Жаңалықтар

Болмысы бөлек Байтасов

Болмысы бөлек Байтасов

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген өнегелі өсиетін жиі айтамыз. Алайда шын мәнінде Отанымыз үшін көзсіз ерлікке бара аламыз ба? Бір Құдай білсін. Дейтұрғанмен өмір болған соң сан түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Өйткені айналамызда жүрген адамның бәрі жақсы болуы неғайбіл. Олай деуімізге бейбіт күнде көз жұмған батырларымыздың қазасы себеп болып отыр.

Қалай болмасын ел тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан қаһарман ұлдардың қажыры мен қайраты кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі болары анық. Сол қатардағы ақиқатшыл, отаншыл оғланның бірі – Ғазиз Байтасов. Ғазиз Әбдібекұлы өзінің ерлігі арқылы нағыз патриот ұлтының мақтанышы бола алатын ержүрек екенін дәлелдеген тұлға. Ғазиз Байтасовтың елі үшін, жер үшін шыбын жанын шүберекке түйіп арпалысып, өз жанын құрбандыққа шалуы кім-кімді болсын толғандырмай, ойландырмай қоймайды. Көргеннің сүйегін сырқыратып, естігеннің жүрегін ауыртқан 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында орын алған қайғылы оқиғаны ешкім ұмыта қойған жоқ. Өйткені 12 қараша қара басының қамы емес, қара халқының тыныштығын ойлап, полиция капитаны, облыстық полиция департаменті жол-патрульдік полициясының жеке батальоны 1-взводының командирі Ғазиз Байтасовтың қала тұрғындарына үрей туғызған террористі ұстау барысында ерлікпен қаза тапқан күні болатын. Сол күні Ғазиз Әбдібекұлы басқарған топ бес қаруын асынған қылмыскер Мақсат Кариевтің ізіне түседі. Кенет әлгі қылмыскер Қазыбек би көшесіндегі «Орталық гастроном» жанына тоқтап, оқ жаудыра бастайды. Сол сәтте Ғ.Байтасов көлігін тоқтатып, сыртқа жүгіріп шығып, террориске қарсы оқ атады. Алайда лаңкес сол маңда тұрған бір көліктің артынан айнала беріп, Ғазиздің кеудесінен атады. Абырой болғанда, Ғазиз де атып үлгереді. Аса ауыр жараланған Ғ.Байтасов қылмыскердің қолындағы гранатаны байқап қалады. Сөйтіп, бейбіт тұрғындарға төнген қауіпті сезіп, өз өмірін аямай, Кариев жаққа қарай ұмтылады. Бірақ өкінішке қарай, қасындағылардың өмірі, халқының тыныштығы үшін аянбай күресіп, қылмыскерді жерге құлатқан сәтте лаңкестің қолындағы граната жарылады. Оқиға осылайша қайғымен аяқталған болатын. Полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа қаза тапқаннан кейін ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Саналы ғұмырында сара жол салып үлгерген Ғазиз Әбдібекұлы 1971 жылы 3 сәуірде қазіргі Тараз қаласында дүниеге келген. 1988 жылы Байзақ ауданының Түймекент ауылындағы орта мектепті бітіріп, 1989 жылы Жезқазған қалалық әскери есепке алу және шақыру басқармасынан әскери қызметке шақырылып, старшина шенімен елге оралады. 1997 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалын, 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін бітіреді. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1992 жылы 11 мамырда Жезқазған облыстық атқару комитеті ішкі істер департаменті жол полициясының жол-патрульдік қызметінің инспекторы лауазымынан бастайды. 1998 жылы Тараз қаласы ішкі істер департаменті жол полициясының инспекторы болып тағайындалады. Осылайша құқық қорғау органдарында 20 жылға жуық жұмыс істеп, екінші және үшінші дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, 25-тен астам наградалармен марапатталады. Ал 2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында болған террорлық шабуылдың алдында ғана Ғазиз жұма күні майор атағын алу үшін құжаттарын жинап жатқан болатын. Амал қанша, тағдыры тар кезеңнен күтіп алған Ғазиздың сол күні дәм-тұзы таусылды. Алайда артындағы әріптестері мен ел-жұрты батырдың ерлігін ұмытпау мақсатында Тараз қаласындағы Қазыбек би көшесінің бойынан ескерткіш тақта орнатты. Сүйегі жерленген Тектұрмас жақтағы бейітке қызыл граниттен 5 метрлік ескерткіш қойды. Сонымен қатар өзі оқыған Түймекент ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепке халық батырының есімі берілді. 