Еңбекпен тапқан нан тәтті
Еңбекпен тапқан нан тәтті
Толқынның наубайханасында күнделікті жейтін нан өнімдерімен қатар тәтті бәліш, торттың кез келген түрін, қатпарлы самса, жұмсақ бауырсақ, капкейктер, эскимо секілді түрлі өнімдер бар. 2017 жылы Алматыдан Жайылмаға көшіп барған жас келіншек қолындағы жас баласымен отырып ойға шомады. Ел қалаға көшіп жатса, бұлар ауылға көшіп келді. «Енді қандай жұмыс істемек керек, ауылды қайтсек көркейтеміз, әлеуетін қалай дамытамыз?» деп ой үстінде жүреді. Осылайша 2019 жылы біртіндеп бауырсақ, тәтті бәліш, нан, самса пісіріп, үйден сата бастайды. Ең алғашқы сатып алушылары көршілері болыпты. Күніне 60 шақты нан пісіріп сатқан. 2021 жылы «көпшілікке тұрақты қызмет етейік» деп жұбайы екеуі тиімді шешім қабылдап, жеке кәсіп ашады. Бастапқыда 30 килограмдық ұнға арналған кішкентай қамыр илейтін аппаратпен (тестомес), 48 бөлке нан пісіретін шағын пешпен, небәрі екі адам боп бастаған тірлігі бүгінде төрт ауылдық округті қамтитын дардай кәсіпке айналған. Алла Тағала мына дүниеде әр нәрсені себеп-салдар заңдылықтарына байлаған. Жақсы өнім алу үшін тыңайған жер жырту, дұрыс тұқым таңдап, оны уақытылы егу, дәрісін шашып, тыңайтқыш құю, арам шөптен залалсыздандыру, үнемі суару секілді барлық шарттарды дұрыс орындауға тиіссің. Толқын да тура осылай еңбек етті. Шаршамай, талмай бейнеттенді. – Қазақта «Ас атасы – нан» деген даналық бар, яғни астың үлкені – нан. Дастарқанда нан тұрмаса көңіліңіз де, дастарқаныңыз да ортайып, берекесі кетіп тұрғандай, тіпті басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Нанның қасиетін осыдан-ақ байқайсыз. Қонаққа келген адам асығыс болса да өзге тамақтан емес, міндетті түрде наннан ауыз тиген. Үйдегі ауызбіршілік дастарқанның үстіне қойылған нан арқылы нығаяды, яғни наннан ауыз тиген адам сол үйге жақсылық тілейді. Әлі есімде, ауылдағы алты дүкенге нан өткізетінмін. Саудакентке де нан тасып көрдік. Бірақ біз сол уақытта минусқа кеттік. Бәрі бірден жақсы болып кетпейді ғой. Сосын Жаңатас қаласын назарға алдық. Ол жаққа да нан таси бастадық. Сол уақытта жұмысшыға мың теңге төлейміз. Жақсы уақыт еді ғой. Қазіргі уақытта 9 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алтауы нан пісіруші, бір басқарушы, екі нан тасушымыз бар. Нан пісірушілеріміз күніне бес мың табады. Егер алға қойылған жоспардан асып жатса, айлығы қосылады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 6 300 000 теңгеге қол жеткіздік. Біз бұл қаражатты кәсібімізді кеңейту үшін алдық. Осы ақшаға жақсы пеш, тестомес, генератор, нанға арналған пішіндер, жуғыш ванналар, жалпы өндіріске не қажет, соның бәрін алдық. Наубайханамыз түгелдей бейнебақылаумен қамтамасыз етілген, – дейді Толқын Мұратқызы. Осылайша 50 шақты дүкенге нан тасымалдап отырған наубайхана бірегей бағдарламаның арқасында істің игілігін көріп отыр. Елге ырыс болып келген бұл бағдарлама арқылы Толқын сияқты талай жан кәсібінен нәсіп тапты. Екі қолға бір күрек тауып, ауылдың да ажарын ашуда. Несие бес жылға беріліп отыр. Арасында бір жыл каникулы бар. Толқын несиені 2023 жылдың наурызында алған. Енді осы жылдың наурызында несиесін төлей бастайды. Ол мұны кәсіпкер үшін үлкен қолдау деп отыр. Мақсатты түрде алынған несиені өз уақытысымен қайтарамыз деген сенімде. – Барлық істі бір өзіміз атқаруымыз маңызды емес. Мен айналама дұрыс кәсіби мамандар жинақтадым. Істі оларға сеніп тапсырдым. Біздің ұжымда тәртіп бар. Жауапкершілік жоғары. Өзім де көп оқимын, ізденемін. Командамды марапаттап тұрамын. Басқа