Атаулы әлеуметтік көмек алатындар азайып келеді
Атаулы әлеуметтік көмек алатындар азайып келеді
Жұртшылықтың әл-ауқатын көтеру төңірегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әрбір Жолдауларында Үкіметке арнайы тапсырма берумен келеді. Мәселен, Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жаңа экономикалық бағдардың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру екенін айрықша атап өтті. Еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы болатынын атап көрсетті. Аталған Жолдауда Президент: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», деген еді. Бүгінде Президент тапсырмасымен халықтың еңбекақысы біртіндеп көтерілуде. Аталған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиені алып, кәсібін жолға қойған жастар да жетерлік. Бұл халықты әлеуметтік қорғау саласында Мемлекет басшысының қабылдаған саяси шешімдерінің жемісі. Өз кезегінде бұл тұрғындардың жағдайының түзелуіне айтарлықтай ықпал етуде. Осы ретте біз былтыр жыл бойы Жамбыл ауданында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында қандай шаруалар атқарылғанына назар аударған едік. Әсіресе екі қолға бір күрек іздегендердің жұмысқа орналасуы, кәсіптік оқытудан, қайта даярлаудан өтуі, бос жүргендердің ақылы қоғамдық жұмысқа тартылуы, қайтарымсыз грант алып кәсіппен айналысуы қай деңгейде жүргізілгеніне мән бердік. Аудандық мансап орталығының директоры Алтай Стамқұловтың айтуынша, 2023 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» арқылы ашылған уақытша және тұрақты жұмыс орындарына аудан көлемінде 4 331 адамды тарту жоспарланғанымен меже артығымен орындалып, нәтижесінде 5 814 адам қамтылған екен. – 80 адамды қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланып, 84 азамат оқуға жолданды, жоспар артығымен орындалды. Сол секілді жұмыс орнында жұмыссыздарды оқыту курстарына 35 адамға жергілікті бюджет есебінен оқыту үшін тиісті қаржы бөлініп, 38 адам оқыды. «еnbek.kz» платформасында талап етілетін дағдыларға онлайн оқытуға 182 адамды тарту көзделсе, орындалғаны – 185. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант, яғни 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі қайтарымсыз қаржыны, комиссия отырысының оң қорытындысы бойынша, 114 азаматтың барлығы бірдей алды. Бір айта кетерлігі, бір азамат электронды еңбек биржасы арқылы жеке кабинетінде қаражатты қайтару батырмасын басып жіберіп, оның гранттан бас тартуына байланысты жылға бөлінген жоспар 113 азаматқа ғана орындалды. Нақ осы істе ғана жоспар 99,1 пайыз болып отыр. «Бастау Бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздерін оқуға «еnbek.kz» порталы арқылы «enbek.skills» платформасында онлайн форматта 325 тұрғынды оқыту ұйғарылып, 751 адам оқуға жолданса, оның ішінде былтыр 601 азамат оқуын аяқтап, қолдарына тиісті сертификатын алды. «Жастар тәжірибесін» ұйымдастыру бойынша ауданда 296 жасты жұмысқа орналастыру қажет болса, мамандықтарына сәйкес оның барлығы да тәжірибе жинақтауға жіберіліп, жоспардың толығымен орындалған жайы бар. Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша меже 75 адам болып бекітілді. Дегенмен 91 адам жұмысқа жолданды. Қоғамдық жұмыстарға да 840 адамды жіберу мақсат етілгенімен 1 246 адам қамтылды. «Алғашқы жұмыс орындарына» 51 жасты жұмысқа орналастыруға тиіс болсақ, жоспар 7 адамға артығымен орындалып отыр. 5 адамды артығымен қамту арқылы «Күміс жас» жобасы аясында 68 тұрғын жұмысқа тартылды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 2 азамат жұмысқа жолданды. Тұрақты ваканттық бос жұмыс орындарына жоспар 2 241 адам болып бекітілсе, жыл қорытындысымен орындалғаны – 2 829 адам, – дейді Алтай Абдіжапарұлы. Ауданда мүгедектігі бар 270 азамат жұмыспен қамтылыпты. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұмысқа 52 адам жолданса, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 99 тұрғын тартылды. Қысқамерзімді кәсіптік оқытудан 4 азамат өтсе, жұмыс орындарында жұмыссыздарды оқытуға бір адам жіберілген. 25 мүгедектігі бар адам қайтарымсыз қаржы алса, әлеуметтік жұмыс орны мен «Алғашқы жұмыс орнына» бір-бір адамнан жолданған. «Күміс жас» жобасы мен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы екі-екіден төрт адам жолдама алған. 