2019 жылы мамыр айында облыс орталығына мемориалдық тақта орнатылып, сол жылдың 3 қыркүйегінен бастап Герцен көшесі Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов көшесі болып өзгертілді. Ал қазан айында облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ғимаратында және облыстың барлық қалалық, аудандық полиция бөлімдерінде Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың «Ерлік бұрыштары» ашылды. 2012 жылдың желтоқсан айының басында қала сыртында Ғазиз Байтасов атындағы облыстық полиция департаменті оқу-жаттығу полигоны жұмыс істей бастады. Бұл жерде де батырға ескерткіш орнатылған. Айта кету керек, тәуелсіздік жылдары облыстық полиция департаментінің 70-ке жуық қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған. Соның бірі әрі бірегейі – Ғазиз Байтасов. Әлі де Ғазизды әріптестері есіне алса, батырлық пен халқына адал қызмет көрсетудің үлгісін көрсетті деп мақтанышпен айтады. – Ерлік пен өрліктің хас үлгісін көрсеткен батырларды мадақтау, олардың алдында бас иіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың бұлжымас парызы. Бүгінгі тыныш өміріміз, тәуелсіздігіміз осындай батырлық пен өрліктің белгісіндей болған батырлардың ерен еңбегі деп білеміз. Бейбіт күннің әр сәтін бағалау қажеттілігін бәріміз сезінуіміз керек. Қазақ полицейі қызметтік міндеттерін атқару барысында 700-дей қызметкерінен айырылды. Қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жантәсілім еткен полиция қызметкерлерінің есімдері мәңгілік жадымызда сақталады. Соның ішінде қандықол лаңкесті тоқтату барысында халқының тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен жерлесіміз, Қазақстанның Халық қаһарманы атағына ие болған бірегей полицей Ғазиз Байтасовтың да ерлігі тарихқа алтын әріппен жазылды. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» екендігін тағы да дәлелдеген батыр әріптесіміздің жанқиярлығы талай жүректерге от тастап, намыс найзағайын ойнататыны шындық. Шын батыр сын үстінде танылады. Батылдық, отансүйгіштік, ұстамдылық, табандылық, қайсарлық – нағыз батырлардың қасиеті. Өлім қаупі төнсе де рухын жоғары ұстап, басына төнген қауіптен жалтармай, қоғамдық мәнді мақсаттарды негізгі борышым деп есептеген Ғазиз Байтасов басшылық тарапынан 25 рет марапатқа ие болып, қалтқысыз қызметі үшін медальдармен марапатталды. «Ер есімі – мәңгілік ел есінде» деген де осы шығар, – дейді облыстық полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абзал Ширимбеков. Әрине, аз ғана ғұмырында асқан ерлігімен Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсеткен қаһарман қазақтың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз. Жылдар өткен сайын батырдың атағы аспандай береді. Өйткені ол өзінің ғана емес, барлық қазақстандық полицейлердің абыройын асқақтатып, тыныштық сақшыларына халық сенімін ұялатқан тұлға. Достары да оның мұндай ерлікке баруының өзі бала кезден қалыптасқан мінезден болса керек деп топшылайды. – «Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» демекші, ел абыройын бұлқынған намыс пен жұлқынған жігермен ақтық демі қалғанша қорғаған Ғазиз Байтасовтай қаһарманның бейнесі жадымызда жаңғырып, оның бойындағы отаншылдық сезім қазіргі сапта тұрған жамбылдық полицейлерге қолдау көрсетіп тұрғандай. Қарапайым адам полиция қызметкері бола алмайды. Бейбіт өмірдің тыныштығын бұзған лаңкестерді құрықтау барысында арыстай азаматтарымыз көз жұмды. Олар бұл қызметке арыстандай айбатты азаматтар ғана келетінін дәлелдеп кетті. Нәтижесінде сап түзеген полицейлерге деген сенім арта түсті. Ал енді Ғазиздың жеке өмірі туралы айтатын болсам, екеуміз бір сыныпта оқыдық. Кейін бірге қызмет істедік. Ғазиз бала кезден өте ұқыпты, дарынды болатын. Сондай-ақ кез келген істе өзінің белсенділігімен көзге түсетін. Расында, оның жасаған бұл ерлігі осы заман батырына лайықты іс деп санаймын. Әрине, мұндай ерлікке форма киген жанның бәрі бара бермейді де. Мысалы, сол қылмыскер деген адамды да жалғыз Ғазиз көрген жоқ. Айналасындағы қаншама адам көрді. Бірақ олар ондай ерлікке бара алған жоқ. Демек, ерлік есеппен жасалмайды, – деп еске алады досы Шайзат Әліпбаев. Иә, елі үшін еңбек етіп, бірақ оны бұлдамайтын адамдар шын мәнінде елдің мақтаны, ұлттың патриоты деуге болады. Ғазиз Байтасов та, міне, сондай ерлердің қатарында мәңгі ұрпақ есінде сақталмақ.

Ш. Әбдірұлы