адамдарға сенім білдіре алғаныма қуанамын. Әлі де кеңейіп жатырмыз. Бізге түнгі ауысымға тұрақты жұмыс істейтін екі наубайшы, бір жүргізуші, күндізгі ауысымға бір наубайшы керек. Қарап отырсаңыз, ауылда да жұмыс бар. Қаладағыдан бір кем емес. Торттың түр-түрін жасаймыз. Ауылдағылар мерейтойларда, шағын туған күндерде тапсырыс беріп жатады. Арасында мектеп оқушыларына арнап тәттілер пісіруден шеберлік сағаттарын өткіземін, – дейді ол. Толқын Мұратқызы 1981 жылы 6 тамызда Абай облысының Жарма ауданында дүниеге келген. Мамандығы педагог. Жұбайы да кәсіпкер. Ауылшаруашылық саласында кооператив ашқан. Ерлі-зайыптылар өздері ашқан кәсіптерінің іргесін кеңейтіп, ауылдағыларға жұмыс орнын ұсынып, халықтың алғысын алып отыр. Қарап отырсақ, ауылда отырып-ақ бір істің көзін табуға болады екен. Қала деп үдере көшпей, туған жеріміздің түтінін түтетіп, бір өзін ғана емес, халқын жұмыспен қамтып, жақсы адам деген атқа ие болуға болады екен. Толқынды өз ісінің нағыз шебері деуге болады. Оның қолынан шыққан тәттілер, нан өнімдері көпшіліктің көңілінен баяғыда-ақ шығып қойған. – «Еңбек еттім, енді сөзсіз бай боламын» деген ұғым қате. Егер барлық еңбек еткен адам байып кетсе, қарызға батқан кәсіпкер болмас еді арамызда. Адам қанша еңбек етсе де ризығының мөлшерін Алла береді. Мен де ісімді Құдайға тапсырып, шынайы тәуекел еттім. Құладым, сүріндім, соңында табысқа жеттім. Ауыл деп қарап отырмадым. Алақандай ауылда да еңбек етіп, мұратқа жетуге болатынын жұбайым екеуміз дәлелдедік. Біз секілді қарапайым кәсіпкерлер көп. Олар дандайсымайды. Ауылда отырып республикаға танымал кәсіпкер болғандар бар. Біздің алдағы мақсатымыз – кеңею, кәсібімізді өркендету. Егер мен ерініп, ештеңе пісірмей телефон қарап жата берер болсам, тоғыз адамды жұмыспен қамтамасыз етпес едім. Өзім Шығыс Қазақстан өңірінің қызымын. Мінезім тік, тәрбием қазақи, тілім орысша болды. Сарысудың келінімін. Екі тілде таза сөйлеймін. Шәкәрім атамыздың: «Ерінбесең еңбекке дәулет дайын, Жаратқан жоқ жатсын деп бір Құдайың. Ойлансын деп ой берді, көруге көз, Аяқ берді тапсын деп басқан сайын, – деп айтқаны бар. Осы өлең жолдарын жиі еске алып, таң атар-атпастан іске кірісемін. «Табыс табамын, кәсіпкер боламын» деген адамға елімізде қолдау көп. Негізі мақсатымыз – ауылымыздың тұрғындарын, қонақтарын жаңа піскен нанмен қамтамасыз ету болатын, осы мақсатымыз да шетінен орындалуда. Нанымызға сұраныс жақсы, әрқашан сапалы жұмыс істеуге тырысамыз. Болашақта ассортиментті көбейтіп, жүгері нанын, диеталық нан, қара нан, француз багеті сынды нан түрлерін пісіру жоспарымызда бар. Сонымен қатар біздің наубайханадан табиғи құрамды «пицца, пирог, донер, бургер, хот-дог» сияқты өнімдерді шығарсақ деп отырмыз, – деді Толқын бір сөзінде. Шынында, адам еңбегімен сыйлы. Маңдай терімен абыройлы. Ал жатыпішер масылдың өзіне де, өзгеге де, Құдайға да сүйкімі жоқ. Нан – адамзаттың басты құндылығы, ол молшылықтың және әл-ауқаттың белгісі. Толқынның нан өнімдеріне аудан нарығында сұраныс жоғары. Ең бастысы, өнім тұтынушылардың көңілінен шығады. Тіпті жергілікті жұрт наубайханадан шыққан ыстық нанды алуға ұзын сонар кезекке тұрады екен. Ел ішінде «мемлекет қолтығымыздан демесе, Үкімет көмек берсе, кәсібімізді аяққа тұрғызып алатын едік» деген сарындағы сөздер жиі айтылады. Іс бастау үшін де алғашқы қаражаттың ауадай керек екенін іс бастап, кәсіп көзін тапқандар жақсы біледі. Міне, мемлекет мүмкіндік берді. Осы мүмкіндікті ауыл тұрғындары дұрыс пайдаланғаны жөн.
Эльмира Байназарова