83 азамат тұрақты жұмыс тапқан. Жалпы қазақстандықтар КСРО дәуірінде жоспарлы экономикамен өмір сүргенде де, еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға бет бұрғанда да әр кез инфляциямен бетпе-бет келіп отырды. Инфляцияның тұрмыстық техника, азық-түлік секілді адамның қажетттілігін өтейтін кез келген заттың бағасының өсуінен, тауар тапшылығынан, ақшаның құнсыздануынан пайда болатын құбылыс екені баршаға мәлім. КСРО дәуірінде ақшаның құны болса да тек күнделікті азық-түлік пен балта, күрек секілді құрал-сайман үшін жарап тұрды. Ол уақытта жұртшылық теледидардың өзін кез келген уақытта, көрінген жерден сатып ала алмайтын. Ал автомобиль сатып алу көпшілік үшін үлкен арман еді. Кеңес үкіметі ыдырайтын тұста жұрттың қолында қап-қап ақша, бірақ сатып алатын тауарлардың дүкен сөрелерінде болмауы инфляцияның ақшаны сабанға айналдырғанының анық көрінісі. Қазір кез келген жерде түрлі тауар да, автомобиль де сіресіп тұр. Бірақ қарапайым халықтың дені қалағанын сатып ала алмайтын жағдайда. Өйткені қазақстандықтардың қолында азық-түлік, пәтерақыға есептелген айлықақысынан басқа нақты ақша жоқ. Азық-түлік те жетеді. Бірақ жұрт арасында тапқаны тамағынан артылмайтындар баршылық. Бұл Қазақстаннның ішкі нарығы сыртқа тәуелді болуынан орын алып отырған жайт. Отандық өнім халықтың кез келген қажеттілігін өтеуге қауқарсыз болғандықтан құны АҚШ долларымен есептелетін шетелдік тауарлардың бағасы елімізде күн өткен сайын шарықтауда. Осының салдарынан еңбекақы қанша көтерілсе де, жұртшылық қанша еңбектенсе де жекелеген адамдардың тапқан табысын инфляция жұтып қойып жатыр. Ал табысы аз азаматтар тағдырдың мұндай сынында сынып кетпеуі тиіс. Мемлекет сол үшін де табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға бірнеше жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек тағайындап, айма-ай үлестіріп келеді. Ол тиісті отбасыларға шартты және шартсыз ақшалай көмек ретінде берілуде. Жамбыл ауданында былтыр жыл басынан бері 571 отбасындағы 3 337 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған екен. Оның ішінде шартты ақшалай көмек алушылар саны 514 отбасындағы 3 086 адамды құраса, шартсыз ақшалай көмек алушылар саны – 73 отбасындағы 332 адам. Шартты ақшалай көмек алушылардың ішінде еңбекке қабілетті азаматтар саны – 941. Аудандық мансап орталығына жүгіну кезінде тұрақты жұмысы бар азаматтар саны 489 болған екен. Халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 286 адам тартылған. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 181, ақылы қоғамдық жұмыс орнына – 74, әлеуметтік жұмыс орындарына – 22, кәсіптік оқуға – 5, мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға – 2, «Жастар тәжірибесіне» – 2 адам жолданыпты. Жұмыспен қамтылған және жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған еңбекке қабілетті шартты ақшалай көмек алушылардың үлес салмағы ауданда 82,3 пайызды құраған. 2023 жылдың төртінші тоқсанына кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70 пайыз (48 980 теңге) мөлшерін, нақты айтқанда, 34 286 теңгені құраған. Бұрнағы жылы, яғни 2022 жылдың желтоқсан айында атаулы әлеуметтік көмек алғандар 3 406 адамнан тұратын 611 отбасыны құраған екен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 72 адамы бар 41 отбасыға кеміген. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны жүргізілген қандай жұмыстардың нәтижесінде кеміді дейтін болсақ, бұған халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту ісінің тікелей қатысы бар. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек алатын бір отбасы мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсіпке бет бұруы мүмкін. Сол секілді тағы бірінің лайықты жұмысқа орналасуы да атаулы әлеуметтік көмек алатындар санының азаюуына себеп болуда. Міне, Жамбыл ауданының әлеуметтік саласында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында атқарылар шаруаның бір парасы осындай. Бастысы экономикалық белсенділігі төмен азаматтарды еңбекке араластыру ісі жүйелі жүргізілуде. Жалпы жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту, іске ебі барларға қаржылай қолдау көрсету арқылы тәуір тұрмыс кешуіне ықпал ету, жұртшылықтың әл-ауқатының артуына септесу ісін жүзеге асыруда осындай жемісті жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Нұрым Сырғабаев