Қоғам

Кәсіптегі кедергілер

Кәсіптегі кедергілер

Біздің арамызда өте ұзақ ойланатын адамдар бар. Бірдеңе алатын болса да, бір жерге баратын болса да, тіпті бір істі бастайтын болса да он ойланып, тоғыз толғанып, уақытты өткізіп жүріп алады. Соңында «әй, қайдам, ондай іспен айналысу оңай дейсің бе, ол үшін анау керек, мынау керек» дейді, немесе «соны кім алады дейсің, көше толы мұндай зат көп қой» не болмаса «қазір тексеріс көп, жоғарыда қорғап, қолпаштайтын көкем болмаған соң оларға жем болармын» деп қолды бір-ақ сілтейді.

Өзіңіз туралы бір сәт ойланып көріңізші. Сіз не ойлайсыз? Осы сұраққа жауап іздесеңіз, басыңызға табысты болуға бастайтын күн сайын қаншама идея келетінін түсінетін едіңіз. Бізге күн сайын кәсіптің жаңа бір түрін бастау, жаңалық ойлап табу сынды түрлі идеялар келеді. Бірақ өкініштісі сол, өзіміздің бұрынғы керітартпа мінезімізге салып, кері ойлауға көшеміз. Бітті. Бес қабатты үйдің бірінші қабаттағы қабырғасын қалап жатып, бесінші қабаттағы соңғы кірпіштің қалай қаланатынын ойлайды. Яғни әлі бастамаған істің алдынан шығуы мүмкін проблемаларды ойдан құрастырып алады. Сөйтіп, қайтадан ескі әуеніне басып сүреңсіз күндерін жалғастыра береді. Егер табысты адамдарға біреу тың идея ұсынса, олар мұндай кезде не істейді? Табысты адамдар өте тез шешім қабылдайды. Олар көп ойланбайды. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деген мақалды ұстанады. Олар өзінің мақсатына барар жолды тыңғылықты жоспарлайды. Өз мүмкіншілігіне сенімді болып, барлық уақытын осы ойын іске асыруға жұмсайды. Мінеки, құрметті ағайын, мына заман әрекет еткендерге ғана рақат өмір сыйлайды. Көштен қалмаңыз, бір орында тұйықталып тұрмаңыз, оң жамбасыңызға келетін идея келді ме, анадан-мынадан ақыл сұрап, ойланып-толғанып жүре бермеңіз. Тез-тез істі бастап кетіңіз. Жоспарсыз адам – қара жердегі қаңбақ тәрізді. Адам өмірі өзгерістерден және күрт өзгерістерден тұрады. Сол өзгерістерге кейде бір адамның іс-әрекеті әсер етсе, кейде бірауыз сөз басқалай өмір сүруіңізге себепші болуы мүмкін. Ал менің өмірімді өзгертіп, қағазға жазылған нақты жоспар, мақсатсыз жылды да, күнді де бастауыма себепші болған сөз ол: «Адам өзіне табыстар мен жетістіктерді жоспарламаса, өмір оған еш қиындықсыз сәтсіздік пен кедейлікті жоспарлайды». Міне, көп адамның ақшасының аз болып, өмір сүру стиліне көңілі толмай таршылықта өмір сүруінің ең негізгі себептерінің бірі – ол адамдардың табысты боламын деген нақты жазылған мақсаты да, қалай жетемін деген жоспары да жоқ. Салынар үйдің сызбасында баспалдақ болмаса, салынған үйде баспалдақ қайдан болсын? Сізде жоспар мен мақсат болмаса, сізге ұнасын, ұнамасын, сіз мақсаты бар адамның айтқанын істеуге, оның мақсатын орындаудағы құралы болуға мәжбүр боласыз. Не үшін? Өйткені сіздің қолыңыз бос, болашағыңызға жоспарлаған мақсатыңыз жоқ. Өмірлік мақсат-жоспары жоқ адам тура қаңбақ сияқты, анда-мында жүре береді. Қаңбақты сайдан-сайға жел айдаса, мақсатсыз адамды өмірлік жағдайлар ойға-қырға жетелейді. Қаңбақтың бүгін ана сайда, ертесі мына сайда жүретіні секілді, адамдар да осы жылы менеджер, екі жылдан соң мұғалім, одан кейін журналист болып жүре береді. Мұндай қаңбақ сияқты істен-іске секіре беретін адамдар үлкен нәтижеге жете алмайды. Неге десеңіз, бір іс немесе белгілі бір жоба бойынша үлкен нәтиже шығарып, ел мойындайтындай шын шебер болу үшін ол жұмысқа орта есеппен жеті-он жыл шамасында уақыт бөлінуі керек. Бұл – сарапшы ғалымдардың пікірі. Сонда ғана таңдап алған сала бойынша таңғажайып жетістіктерге жетуге болады. Қазақтардың басты кемшілігі қандай? Неге біздің еліміз өсіп-өркендеу жағынан кенжелеп келеді? Неге көп адамның кәсіп бастауы, биікке көтерілуі қиын? Өйткені қазақтардың «мен бәрін білемін, идея көп қой» деген ойы артқа тартуда. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деп қалмақтың бір қарғысшыл адамының Абылай ханға айтқан осы қарғысы алдымызға келіп жатқандай. Қазір біздің қазақ қайтеді? Әрине, «бәрін білемінге» басады. Бірақ «бәрін білемін» деп жүріп, көбін құрдымға кетіріп алғанын аңдамай қалады. «Мақсаттың не екенін мен білемін, менің алдыма қойған мақсатым бар» дейтіндер көп. Ал шындығына келсек, «білу» деген «оқу» емес, «қолдану» дегенді білдіреді. Яғни сіз мақсатты қолданып, оны кәдеге жаратып жүрмесеңіз, мақсаттың не екенін мүлдем білмеген адамсыз. Тура сол сияқты, егер сіз кемінде 5 жылға жоспар құрмаған болсаңыз, жоспар дегеннен бейхабарсыз. Сондықтан адам үнемі өз саласы бойынша білім алуға ұмтылуы тиіс. Өзі білмегенді өзгелерден сұрауға арланбауы керек. Бәрі бала тәрбиелеп отыр, бірақ бала тәрбиесі жайлы білімін кеңейткен жоқ, ізденбеді. Егер әрбір ата-ана бала тәрбиесі жайлы кітаптарды, газеттегі мақалаларды көп оқыса, білімін жетілдірсе, олардың балалары «вундеркинд» болып, өз саласының білікті маманы болар еді. Осы сәтте мынадай кеңес берсем деймін. Өз ісінің шеберлерінен ғана ақыл сұраңыз. Мысалы, сіз жолдасыңызбен ренжісіп қалдыңыз делік, кімнен ақыл сұрайсыз? Сізден өмірлік тәжірибесі аз болмаса, көп емес құрбыңыздан сұрайсыз. Өзінің көргені мен көңілге түйгені аз құрбыңыз сізге қайбір кеңес берсін!? Дәл сол секілді, яғни кәсіп бастауды немесе белгілі бір іспен айналысуды жақыныңыздан немесе досыңыздан сұраған боларсыз? Олар кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен адам ба еді?! Сондықтан тек өзіңіздің салаңызға қатысты, кәнігі маманнан ғана кеңес сұрап үйреніңіз. Үй салсаңыз – архитектордан, отбасыңызда қиындық болса – психологтан, басыңызға іс түссе, заңгерден ғана кеңес сұраңыз. Неге бизнесте кризиске ұшыраймыз? Мұның да себебі бар. Жасыратыны жоқ, қазір жұрт кризисті тек қаржылық қиындықтармен ғана байланыстырады. Шындығында олай емес, кризистің түрі көп. Ол екі адамның арасындағы (отбасылық) қарым-қатынас кризисі, білім кризисі, қаржылық тапшылық, ішкі жандүние тоқырауы және тағы басқа жағдайлар. Қаржылық кризиске тоқталатын болсақ, қазір доллардың көтерілуіне, мұнай бағасының күрт құлдырауына байланысты елімізде қымбатшылық қалыптасты. Соның салдарынан халықтың бұған дейін алып жүрген жалақысы немесе отбасылық кіріс көлемі бұрынғыдай күнделікті қажеттілігіміз үшін жетпей қалды. Алпауыт Қытай елі кризисті екі мағынада түсінеді екен. Яғни олар үшін кризис – «проблема» және «мүмкіндік». Қытай халқында адамдардың дағдарыстан қиналмай шығу-шықпауы кризисті қалай қабылдағанына, соған қарсы әрекет етуіне байланысты деген түсінік қалыптасқан. Бірақ ойланып қарайтын болсақ, кез келген сыртқы әлемде болып жатқан нәрсенің бәрі – ішкі жандүниенің көрінісі. Қаржылық кризис – рухани кризистің және білім тапшылығының нәтижесі. Мәселен, сіздің жеке компанияңыз бар делік, бірақ соңғы кездері кіріс көлемінен шығыны артып кетті. Оның себебі неде? Өйткені сізде өнімді өндіруге немесе өткізуге, маркетингтік жүйені құруда тың идея жоқ. Ал идея мотивацияның жоғынан туындайды. Сондықтан адамда ішкі мотивация болса, ол ешқашан берілмейді, тың идеяларын өнімін дамытуға арнап, әр таңын мотивациямен бастап, кризистің ауылынан алыс болады.

Аманжол Рысмендиев, кәсіпкер