де сұрақ туындайды. Ата-анаға баласы үшін «е-Gov» порталына тіркелудің де, екінші деңгейлі банктен шот ашудың да қажеті жоқ. Баланың деректері Мемлекеттік дерекқорға дұрыс енгізілсе, онда бағдарламаға автоматты түрде қатысады. Ақша түсетін арнайы шот та балаларға автоматты түрде ашылады. Дегенмен ата-ана баласының деректерін тексеріп алғаны жөн. Мәселен, баланың жеке басын куәландыратын құжатты (азаматтығын айқындау үшін) алуы қажет. Сондай-ақ деректемелердің бар-жоғын және дұрыстығын тексеріп, кәмелетке толмаған баланың аты-жөні, туған күні, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), азаматтығын көріп алуы керек. Сонымен бірге «e-Ggov»-та жеке кабинетке кіріп, «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінде балалар туралы мәліметтердің бар-жоғын тексеру қажет. Ата-аналар шотқа ақша түскен-түспегенін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан тексере алады. Ол үшін баланың ЖСН-ін енгізсе жеткілікті. Ал бірнеше жылда түскен қаражатты көру үшін «e-Gov» порталындағы жеке кабинетке кіру керек. Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты «Отбасы банктегі» ортақ депозитке аудару құқығы беріледі. Яғни ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын «Отбасы банкке» аударып, бірігіп пәтер сатып ала алады. Әлемнің біраз елінде бұл тәжірибе бар. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының отбасында дүниеге келген адам ғана әмірліктер азаматы бола алады. Бұл елдегі жалпы тұрғындар санының 20 пайызын ғана құрайды. Сәйкесінше оларға ерекше қаржылық артықшылықтар беріледі. Мәселен, үйлену тойына дейін жастар неке қорынан пайызсыз несие ала алады. Шамамен әрқайсысына 20 мың доллар. Ал оны өтеу міндетті емес. Себебі отбасында бала дүниеге келген кезде несие автоматты түрде жабылады. Сондай-ақ мұнай мен газдан түсетін кірістерді пайдалана отырып, мемлекет жаңа туған нәрестенің болашағын қамтамасыз ету үшін депозиттік шот ашады. Әр баланың шотында 18 жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың доллар жиналады. Алайда ел азаматтарының 15 пайызы бала туғанда берілетін несие, жәрдемақы және депозиттерді пайдаланбайды. Бұл өз кірістерінің жеткілікті болуымен түсіндіріледі. Ал Кувейт елінде дүниеге келген әрбір нәрестенің атына автоматты түрде банктен шот ашылады. Оны пайдалануға есепшот иесі ғана құқылы. Шот ашылғанда мемлекет тарапынан салынатын алғашқы сома 3 мың АҚШ долларына тең. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады екен. Сонымен қатар ата-аналар да шотты толықтырып отыра алады. Ирландияда балаларға депозит түрінде ақша төленеді. Мұнда мемлекет әр бала үшін 2 500 доллар бөледі. Баланың ата-анасы ақшаны үшке бөліп алады. Алғашқы аз бөлігі нәресте туған кезде беріледі. Ал екінші бөлігін бүлдіршін төрт жасқа толғанда ала алады. Қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек. Мұның сыртында бала жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы төленеді. Сингапурда да әрбір сәбиге дүниеге келген сәтте банктен шот ашылады. Оған мемлекет 3 мың сингапурлық доллар (шамамен 2 мың АҚШ доллары) қаржы салады. Ал отбасындағы келесі балаларға бұл ақша 6 жастан бастап төленеді.

Айжан Өзбекова